Uncategorized

«СЕРГЕК, ОЯУ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК»


«Біздің сұхбат» айдарымызда бұл жолы өнер өлкесінің өз адамы, рухты ұл-қыз тәрибесінде елеулі еңбек сіңіріп жүрген, айтыскер ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Шымкент қаласындағы «Қаратау» өнер мектебінің директоры Біржан Байтуовпен руханият саласына қатысты мәселелерді сөз  еттік. Оқып көріңіз…

–Біржан Ғаниұлы, кеше ғана тойланған Ұлыстың Ұлы күні – Шымкенттегі наурызнамалық іс-шаралардың басым көпшілігі Сіз басқаратын «Қаратау» өнер мектебінің ұйытқы болуымен өткендей көрінді бізге. «Күміс қалам», «Күміс домбыра», «Күміс көмей» байқаулары Наурызнаманың сәні-мәні болды…

–Бізге ұлттық руханиятты жаңғыртатын іс шаралар ұйымдастыру, өткізу шабыт сыйлайды. Физикалық тұрғыдан шаршағанмен рухани тұрғыдан байыдық, тағы бір тәжірибе жинап, рухани азық ала түстік.

Биылғы Наурыз Президентіміздің тапсырмасымен рухани жағынан мән-мазмұнын байыта түсу мақсатында кешенді жоспар құрылып, онкүндік аясында өте тағлымды іс шаралар өтті.

Шымкентте қала әкімдігі, оның ішінде мәдениет басқармасы тікелей мұрындық болуымен «Қошқарата сейілі» жаңғырып тарихи мазмұн иеленді. Мерекелік әсері мол іс-шаралардың аясында «Күміс қалам», «Күміс домбыра» атты республикалық байқаулармен қатар биыл бірінші рет өнерпаздардың «Күміс көмей» байқауын өткізгенімізге қуанып жүрміз. Алдынғы екеуі төрт жылдан бері өтіп келе жатқандықтан өз жанкүйері қалыптасып қалды, ал алғаш рет қолға алған «Күміс көмей» жобамызға біраз қобалжыған едік. Терме, жыр-дастан, дәстүрлі әндерімізге деген сүйіспеншілік әлі де жоғары екен. Сусап қалған көрерменге жақсы мерекелік тарту болды. Бұл үш жобамыз да бір бірімен үндескен, ымдасқан, жымдасқан өнер додасы. Ошақтың үш бұтындай бір бүтін, керемет дүние болып шықты.

Бастапқыда ұсынысымызды қала әкімдігіне, оның ішінде идеология саласына жауапты Сәрсен Абайұлы Құранбек мырзаға жеткізгенбіз. Жобамыз бірден қолдау тапты. Жоба авторы ретінде мерейімді марқайтқаны да осы қолдау болды.

Көрген ел, байқауға келген халық шын қуанды. Жасыратыны жоқ, поэзия десе, дәстүрлі ән десе тыңдарманы жоқтай көретініміз бар. Олай емес екен. Көрермен қауым шабыттанып, сахнадағы өнерпаздардың делебесін қоздырып, қиқулап отырып тыңдады. Оны көріп өзіміз де шабыттандық.

Айтыстың да жөні бөлек. «Күміс домбыраны» үзбей жылда өткізіп келе жатқанымыздың мақсаты да сол – болмысы бөлек өнерді өрістете түсу. Биылдан бастап «Күміс домбыраның» жеңімпазы аламан айтыс «Алтын домбыраға» жолдама алады.

Сол себепті келер жылы Наурызнама онкүндігінің өң бойын тағы да байыта түсіп, дәстүрлі өнер фестивальін қолға алсақ па деп отырмыз.

 «Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша 10 заң қабылданыпты»

–Айтпақшы, Наурыздан бұрын Бурабайдағы алқалы жиынға барып қайттыңыз. Сұлу Көкше төрінде, Мемлекет басшысының қатысуымен ұлт зиялыларының басын қосқан Ұлттық құрылтай өтті. Сіз сол Құрылтайдың мүшесі ретінде оның барлық жиынына қатысып келесіз. Айтыңызшы, сол Құрылтай жиындарының бірінен бірінің айырмасы бар ма? Құрылтайда айтылған, көтерілген мәселелерден нәтиже шығып жатыр ма?  

–Бұл – Ел Президенті қатысатын, оған бұқараның, халықтың тілегін, мұң-мұқтажын зиялы қауым өкілдері келіп жеткізетін  алтын көпір. Мемлекет басшысына кеңесші болатын үлкен диалог алаңы. Түрлі саланың өкілдері қатысатындықтан мән-мағынаға бай жиын. Онда айтылған, көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қолға алынуда. Оны кеше ғана Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де медиада жариялады. Мысалы, лудоманияға қатысты мәселеде келеңсіздікке жол бермейтін заң қабылданып жатыр. Мен Құрылтайға екінші жылдан бері мүшемін. Осы аралықта байқағаным – Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша 10 заң қабылданыпты. Анау ЛГБТ мәселесін де депутат Еділ Жаңбыршин ағамыздан бастап, қайта-қайта көтеріп, оң жағына қарай шешіліп келе жатқан сыңайлы.

Өз басым Құрылтайда тарихи көне ескерткіштерімізді қорғау, жаңғырту мәселесін көтердім. Өздеріңіз де хабардарсыздар, 800 жылдық тарихы бар «Ақбикеш» кесенесі кеше құлады. Сол мұнара 2022 жылы ғана жөнделген. Құрылтайда осы мәселені көтерген едім, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бірден назар аударып, комиссия құрғызды. Соның нәтижесінде елдегі бүкіл ескерткіштер қайта зерделенетін болды.

Кешегі Құрылтайда Айгүл Орынбек әріптесіміз қаптап кеткен қайырымдылық қорлары туралы мәселе көтерді. Жұмысы заңды, әділ қормен қатар ісі күмәнді, жымысқы ойын білдіртпейтін қорлар да бар. Ол қарапайым халықты алдап-арбаудан бастап елдің ішкі саясатына іріткі салуға дейін бармасына кім кепіл?! Оларға шара көрілуі керек. Бұл Құрылтайда көтерілген мәселелердің бір парасы ғана. Нақты ұсыныстар алқалы жиында жиі айтылады. Ол бойынша нақты шара көріліп, жүйелі жұмыс қолға алынған.

Сіз Шымкент қалалық қоғамдық кеңестін де мүшесісіз. Елдік мәселе талқыға салынатын Ұлттық Құрылтай мен жергілікті жердің мәселесі талқыланатын алаңның айырмасы көп шығар, а?!  Қалалық қоғамдық кеңесте көбіне қай мәселе өзекті ретінде жиі қозғалады? Қоғамдық кеңестің ұйғарымына әкімдік, жергілікті билік құлақ аса ма?

–Иә, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің төртінші шақырылымның мүшесімін. Бұл кеңеске 2 рет сайлануға мүмкіндік бар. Жақында ғана екінші рет қайта сайландым. Бұл кеңес – Ұлттық құрылтайдың жергілікті жердегі кескіні. Бұрын қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелерге билік жәй, жүрдім-бардым қарайтын болса, қазір Мемлекет басшысы қоғамдық кеңесте айтылған мәселеге мән беру керектігін ескертіп, өзі де қадағалап отырғандықтан, кеңестің мәртебесі артуда. Содан да болса керек, кеңес мүшелері елдің базынасын ортаға салуда жауапкершілік жүгін сезіне бастаған. Қазір кеңес басқарма басшыларының есебін қадағалап, қала бюджетіне келісім беретін дәрежеде. Қаланың бас жоспарына, бюджетіне, басқармалардың бюджетіне қоғамдық кеңестің келісімі керек.

–Сөзіңіз аузыңызда, былтыр коммуналдық қызметтердің тарифі талқыға салынғанда, тұтынушылардың наразылығы ашық айтылып жатты. Әсіресе судың бағасы біраз дау-дамай тудырған-ды. Алайда, бәрібір сол тариф бекітіліп кетті емес пе?

– Су тарифі қоғамдық кеңесте қызу талқыланып, кеңес мүшелері бұл тарифті бекітпей жіберген. Оның қалалық мәслихатта қалай бекітілгенін білмеймін. Ақыры, қазір көріп отырғандарыңыздай сол дау болды. Бұдан бөлек қаладағы бір мектептің қайта жаңғыртып, жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңге қарастырылғаны да қызу талқыланды. Бұл ақшаға жөндеу жұмысын жүргізбей, жаңасын салуға болады емес пе? Ал олар жөндеу мен қосымша ғимарат салуға сонша қаржы сұрап отыр. Алға тартатын уәждері «республикалық бюджеттен келісім алып қойдық» дейді. Десе де қоғамдық кеңесте бұл жобаға қаржы бөлуді қабылдамай қойдық. Кейін оның сомасын азайтып, құжатты қайта дайындап келді. Мұндай мысал көп. Қоғамдық көлік, қаңғыбас иттер мәселесі, руханият, мәдениетке қатысты мәселелер көтеріледі.

Білесіз бе, соңғы 5-6 жылда руханият, ұлттық өнердің ордасы, ұлттың ұйытқысы болған Оңтүстікте аламан айтыс өтпей қалды. Мен тікелей осы мәселені көтеріп, нәтижесінде «Күміс домбыра» байқауы қолға алынды. Ал аламан айтыс өткізуді Қала күні қарсаңында ұйымдастырмақпыз. Балалардың рухани азықтан кенде қалмауы үшін қалалық білім басқармасы арқылы «КітапЛайф» жобасы жасалды. Осының бәрі де кеңесте айтылып, талқыланған, кеңестің ықпалымен жүзеге асқан жобалар. Алдағы үш жылда да қаланың мәдени, рухани, әлеуметтік дамуына үлес қосуда аянбай еңбек етемін деген сенімдемін.

«Руханият баланы адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді»

–Төлеген Айбергенов айтқандай: «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу сыздаған барлық жараның» демекші, соңғы кездері қоғамдық шаруалардың басы-қасынан жиі табыласыз. Қызу талқыға түсіп жататын тақырыптар төңірегінде әлеуметтік желіде де өз ойыңызды бүкпесіз білдіріп, қоғамның ащы шындығын қозғайсыз. Өнер мектебінің жұмысы да аз емес. Бәріне үлгеру мүмкін бе?

–«Шығармашылығың ақсаңдап қалып жатқан жоқ па?» дейсіз ғой (күліп) Әрине, ақын болу оңай емес. Елдің басындағы жағдайды жүрегіңнең өткізесің. Алла берген дарынды абыроймен, аманатпен көтеру керек. Десе де «Ақын болу өз еркін, азамат болу міндетің» демекші, қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жай қарамау да азаматтық борышымыз. Қоғамдық өмірде белсендірек болып, үнімізді шығарсақ, сол борышымызға деген адалдығымыз болар. Олқы істерде азамат, ақындарды жинап Президентке дейін үндеу жолдаған кезіміз болды. ЛГБТ бойынша 2 рет үндеу жолдадық. Нәтижесі де жоқ емес, шынында да билік тарапынан қозғалыс бар, оң шешіліп жатқан сияқты. Қала өміріне қатысты мәселеде де өз пікірімізді айтуға тиістіміз. Біз зайырлы, демократиялы қоғамдамыз. Әлеуметтік желідегі пікірлерім үшін қысым көрген жерім жоқ. Ешкім «ана жазбаңды алып тастасаң» демепті. Керісінше, қолдау, қуаттау басым.

Менің мемлекеттік саясатқа қарсы үндейтін емес, керісінше елдік мәселелерді көтеруге, халықты бірлікке шақыратын мәселені жиі қозғап жүргенімді оқырманым жақсы біледі.
Мектеп мәселесіне келсек, өнер ордасын ашу оңай емес. Мектептің ашылғанына 4 жылдан асты. Қазір 732 бала 20-ға жуық өнер түрінен тәлім- тәрбие алуда. Құрманғазы, Дина атында жеке-жеке домбыра сыныптары, Кенен Әзірбаев, Шәмші атында ән сабағы, Майлықожа атындағы айтыс сыныбы бар. Бала сондай дүлдүлдерге қарап бой түзесін деп әр сыныпқа қазақтың майталмандарының есімін әдейі бердік. Сүгір атындағы шертпе күй сыныбында Сүгір атаның шөбересі сабақ береді. Осының бәрі бір қалыпқа келуі үшін мектепте қона жатып істеген күндерім болды. Ғимарат болғанымен мектеп ашу үшін құжаттарын реттеу керек, көз майымды тауыстым, бәрі де 2 жылда түгенделді. Республикада баламасы жоқ жоба, дәл осындай мектеп бізде ғана. Жалғыз.

