Жоқ! Мемлкеттік сатып алу мәселесі десе бірден-ақ мұнда да «Шымкенттік вариант» деріңіз мүмкін. Алайда, мәселе сіз ойлағандай емес екен.
Шымкенттің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифинг болып өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алексей Колосков, Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қанат Көлбаев, қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсембаев, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Бақберген Құралбаев және бірқатар қалалық басқарма басшылары арнайы қатысты. Жиынды қала әкімдігінің ресми өкілі – әкім орынбасары Сәрсен Құранбек жүргізіп отырды.
Шымкент бюджетінде тапшылық жоқ
Брифинг негізінен бірқатар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімдігіне қатысты жарияланған кейбір келеңсіз пікірлерге арналды. Бірінші кезекте қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовке сөз беріліп, ол Шымкент бюджетіне қатысты баяндама жасады. Биыл бюджет кірісі 850 миллиард теңгеден асқан. Қазынаның артуына қалаға тартылған инвестиция көлемі мен өндірістің артуы, кәсіпкерлік субъектілерінің қарқынды өсуі әсер етіп отыр. «Бүгінгі таңда қала бюжетінде тапшылық жоқ», – деп нақтылап өтті А.Кәрімов.
Қалада 3000-нан аса коммерциялық нысандарға және базарларға, мейрамханалар мен тойханаларға талдау жүргізілген, олардың нақты табыс көлемдері анықталған. Бюджетке кірістің біраз бөлігін осы нысандардан түскен қаржы құрап отыр. Қала бюджетінің дербестігі артып, 56 пайызға жеткен. Жалпы, алдағы 5 жылда Шымкентті донор қалаға айналдыру жоспары бар. Бюджеттің 50,3 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, көлік инфрақұрылымына да қомақты қаржы бағытталып отыр. Бірқатар денсаулық сақтау саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, көлікпен қамтамасыз етуге, күрделі жөндеуден өткізуге, қызметкерлердің өз елімізде және шет мемлекеттерде біліктілігін арттыруға, қажетті мамандар даярлауға, мектептер салуға, мектептерді жөндеуге, балабақшаларды қажетімен қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік қызметті, ауыл шаруашылығын, индустриалдық аймақтарды, мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға тиісті көлемде қаржылар бөлінген. Ақша қалада 3000 бейнебақылау камераларын орнатуға, 159 білім мекемелерін осындай құрылғылармен қамтуға да бағытталады. Шымкенттің бес ауданы әкімдіктеріне жұмсалатын және қала әкімдігінің резервіне алынған қаржылар жөнінде, сондай-ақ түрлі бағыттар үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаржылар жөнінде де нақтылап айтылды. Қысқасы, А.Кәрімов бюджет түсімі мен одан қай салаға қаншалықты қаржы бағытталатынын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Автоматты түрде анықтайды
Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әкімдікте өткізілетін барлық мемлекеттік сатып алулар орталықтандырылғаны, адами фактор қатыспайтын рейтингтік балдық жүйе ендірілгені айтылды. Ашық конкурс кезінде конкурстық комиссия тек біліктілік талаптарын айқындау үшін, соған балл қою үшін ғана қарайды. Ал конкурс өткізу кезінде арнайы порталдағы рейтингтік балдық жүйе жеңімпазды конкурстық комиссияның, адамдардың қатысуынсыз, автоматты түрде анықтайды. Ол компанияның қаржылық мүмкіндігі мен тұрақтылығын, басқа конкурсқа қатысқан-қатыспағандығын, тағы да басқа критерийлерді есептей отырып жеңімпазды автоматты түрде нақтылап береді.
Сондай-ақ бақылау жұмыстарын күшейту мақсатында мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жұмыстарын жүргізетін ақпараттық бағдарлама енгізілген. Яғни мемлекеттік сатып алу жұмыстары жариялы түрде, ашық өткізілуде. Соның арқасында бұл бағыттағы арыз-шағымдар, сотта қаралатын даулар әлдеқайда азайып отыр.
Жиынға қатысқан басқарма басшылары өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар жайларды, ережелер мен талаптарды түсіндірді, барлық конкурстардың заң шеңберінде, ашық, адал өткізілетінін айтты.
Ірі жобаларды іске асыруда қаржылық жағынан тұрақты, мүмкіндігі мол, салыққа көбірек қаржы құятын компанияларға басымдық беріледі. Бұл әрбір жұмыстың дер кезінде әрі сапалы орандалуына жол ашады. Ұтып алу мүмкіндігі жоғары бола тұра аз сомадағы конкурстарға қатысу ірі компаниялар үшін тиімсіз. Олар аз көлемді конкурстарға қатысуға мүдделі емес.
Қысқасы, мемлекеттік сатып алуға өзінің әлеуетіне қарай кез келген компания қатыса алады. Бұл тұрғыда ешқандай да шектеу жоқ. Жеңімпазды анықтауға мемлекеттік сатып алу басқармасының да, әкімдіктің де ешқандай қатысы болмайды. Барлығы да заң аясында, заң нормалары сақтала отырып жасалуда.
Жалған ақпарат таратпаңыз
Аз қамтылған отбасылар үшін 379 пәтер сатып алуға жарияланған ашық конкурстың неге бірнеше мәрте өткізілгені де түсіндірілді. Олар үшін нарықтан пәтер сатып алуға мемлекет бекіткен тариф (230 мың теңге) бойынша қатысуға ешкімнің құлқы жоқ. Қала әкімдігі қалалық мәслихатпен бірлесе отырып тарифті 350 мың теңгеге дейін көтерген. Дегенмен қаладағы құрылыс компаниялары бұл тарифті де өздеріне тиімсіз санайтын сияқты, олар конкурсқа қатыспай отыр.
Өйткені қала қарқынды дамуда, баспанаға сұраныс бар, олардың құны қымбат. Ал әкімдік өз тарапынан тарифті 400 мыңға көтере алмайды.
Дегенмен әкімдік бұл бағыттағы жоспарды да орындаймыз деген ниетте. Былтыр осындай 1430 пәтер сатып алынған.
«Құрылыс, күрделі жөндеу, техникалық қадағалау бойынша жүріп жатқан конкурстарға кей компаниялар жұптасып қатысады, басқаларға жол бермейді» деген сөздерге де жауап берілді. Яғни бұған байланысты конкурсқа да оншақты компания қатысқан, жеңімпаз рейтингтік балдық жүйе арқылы анықталған. Конкурсты қайсысының әлеуеті жоғары, сол ұтып алған. Бұған да құрылыс басқармасының, мемлекеттік сатып алу басқармасының, қала әкімдігінің еш қатысы жоқ. Жол жөндеуге қатысты өткізілген конкурсқа байланысты айтылған сынға да осындай жауап берілді. Яғни конкурсты талаптарға сай келетін, жобаны іске асыруға әлеуеті жеткілікті компания заңды негізде ұтып алған.
Жолаушылар көлігін дамыту кешенді схемасын әзірлеу бойынша конкурсқа бір-ақ компания қатысып, заң талабына сай жеңімпаз деп танылған. Биыл күшіне енген жаңа заң бұлай етуге рұқсат етеді. Себебі конкурсқа басқа компаниялар қатыспаған. Яғни бұл салдағы конкурстарға бәсеке аз, конкурстар ұзақмерзімді және қысқамерзімді болып, 10 жылда және 3 жылда бір мәрте өткізіледі. Оның үстіне елімізде мұндай жұмыспен айналысатын компаниялар саусақпен санарлықтай ғана.
«Бір компания бір күнде үш конкурсты жеңіп алған» деген сөзге қатысты да жауап берілді. Яғни
газ анализаторын, детектор сатып алуға биылғы ақпан айында 4 лот бойынша конкурс жариялаған. Оған ешкім қатыспаған. Наурызда өткізілген конкурсқа бір лот бойынша бір ғана компания қатысқан. Сәуірде өткізілгеніне де ешкім қатыспаған. Содан кейін бір лотты жеңіп алған компанияға ұсыныс білдірілген. Ол келісіп, басқа лоттар бойынша жұмыс жүргізуді де міндетіне алған. Бүған да жаңа заң жол ашып отыр.
«Отау строй» компаниясы электр желілерін салу бойынша 4 миллиард теңгеге келісімге ие болды» деген сөзге қатысты да түсіндірілді. Яғни бұған байланысты конкурс рейтингтік балдық жүйемен өткен. 9 компания қатысқан. Әлеуеті сай, заң талаптарына сай деп «Отау строй» танылған.
Кей аумақтарды газбен қамту бойынша өткен конкурстар төңірегінде айтылған сынға да жауап берілді. Бүгінде қала аумақтары газбен 98 пайыз қамтылып отыр. Сондай-ақ жарықтандыру, жол салу бағытындағы жоспарлар да 100 пайыз дерлік орындалу үстінде.
Жиынға қатысқан қаламыздағы құқықтық және қаржылық-аудиттік қадағалау құрылымдарының өкілдері де өз кезегінде заңдылықты қамтамасыз етуде атқарып жатқан жұмыстары жөнінде айтып өтті. Брифингті қорытындылаған С.Құранбек мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты жалған ақпарат таратушылардың қажет кезінде заң алдында жауап беруіне тура келуі мүмкін екенін тағы да ескертті.
Д. ОРАЗ.