Басты жаңалықтар Білім, ғылым

ҚАРАҒҰСОВА ҒАРЫШҚА БАРЫП ҚАЙТТЫ

Қазақстандық Данна Қарағұсованың ғарышқа ұшқандығы туралы хабар бүгінде назардан түспей тұр. Ол – кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымын атқарған, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаты болған Гүлжан Қарағұсованың қызы. Данна Қарағұсова коммерциялық ұшуға қатысты.

Сапар құны – 500 мың долларға дейін

Д.Қарағұсова ғарышқа әйгілі АҚШ миллиардері Джефф Безос басқаратын «Blue Oriqin»  әуе-ғарыштық компаниясының «New Shepard» кемесімен Техастағы ғарыш айлағынан ұшты. Кеме бортында одан басқа Джефф Элджин, Клинт Келли, Аарон Ньюман есімді АҚШ азаматтары мен украиналық Виталий Островский және тағы бір адам болды. Ұшу сапарының құны шамамен 500 долларды құрайды деген сөз бар.

Кеме бортында кәсіби ғарышкерлер болмады, ол автоматты түрде, дербес басқарылды. Яғни ғарыш кемесін – дербес басқарылатын капсуланы 40 шақырым биікке дейін сутегі мен оттегіге негізделген сұйық отынды қозғалтқышы бар көпреттік қолданылатын зымырантасығыш жеткізді. Сосын ол Жерге оралды. Ал капсула сол бетімен Жер орбитасы мен ғарыш арасындағы «Карман сызығы» деп аталатын шартты шекарадан жоғары көтерілді. Яғни Жер бетінен 100 шақырым биікте болды. Ұшу сапары 11 минутқа созылды. Сосын капсула Жерге беттеді. Капсуланы арнайы парашюттер мен тежегіштер қауіпсіз жылдамдықпен Жерге жеткізді.

Д.Қарағұсова бұл сапарының өзі ұзақ жылдар бойғы айналысып жүрген зерттеу жобасының бір бөлігі екенін атап өтті. «Адамзаттың болашағы ғарышпен тығыз байланысты. Бұл миссия менің ұзақ жылдардан бергі айналысып жүрген зерттеу жобамның бөлігі және арманыма жасалған қадам» деп жазды ол ұшар алдында өзінің жеке парақшасында.

Ал Д.Қарағұсова Жерге оралған соң оның ұлы Айтуар Әлібеков жеке парақшасында: «Оралды. Қазақстан мен ТМД бойынша алғашқы ғарыш турисі. Сүйемін және мақтан етемін сені, Мама!» – деп хабарлады. Д.Қарағұсованың өзі: «Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес… Ғарыштан кейін басқаша болып ораласың – жаның ашылып, жүрегіңді шексіз ризашылық кернейді», – деп бұл сапардан алған әсерімен бөлісті.

Бизнеспен айналысады

Осы орайда Д.Қарағұсова туралы жарияланған деректерге көз жүгірттік. Ол 1984-жылы Алматыда өмірге келіпті. Фархад, Дамир есімді ағалары бар. Дамир Романов «Қазақстан алюминийі» компаниясын басқарады. Даннаның өзі Ұлыбританияның жоғары оқу орнын бітірген, экономист. 2005-2007-жылдары Лондонда «Food Contract Corporation» компаниясының өкілдігін басқарған. Кейін елге оралып, «First Media Groyp» маркетингтік холдингін ашқан. Ол белгілі блогер әрі бизнесмен Бейбіт Әлібековпен тұрмыс құрған. Бірақ үш балалы болған соң ажырасып кеткен.

Д.Қарағұсова кезінде қоғамдық қайырымдылық қорында еңбек еткен, компания басқарған. Жарияланған деректерге қарағанда, бүгінде медиа, дистрибуция және іс-шараларды ұйымдастыру бағытында бизнеспен айналысады. Ол мықты альпинист ретінде әйгілі Килиманджаро және Эльбрус шыңдарына да шыққан.

