Шымкентте шағын және орта бизнестің көлемі артып, соған сай салық түсімдері де көбейіп отыр. Өз жұмысын жолға қоюдың арқасында мемлекетке миллиондап салық төлеп отырған кәсіпкерлер бар.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кезекті баспасөз мәслихатында баянадады.
Осы орайда бірыңғай кешенді бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілмек. Алдағы қараша айында бұған қатысты конкурс өткізу көзделген. Оған әлеуметтік кәсіпкерлік қызметшілері және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері, яғни шағын және орта бизнестің өкілдері қатыса алады. Конкурстың ашық әрі әділетті болуын мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған комиссия қадағалайтын болады. Тиісті аудио- және бейнежазбалар жүргізіледі. Қосымша екі адам байқаушы шақырылады. Конкурс бастан-аяқ электрондық үкімет веб-порталы арқылы «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесінде электронды форматта ұйымдастырылады.
Дүйсен ОРАЗ