Рас, мектептің шаруасымен жүріп алғашқы жылдары шақырған айтыстың ешқайсысына бара алмадым. Себебі осынша дүниені тапсырған соң үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіндім. Оның үстіне идея авторы – өзім. 4-5 жыл бойы осындай мектеп ашсақ деп көкейімізде әбден пісіп жүрген, жандүнием қалаған іске қол жеткізгенде оған жүрдім-бардым қарай алмадым. Әр дүниесіне махаббатпен қарадым. Аллаға шүкір, мектебімізге дәл мендей өз ісіне махаббатпен қарайтын мамандар жиналды.

Қазір енді мектебімізге республикамыздың түрлі аймағынан келіп, тәжірибе алмасып қызығатындар көбеюде. Қызылордадан Мамыр Байдәулет деген үлкен азамат ақын бастаған делегация келіп, «Біз де осылай істесек» деп мектебіміздің жөн-жоспарын алып кетті. 8 сәуір күні Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласынан Мәдениет үйі келіп таныспақшы. Басқа шаруасы жоқ. Арнайы тек біздің мектептің жұмысымен танысуға келеді. Петропавлдан Ерік Асқаров атындағы өнер мектебі келмекші. Шығыс Қазақстан, Абай облысынан хабарласып жатыр. «Барып көрсек, бізде де сондай мектеп ашсақ» дейді. Тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі бұл. Осыны көргенде шабыттанамыз. Қуат аламыз.
Жұмыс жолға қойылған соң, Құдайға шүкір, екі жылдан бері айтысыма қайта оралып, басқа қоғамдық істерден де қалып жатқан жоқпын. Былтыр «Алтын домбыраға» да қатыстым. Өскемендегі айтысқа да барып келдім. Бұйырған жүлдемді алып, елдің ақ батасына бөленіп жүрмін.

–Өнер мектебіне Шымкенттің төңірегіндегі ауылдардан да балалар келеді екен…

–Иә, әзірге жалғыз мектеп болған соң жолдың шалғайлығына қарамай автобустың бірнеше бағытын ауыстырып келетіндер көп. Мәселені шешу үшін мұндай өнер мектептерінің көбейгені жөн. Жекеменшік мектептерден ұсыныстар түсуде. «200 баланы берсек, өнерге баулысаңыздар» дейді. Себебі өнер арқылы бала рухани дамиды. Ал руханият баланы адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді.  

–Расында да тәрибе мәселесі бізде осалдап кетті. Себебі, бүгінгі мектеп ұстаздары «біз тек білім береміз, тәрбиені ата-ана берсін» дейді. Жұмысбасты ата-ана «киімін тауып, тамағын ішкізіп жүрмін, білім мен тәрбиені мектеп берсін» дегенді алға тартады. Осы көзқарастан біз тәрибені осалдатып, қазақы тәрбиенің мәйегін тіпті жоғалтып алғандаймыз…

–Бұл жүрегімізді ауыртып тұрған мәселе. Кешегі Абайдың заманындағы, болмаса бабаларымыздың кезіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген тәрбиенің уақыты өтті. Балаға «тәйт» деп сөйлесең заңмен қорқытып, жауапкершілікке тарту белең алуда. Құдай бетін аулақ қылсын, әкесі тұрып баласы сөйлейтін, шешесі тұрып қызы бақшаңдайтын заман боп барады. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы» деген желеумен заңдар қабылданды. Соның кей талаптары маған отбасы институтын қиратуға әкеле жатқан қауіпті құбылыстай көрінеді. Бірақ, қиындықты жеңуге, арпалысып өмір сүруге тырысайқ. Кеше әке баланы қабағымен ықтыратын болса, қазір баласына мейрімін көбірек беретін заман. Кеше ана қызын 40 үйден тыйып ұстайтын болса, енді қызымен сырласатын уақыт жетті. Бала тәрбиесіне де «заман өзгеріп кетті» деп босансуға болмайды. Осы заманға сай шешімдерді, жаңа заманауи тәрбиелердің үлгісін қалыптастырайық. Бұл мәселеде бір сәтке ғапылдықта болуға болмайды. Әке бұрынғыдан да қағылез, ана бұрынғыдан да ширақ қимылдауы керек.

Мен өзім де көпбалалы әкемін. Бала тәрбиесі оңай емес. Мысалы, біз ата-анамызға «сен мені жақсы көрмейсің!» деген сөзді айтып көрмедік. Ал бүгінгі бала оны ата-анасына ашық айтады. Неге бұлай? Мойындау керек, кейде қателік өзімізден. Күнделікті тіршілік, қоғамдық жұмыс, елдің ісі, көптің тірлігі, жұмыс-жұмыс деп жүріп балаларымызбен сырласпайды да екенбіз. Баламыздың досы кім екенін де білмейміз. Ата-аналар жиналысына бармаймыз. Баламыздың көкейінде қандай арман бар? Одан да бейхабармыз. Оның үстіне біз балаға өз арманымызды тықпалап үйренген ұрпақпыз. «Былай істе, былай болса екен» деп баланы өз арманымызға қарай бағыттап, икемдейді екенбіз. Ал баланың арманы қандай? Оның ойында не бар? Онымен санаспайды екенбіз. Санасып, сырласу керек. Ата-баба тәрибесінен де алшақ кетпей, екеуінің ортасынан шығатын әдемі заманауи қазақы тәрбие қажет бізге. Оны кім қалыптастырады? Оны сіз бен біз қалыптастырамыз. АҚШ-тан немесе аспаннан кеп біреу жасап бермейді. Өзіне жүктелген жауапкершілікті ұмытпай, заманға бейімделген бала тәрбиесінің қазақ моделін ұсынсақ екен. Батыстық модель бізге үлгі болмайды. Ата-баба тәрбиесімен ұштасқан, заманауи, жасанды интеллект заманына сай келетін моделді қазақ қоғамы шұғыл ұсынуы қажет деп ойлаймын. Ұйықтауға тиісті емеспіз. Осыдан 1-1,5 ғасыр бұрын Алаш арыстары Міржақыптардың «Оян, қазақ!» дегені әлі де актуальді. Маңызын жоғалтқан жоқ. Сергек, ояу болуымыз керек.

«Айтыстың шынайы табиғатын қайтару мақсатында…»

Өзіңізді әу баста елге танытқан айтыс өнері. Осы өнерді кейінгі жастарға үйретуде ағалық, ұстаздық та рөл атқарып жүрсіз. Десе де бүгінгі айтыс шынайылығынан айырылып бара жатқандай көрінеді маған. Жалпы, бүгінгі айтысқа қандай баға бересіз? Не жетіспейді? Қандай жетістігі бар?

–Айтыс –  туа бітті бойымызға дарыған өнер. Қолыма домбыра алып,  сахнаға 12 жасымда шықтым. Үлкенді-кішілі додаларда жүргеніме – 20 жыл. Мектебімізде 5-6 баланы қанаттандырып, аламан айтысқа дайындаудамыз. Әр саланың өзінің биігі болады, шарықтау кезеңі болады. Қазақ айтысы Тәуелсіздік алған жылдары шарықтау шыңына жетті. Мұны  2000-2010 жылдар аралығындағы айтыстардан байқауға болады. Бұл айтысты Хан Тәңірі биігіне шығарып тастаған кезең болды. Бекарыстың тапқырлығы, Мұхамеджанның көркем сөздері, Мэлстың арқырап, асау өзендей айтысы, Дәулеткерейдің төкпелігі, Аманжолдың сырбаздығы, Оразалының шешендігі елдің әлі де есінде. Қазақ айтысында болмаған құбылыстар еді. Дәл осы биігінде айтысты әрдайым сақтап тұру да мүмкін емес еді. Технократтық заманға ауыстық. Бұрынғыдай жайлаудағы жылқының, қазақтың көпшелі өмірін көркем образды тілмен жеткізетін айтыстың заманы өтті. Өйткені кешеге дейін қалада тұрса да қазақтың тамыры ауылға байланған заман еді. Ал қазір толық 100 пайыз қалалық адамдар. Көрермен ауысты. Атқа, жылқыға, шаруашылыққа қатысты тақырыптарды қабылдай алмайды. Көрермен 7-8 минуттық видеоны көргісі келмейді. Ұсынылған дүние 1 минуттан асып кетсе көрмей өтіп кететіндер көп. Сол сияқты ұзақ-сонар айтысып отыруды қаламайды ешкім. Ата-апаларымыз қасына шәйнегін әкеліп, шәй ішіп отырып айтысты көре беретін. Қазір ұзақ дүниені көретіндер азайды. Шыдамы жетпейді.

