Шымкентте бүгінде 1 274 296 тұрғын бар. Олардың ішінде МӘМС-ке тіркелгендер саны – 1 051 776. Сақтандырылмағандар саны 222 520 адамды құрайды. МӘМС-ке тіркелуге қатысты насихат жұмыстары тұрақты жүргізіліп, тиісті есептер алынып келеді.
Шымкенттің стационарлық медициналық ұйымдарында 1 976 027 таңбаланған дәрілік зат қабылданған. Бүгінгі таңда олардың 1 394 988-і айналымнан шығарылған. Осы маркировка жұмыстарының арқасында қаладағы 1500-дей тіркелген дәріхананың саны 615-ке дейін азайған. Яғни бәсекеге қабілетсіздері нарықтан шыққан.
Қаладағы онкологиялық аурухана жанынан арнайы орталық, клиникалық аурухана жанынан коррекциялық орталық, «Қайтпас – 1» шағынауданында 500 адам қабылдай алатын «Атамекен» медициналық орталығы сияқты бірнеше жобалар іске асырылып, пайдалануға берілген. Қосымша бірнеше жоба үшін жер бөлінген. №4 емхананың жаңа ғимаратын салу, материалдық-техникалық базасын жаңғырту және пайдалану туралы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бар. Бұл – ұзақмерзімдік жоба, инвестиция көлемі 1 080 000 000 теңге көлемінде. Сонымен қатар, осы жоба аясында 2026-2028-жылдарға №9, 10, 11, 12-ші қалалық емханалардың ғимараттарын салу жоспарланып отыр.
Ваучерлік жүйе қатаң қадағаланады
Биылғы жылы еліміздің 6 өңірінде қосымша білімді ваучерлік жүйеге ендіру бойынша жұмыстар басталған. Шымкент қаласы осы өңірлер қатарында. Оқушылар сарайы, мектептегі қосымша білім, музыкалық мектептер, спорт мектептері – осының бәрі қосымша білімге жатады. Бұрын спорт, мәдениет және білім басқармалары арқылы іске асырылатын мемлекеттік спорттық, шығармашылық, білім беру тапсырыстары болған. Осы үшеуінде белгіленген тариф үш түрлі болып келген. Білім беру тапсырысы бойынша бекітілген тариф 14 439 теңге болса, тура сондай шығармашылық үйірме мәдениет басқармасы тарапында 19 мың теңге көлемінде бекітілген. Бір бюджет, бір бала, бір үйірме бола тұра баға әрқалай. Қосымша білім нысандарының басым бөлігі негізінен қаланың орталығында орналасқан. Қалаға қосылған 41 елді мекен балаларының оларға қатысу мүмкіндігі болмай келген.
Шымкентте осындай кемшіліктерді анықтап, зерттеп-зерделеу, түзету мақсатында пилоттық жоба қолға алынып отыр. Соның нәтижесінде үйірмеге баланы, жаттықтырушыны сыртынан жазып қою, 1 баланың 7 бірдей үйірмеге баруы, 1 жаттықтырушының бірнеше үйірмеде сабақ беруі сияқты құйтырқылықтар анықталған. Тіпті 78 жастағы жаттықтырушы «бар» екені анықталыпты. Жағдайын сұрағанда ол кісінің біреуді жаттықтырмақ түгілі, үйінен шығуы мұң екені белгілі болған. 13 жастағы «ата-аналар», би үйірмесіне қатысатын 2 жастағы бала «бар» екен. Мониторинг жасағандар, сондай-ақ, 1 топта 1 ғана бала жүргенін, 50 балаға арналған жерде 150 бала жаттығып жүргенін көріпті. 1 баланы үш-төрт өнім беруші өзіне жазып алған, балалар сабаққа қатыспайтын, қызмет мүлде көрсетілмейтін жайлар белгілі болыпты.
Бұрын өнім жеткізуші ваучерді өзі алып, не істейтінін өзі біліп келген болса, енді ваучер балаға берілетін болып отыр. Ол кімді таңдайды, 6 ай жүзуге бара ма, дзюдоға бара ма, волейбол немесе футболға бара ма – өзі біледі. Ваучерді жоғалтпайды, 5 күннің ішінде рәсімдейді, бір мекемеден екінші мекемеге өз қалауы бойынша өте береді. Процесс толығымен ата-аналардың бақылауында болады. Нақты төлем баланың сабаққа қатысуына қарай жасалатын болады. Мұның бәрін мектепте орнатылған ақпараттық бағдарламалық кешен арқылы қадағалауға мүмкіндік бар. Тарифтер базалық қаржыландыруға 15 мың теңге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға – 22 500, мүмкіндігі шектеулі балаларға 30 мың теңге көлемінде бекітілген. Кейінгі екі санаттағы балаларға өнім жеткізушілер тарапынан осыған дейін бірде-бір қызмет ұсынылмаған екен. Қазір Шымкентте ондай 13 384 бала бар.
Бұл салада өнім жеткізушілердің көбінің өз ғимараты жоқ екені белгілі болып отыр. Енді оларға «ғимаратқа құжаты, білім беру бағдарламасы, терроризмге қарсы қорғанышы, заңды тұлғаның тіркеуі болуы, мониторингтен өтіп, өнім берушілер қатарына қосылуы, қарызы, сотқа қатысты міндеттері болмауы керек» деген сияқты бірқатар талаптар қойылады. Баланың жасына, ғимараттың өрт қауіпсіздігіне, тағы басқа жайларға қатысты талаптар қайта қаралып, зерделенген. Үйірмеге қатысатын баланың жасы нормативтік құжаттарға сәйкестендіріліп, 4 жастан 6 жасқа дейін көтерілген. Бұл оның балабақшамен қоса үйірмеге де баруы арқылы екіжақты қаржыландыру орын алмауы үшін де керек.
Д. ОРАЗ.
