Әлеумет

Шымкентте қыз-келіншектер кәсіп ашуда белсенді

Біздің кейіпкер

Кәсіп бастауға ниет еткендер үшін Шымкентте мүмкіндік мол. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалар мен арнайы жеңілдіктердің бары тұрғындарға кеңінен айтылып, насихатталуда. Соның айғағы болар, бүгінде өз кәсібін ашып, бала-шағасын асырап, нәсіп тауып отырғандар саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Сондай жандардың бірі – Тілләкүл Қарсыбаева. Ол «Күміс алқа» және «Құрмет» орденінің иегері.

– 2015 жылы аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен алған қаржымды кәсіптің көзіне айналдырып, бүгінде кәсіпкер ретінде салық төлеп жүрмін. Қазіргі атаулы әлеуметтік көмектен бұрын «Өрлеу» деген бағдарлама болды. Алты баланың анасы ретінде осы көмек қаржыға қол жеткізіп, оған бір тігін машинасын алдым. Өзім тігіп-пішуге жақын болғандықтан алғашында көрпе-төсек жаймалары, қыз жасауын тігіп, үйден тапсырыс алып отырдым. Өзімді осылай жұмыспен қамтыдым. Үйдегі ең жақын көмекшілерім – отағасы мен балаларым болды. Кейіннен атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасына берген өтінімім қабылданып, оның қаржысына 8 тігін машинасын алып, кәсібімді кеңейттім. Үйінде бос отырған 2 келіншекті жұмыспен қамтыдым, — дейді ол.

Осылайша Тілләкүл ашқан шағын цехта көрпе, қыз жасауы, төсек-жаймалар тігіліп жатты. Оны сататын орын болмағасын аздап қиналғаны да бар. Десе де кәсіпкер келіншектің өтінішіне дер кезінде құлақ асқан қалалық әкімдік мамандары базарлардың бірінен дүңгіршек қарастырып берді. Орталық «Қырғы» базарынан орын алған Тілләкүл аз уақытта өзі тіккен бұйымдарды алыпсатарсыз, тікелей саудаға шығарып, бағасы қолжетімді әрі сапалы болғасын қысқа уақытта өз клиенттерін қалыптастырып алды. Ары қарай мемлекеттің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, компьютерлі-автоматты тігін машинасын сатып алды. «Осылайша сапасы түрік көрпелерінен кем түспейтін өнімдерді шығара бастадық» дейді ол. Қазір Тілләкүлдің тігін цехында 8 адам жұмыс істейді. Бұл біздің мемлекетіміздің қолынан іс келетін азаматтарға жасап отырған қамқорлығы мен мол мүмкіндігінің жарқын көрінісі.

Айта кету керек, Шымкент қаласында биыл алғаш рет «Мен – кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 100-ден астам қыз-келіншек іскерлік курсына қатысып келеді. Кәсіпкерлік курстарын өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастырған. Палата өкілдері қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша конкурстар жариялап, шымкенттік бірнеше кәсіпкерлік субъектісі тапсырысты ұтып алған. Олардың арасында тігіншілік, маникюр, массаж, кондитер және СММ бағыттары бар. Мысалы, Art School тігін академиясында бүгінде 20-дан астам қыз-келіншек оқып жатыр. Арасында жеке кәсіпкерлер де, енді өз ісін бастауды ойлап жүрген тұрғындар да бар. Тігін мектебінің тәжірибелі мамандары оларға ісмерліктің қыр-сырын үйретеді. Сабақ теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да өтеді.

– Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма 8 жылдан асты. Алдымен отбасылық кәсіп ретінде аштым. Өзім көп балалы анамын, бесінші перзентімді босанғанда оларға киімді тек сатып ала бермей, өзім де тігіп беруді ойландым. Ондағы мақсатым – әрі қаржы үнемдеймін әрі өз қызығушылығыммен айналысамын. Осылайша басында отбасылық тігін ательесі болып ашылып, кеңейе келе адамдарды оқыту туралы ұсыныстар түсті. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық адамды оқыттық, – дейді Art School тігін академиясының бас директоры Нулифар Сайдуллаева.

Кәсіпкерлік курсты өтіп жатқан ұйымның тағы бірі – Oliva кулинариялық студиясы. Мұнда да 20-ға жуық қыз-келіншек қатысып, дәмді тағам пісіріп, жартылай фабрикат өнімдер әзірлеуді меңгеруде.

– Кәсіпкерлер палатасында қаламыздағы қыз-келіншектердің қажеттіліктеріне байланысты оқу курстары қолға алынған. Осы курстарда жыл соңына дейін 120 қыз-келіншекті қамту жоспарланып, ол кезеңімен іске асып жатыр. Әр курста 20-дан астам қатысушы болады. Олар – жеке кәсіпкерлер немесе өз ісін ашқысы келгендер. Шектеу жоқ, курсқа ісін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі кәсіпкерлер де қатыса алады. Оқу – тегін. Ал мерзімі курс түрлеріне байланысты. Алдағы уақытта СММ курсы басталады, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімнің бастығы Айдана Бейсебекова.

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының «Жаңа экономикалық саясат» атты бірінші бағдарында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға арнайы тоқталып, кіші және орта бизнес өкілдеріне қолдау жасауды нақты тапсырған болатын. Сол тапсырманың орындалуы Шымкентте осылайша жүзеге асып, көрініс беруде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *