Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, қолайлы өмір сүру салтын дамытуда Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойған міндеттемелері аз емес. Әсіресе, халқы тығыз қоныстанған мегаполис қалалар көш басында, өзгелерге үлгі көрсетуі қажет. Ал, елімізде үшінші мегаполис қала атанған Шымкентте бұл міндеттің үдесінен шығу үрдісі қалыптасқан.
Алдымен қала әкімі жеке қабылдауына келген тұрғындардың талап-тілектерін сараптай келе, қай аймақта қандай түйіткіл барын анықтады. Тұрғындардың өтініші бойынша жол, жарық, газ, су сияқты коммуналдық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету, ескіні жаңарту, жоқ аумақта құрылыс бастау жоспары пысықталған. Сол жоспарға сәйкес қазір Тұран ауданында 20,3 шақырымды құрайтын 33 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл аталған ауданда жалпы ұзындығы 24 шақырымнан тұратын 41 көшеде ирригациялық арықтар салу жоспарланған еді. Соның ішінде, бір ғана «Қазығұрт» шағын ауданы бойынша 16 көше толық жөнделіп бітті. «Ақжардағы» 8 көшенің, 112 орамдағы 6 көшенің де мәселесі шешілген.
Сала мамандары қалған 8 көшенің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп отыр.
Тұрғындардың талап-тілегін саралаған кезде Шымкентке Сайрам ауданынан кейінгі жылдары қосылған Қызылсай ауылы аумағындағы елді мекендердің тұрмыстық түйіткілі бірден еске түседі. Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде осы аумақтағы теміржолдың астынан өткел салу бірнеше жылдан бері сиырқұйымшақтанып, жүзеге аспай келе жатқан жоба болатын. Енді міне, бұл нысанның да құрылысы қарқын ала бастады. Апта басында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қызылсай тұрғын алабындағы темір жол асты өткелінің құрылысын арнайы барып тексерді. Құрылыстың сапасына мән берген қала басшысы инженерлік желілердің қайта қалпына келтірілуін пысықтады. Сәтін салса бұл өткел көлік қозғалысын жақсарта түспек. Қазір құрылыс жұмыстарының 55 пайызы атқарылған. Жобаға сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Шымкенттік тұрғындардың тұрмыстық түйткілінің тағы бірі – кәріз жүйесі. Әсіресе, жаңадан бой көтерген шағынаудандарда кәріз жоқ. Оның салдары тұрғындар үшін біршама қиындық тудыруда. Мысалы, Нұртас шағынауданында тұратындар тезірек кәріз жүйесінің іске қосылғанын қалайды. Құрылыстың қалай жүріп жатқанын тексеруге барған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты мамандарға жобаның жоспарлы уақыттан кешікпей пайдалануға берілуін тапсырды. Қазір құрылыс басында 60 адам, 15 арнайы техника жұмыс істеуде. Мамандар жұмыс көлемінің 67 пайызы аяқталғанын айтты. Жобаға сәйкес 62,6 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылады.
Ал Тассайда газ құбырын тарту жұмыстары жүруде. Бұл құрылыс 2021 жылдың соңында басталған. Бүгінге дейін мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жұмыс көлемінің 84 пайызын атқардық деп отыр. Тұрғындар тарапынан құрылыстың сапасына көңілтолмаушылық болса тиісті сала мамандары мердігерге сын айтуға міндетті. Қала басшысы да осыны талап етті. Мамандарға жобаға жауапкершілікпен қарауды ескертті. Бұл жобаның қуаттылығы – 12.5 м3/сағ. Ал ұзындығы 68,8 шақырымды құрайды. Нысан келесі жылдың 1-тоқсанында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 3 345 абонент көгілдір отынмен қамтылатын болады.
Айтпақшы, Шымкентте алғаш рет топырақ жолға асфальт төсеу жұмыстары жүруде. Мамандар бүгінгі заманауи технологиялар бұған мүмкіндік береді деп отыр. Ал сапасы қалай болады? Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала мамандарымен бірге бұл құрылыстың да барысын көзбен көріп қайтты. Әзірге, топырақ жолға суық ресайклерлік өңдеуден кейін тұтас эмульсиялық минералды қоспасының 2 қабатын төсеу тәжірибесі қолданылуда. Жол эксперимент жүзінде 400 метр қашықтықта Таңбалы тас көшесіне салынуда.
Мамандар «эксперименталды жолдың сапасы жақсы» деп отыр. Артық-кемін енді алдағы қыс анықтайтын болады. Егер қыс мезгілінде мәселе туындамаса, бұл жаңа әдісті қаладағы барлық топырақ жолға қолдану жоспарлануда.