Елімізде туризмді дамытуға қолайлы өңірлер жеткілікті. Оңтүстік, яғни Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бұл бағытта көп жұмыстар атқаруда. Алайда, «әттең-ай» дегізетін жайттар әлі де жетерлік.
Жалпы, саяхаттаушылар көрген-білген жерлерінің, қыдырып келген мемлекеттің тарихына, төл ерекшеліктеріне, салт-дәстүріне, жер-су атауларына көп мән береді. Өкінішке орай, бұған біздердің өзіміз жіті мән бермей жүрміз. Жер-су, елді мекен атауларында ала-құлалық көп. Жартыкеш жарнамалар да жетерлік. Жарнама демекші, біз өзіміздегі құндылықтардан бұрын өзгенің мақтанышын жарнамалауға құмармыз. Мәселен, Шымкенттің орталық көшелерінен Ташкенттегі «Magic City» ойын-сауық орталығы туралы менмұндалаған жарнамаларды көруге болады. Ал Ташкентке қанша рет барып жүріп, Алматы, Астана, Түркістан немесе Шымкентке шақырған жарнама кездестірмедім.
Бір танысым «Тараз қаласынан шыққаннан бастап Шымкентке келгенше киелі Түркістанға қалай баратыны, қанша шақырым қалғаны туралы бірде-бір мәлімет жоқ, есесіне Термезге қанша шақырым қалғаны сәт сайын алдымыздан шыға берді» деген еді. Бір жолы Тараздан қайтқанда осыған әдейілеп назар салдым. Рас екен. Кейбір жарнамалардың, орталық атауларының күлкі тудыратынын, кей жағдайда ашу шақыратынын қайтерсіз! «Тараз қаласындағы Абай сауда орталығы ғимаратының маңдайына латын әрпімен «АВАY MALL sһopping center» деп жазып қойған. Тұрғындар оны «Абай мал» деп оқып, «мұны жазған адамның өзі мал» деп наразылық білдіруде. Шетелдің мағына бұзар осындай сөздерін сән етпей, қазақша жазуға болмайды ма?», — дейді тараздық Дүйсен Кәрібаев есімді азамат. Жалпы мұндай түсініксіз жазуларды тек Таразда емес, Қазақстанның кез келген қаласынан кездестіруге болады.
Тағы бір тіл жанашыры, шымкенттік Балтабай Дүйсен маңдайшалардағы қате жазуларға байланысты жанайқайын былайша жеткізді: «Қазақстанның оңтүстігі мен батысын жалғастыратын Шымкент-Самара автомобиль жолдарында тұрған әрбір белгі — жай ғана бағыт көрсеткіш емес, ол біздің мәдениетіміздің, сауаттылығымыздың, мемлекетке деген құрметіміздің айнасы. Мәселен, Шымкенттен Түркістанға бара жатқан жолдағы Төрткүл елді мекеніне кіре берістегі Екпінді ауылының атауы «EKPINDI» және «YEKPINDI» деп екі түрлі жазылған. Осыны көрген сайын жүрегім сыздайды. Бұл — ұсақ қате емес, тұтас елдің абыройына түскен дақ, мемлекеттің мәдениетіне сын.
Жолдағы әрбір жазу — елдің бет-бейнесі. Әрбір қате — сауатсыздықтың дәлелі. Мұндай олқылық Қазақстанды сырт көзге ұятқа қалдырады. Мемлекеттік тілдің қадірін түсіреді. Жауапты мекемелердің салғырттығын көрсетеді. «ҚазАвтоЖолға» бірнеше мәрте ескертілгенімен, мәселе шешілмей отыр. Халықтың ашу-ызасын тудыратын бұл жайт — ұлттық намысқа тиетін мәселе болып тұр. Жол белгілеріндегі қатені түзету — ұсақ шаруа емес, ұлттық абыройды қорғау. Жолдағы жазу — елдің айнасы».
Көше бойындағы, маңдайшалардағы қате жазулар жайында біздің басылым аз жазып жүрген жоқ. Бірақ, жөнделіп, біріздендіріліп жатқанын байқамадық. Жанайқайымыз жаңғырық күйінде қалуда. Біреу айқайлап жатса да, біреу еңіреп жыласа да, біреу сынап, біреу мінеп жатса да міз бақпайтын мінез қанымызға сіңіп кеткен жоқ па екен осы? Еститін Үкімет, құлақ салатын билік қайда?!
Балқы БАЗАР.