Д.Қарағұсова бүгінде құрамында телеарна, төрт радиостанция, төрт басылым мен екі агенттік бар «First Media Groyp» маркетингтік холдингінде жұмыс істейді. Ол Батыс елдері «жұлдыздарының» Қазақстандағы концертін ұйымдастырумен де айналысады. Өткендегі Дженнифер Лопестің біздің елге келуінде де Д.Қарағұсованың еңбегі бар.

«Карман сызығы» дегеніміз не?

Құрамында Д.Қарағұсова бар ғарыш туристері Жер бетінен 100 шақырымнан астам биіктегі «Карман сызығы» деп аталатын Жер атмосферасы мен ғарыш арасындағы шартты шекараға дейін барып қайтты. Ол – тропосферадан, стратосферадан, озон қабатынан, мезосферадан жоғары аумақ. Туристер сол аумақта Жерді аспаннан тамашалады, бірер минут салмақсыздық күйін бастарынан өткерді.

Жеке компаниялар жарысып жатыр

Джефф Безос басқаратын «Blue Oriqin»  әуе-ғарыштық компаниясы осыған дейін «Карман сызығынан» жоғары 80 адамды апарып келген. Оның туристерді ғарышқа апарып келген алғашқы сапарында аукционда сатылған билет құны 28 миллион долларға дейін жеткен болатын. Бүгінде билет құны 200 – 250 мың доллар аралығын құрайды деседі. Кей деректерде 450 – 500 мың доллар деп те айтылып жүр.

Ал, жалпы, ғарыштық туризм бойынша сапарға ең алғаш рет 2001-жылы АҚШ бизнесмені Деннис Титоның барғаны мәлім. Бұл үшін Тито 20 миллион долларға шығынданған. Ол Жерден 400 шақырымнан астам биікте жүрген Халықаралық ғарыш станциясында 8 күн болып келген еді.

2022-жылы Илон Масктің компаниясы ғарышқа 4 туристі апарып келген. Олар ғарышта 15 күн болған. Арада екі жыл өткесін Маск компаниясы ол жаққа екі жеке астронавтты апарып келді. Олардың есімдері ашық ғарыш кеңістігіне шыққан алғашқы туристер болып тарихта қалды. Яғни олар өздері отырған арнайы капсуладан сыртқа шығып, біраз уақыт ғарыш кеңістігінде болды.

Ал «Карман сызығы» аумағына туристерді апаруда жекелеген ғарыш компанияларының жұмыстары назар аударарлық. Мысалы, Джефф Безостың компаниясы биылғы сәуір айында бортында 6 әйелі бар ғарыш кемесін ұшырған еді. Онда Безостың әйелі Лорен Санчес, Гейл Кинг, Айша Бо, Аманда Нгуен, Керриан Флинн және поп-әнші Кэти Перри болды. Ал Джефф Безостың өзі компанияның ұшқыш басқаратын ғарыш кемесімен 2021-жылы ұшқан болатын.

2021-жылы мұндай сапарға «Virqin Galactic» компаниясының негізін қалаушы, британдық миллиардер Ричард Брэнсон да өздерінің «VSS Unity» ғарыш кемесімен барып қайтқан.

Бүгінде коммерциялық ғарыш сапарларын ұйымдастыру бағытында жоғарыда аталған екі компанияның, сондай-ақ әйгілі Илон Масктің «SpaceX» компаниясының арасында бәсеке қызуда. Әсіресе Безос пен Маск компанияларының бәсекесі жылдам қарқын алып келеді. Маск компаниясының «Falkon» зымырандары осы уақытқа дейін 500-ге жуық ұшуларды іске асырған, ал «New Shepard» ғарыш кемесінің ұшулары әзірге 80-нің төңірегінде болып тұр.

Қысқасы, бүгінде кей елдер өзінің ішкі туризмін өркендете алмай жатса, дамыған кей елдердің жекеменшік ғарыш компаниялары ғарыш аумағына жол салудан жарысуда.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *