Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны Шамшат Ыдырысовтың инсульт алып, төсек тартып жатып қалғанына 6 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде талай рет ауруханаға жатты, әр түрлі ем-дом қабылдап келеді, бірақ, сауығатын емес. Орнынан тұра алмайды, тамақты өзі дұрыстап жей алмағандықтан көмекші белгіленген. Дәрігерлердің пікірінше, науқастың жазылуы екіталай, оң өзгеріс байқалмайды. Солай болса да мүгедектікке шығармай отыр екен. Ендеше жыл сайын денсаулығын дәрігерлік комиссиядан өткізудегі мақсат не? ВТЭК мамандарын жұмыссыз қалдырмау ма?
Ш.Ыдырысовтың жұбайы Баршагүл Ыбыраева күйеуінің хал-жағдайына қатысты былай дейді: «Әрине, сауығып кетсе деген арманымыз, үмітіміз бар, бірақ, 6 жылдан бері жағдайы өзгеріссіз. Дәрігерлер де дәрменсіз. Бірақ, мүгедектікке шығару қиындап тұр. Биыл өмірбойына бірінші топ мүгедектігін беретін шығар деп отырмыз. Бір түсінбей отырғанымыз — дәрігерлер төсек тартып жатқан науқасқа «енді жазылмайды» деген сылтаумен қарамай қойды. Амал жоқ дәрігерді ақысын төлеп шақыртамыз, тағайындаған дәрілерді де сатып аламыз. Қан қысымына байланысты есепке тұратындықтан соны басатын дәріні ғана тегін аламыз. Сонда кезінде ел игілігі үшін еңбек етіп, қазынаға тиісті салықтарын құйып отырған адам науқастанғанда мемлекетке керек болмай қалды ма? Әлде ауырған адамдардың барлығы өле беру керек пе? Жазылмайды деген сылтаумен дәрігерлік бақылаудан бас тарту қандай заңда көрсетілген? Адамгершілік, кәсіби міндет тұрғысынан алғанда да ақылға қонымсыз ғой. Науқас адамды көмекке мұқтаждар тізімінен шығарып тастай берсек, Қазақстанда адам құқы аяқасты қала бермей ме?».
Баршагүл Мәдірейқызының айтып отырғаны жөн. Сырқаттанған адамды емдеуден, дәрігерлік бақылаудан шығарып тастайтын болса Конституциядағы «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деген алғашқы баптағы басты ереженің бекер болғаны ма? Біздіңше бұлай болуы мүмкін емес. Бәлкім, дәрігерлердің біліксіздігі немесе өз ісіне жауапкершілікпен қарамау фактісі бар шығар? Қалай болғанда да көзі тірі адамға дәрігерлік көмек көрсетпей қою – заңсыздық, керек болса – қылмыспен тең. Ендеше, бұл мәселені Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы назарға алып, науқас адамға қажетті көмек қолын созады деген үміттеміз.
Біз өз кезегімізде Шымкент қаласындағы №7 емхананың бас дәрігері, жоғары санатты білікті дәрігер Нұрлан Жаңабаевқа хабарласып, осындай келеңсіз жағдай орын алғанда не істеу керектігін сұрадық. «Шынайы жағдайдың қалай болып жатқанын мен білмеймін, білетінім – ауыр науқасқа бірінші топ мүгедектігі алғашқы бес жылға уақытша, ал одан кейін комиссия қорытыныдысымен өмірбойына берілуі керек. Бұл аралықта сырқат ауруханаға жатып, дәрігерлердің бақылауында болмаса, оны алып тастауы да мүмкін. Ал енді дәрігерлердің төсекте жылдап жатқан адамды ақылы емдейміз дегені дұрыс емес. Инсульт алған адам «Д» есебіне алынады. Оған белгіленген тегін дәрі, тегін ем түрлері бар. Мәселені оңынан шешу үшін науқастың жақындары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, мән-жайды түсіндіру керек. Жағдай Сіздер айтқандай, болса бір шара көрілуі тиіс», — деді бас дәрігер.
Маманның пікіріне біздің де алып-қосарымыз жоқ. Қалай болғанда да инсульт алып, бірнеше жыл төсек тартып жатқан адамға қатысты «ол енді жазылмайды» деп үкім етіп, қарамай қою – кәсіби міндетіне адалдық танытпау, қала берді адам тағдырына, өміріне немқұрайды қарау болып есептеледі.
Балқы БАЗАР.