Алайда бұл айтыстың көрермені азайды деген сөз емес. Себебі, кеше Өскеменге, Петропавлға айтысқа барғанда көрдік, зал лық толы. Мың адамдық залдарда 1,5 мың адам сыйысып отырды. Айтыс жаңа заманға бейімделді.

Бірақ бұрынғы шынайылығын жоғалтып алғаны да рас. Көрермен бүгінде сол шынайылықты аңсайды. Ақындар да бұрынғыша «аха-а-а-аа-ау…» деп басталатын мақамдарды жылдам айтылатын мақамдарға ауыстырды. Себебі көрермен жалығып кетеді дедік. Ақындардың мақамдары вацапта 2х-пен тыңдағандай жылдам айтылуы да содан. Одан бөлек, мақамның аздығы.
–Қазақ даласында мақам аз ба?
 –Жоқ, аз емес. Бірақ, бұрынғыдай созып айтатын мақамдар қазіргі айтысқа өтпей қалды. Жылдам, ыңғайлы мақамдар керек болды. Ал мақам деген оңай дүние емес. Ғасырлар бойы қалыптасатын нәрсе. Әр өңірдің, әр ақынның мақамы бөлек. Тыңдарман сол мақамымен ажырататын, көрерменді өзіндік мақамымен баурап алатын.

–Суырып салма айтыста айтыстың ақтаңгерлері болмаса, жаңадан танылып келе жатқан ақындарда әлі де болса жаттандылық, алдын ала жаттап алып, қарсыласымен келісіп алып сахнадан төкпелеп отыру байқалады…

–Мұны да білеміз, білгендіктен де оған да жаңғырту жасап жатырмыз. Олқылықтардың орнын толтыру үшін, айтыстың шынайы табиғатын қайтару мақсатында «Қаратау» дәстүрлі мектебінде бір жылдан бері «Жеребенің жүйрігі» деген жастар айтысын өткізудеміз. Бұл додаға бәрін шақырамыз. Қанша ақын қатысса да шектеу жоқ. 20-30 ақын келсе де сол жерде тіркеп, жеребемен жұптаймыз. Кім-кіммен айтысатынын алдын ала білмейді. Білмеген соң өзара келісіп дайындалып та алмайды. Жеңді, жеңілді деп олимпиадалық талаппен бағалаймыз. Солай, соңғы екі ақын қалғанға дейін жеребемен жұптап айтыстырып, жеңімпаз ақынға 100 мың теңге сыйлық береміз. Орайы келгенде «КерегеГрупп» құрылыс компаниясына, басшысы Сұлтан Битеміров деген азаматқа алғыс айтқым келеді. Ұлттық өнерімізді қолдап, бір жылдан бері тұрақты түрде осы жобаға демеуші болып келе жатыр.
Бұйырса, мамыр айында осы 12 айда жүйрік болған 12 ақынның қорытынды айтысын ұйымдастырмақпыз. Ақындарымыз осы, мастер класс есебіндегі жобамызда өте қатты шыңдалды. Оқушылар арасында  Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткен республикалық «Қола домбыра» айтысының жеңімпазы 6 сынып оқушысы Ислам Әли деген баламыз жеңіс тұғырынан көрінді. Жыр алыбы Жамбылға арналған  айтыста Аятулла Мәжит деген баламыз топтан озды. «Балапан» телеарнасының Наурызнама мерекесі аясында ұйымдастырған айтысына Айша деген қызымыз қатысып келді. Мұның бәрі де жаңағы жеребе айтыстың берген үлкен нәтижесі. Айтыс өнеріне еңді қанат қағып келе жатқан жас ақындарды жаттандылыққа емес, шынайы суырыпсалмалыққа тәрбиелеп жатырмыз. Шіркін-ай, барлық облыста осы жүйемен жұмыс жасаса айтыс өзінің биік деңгейіне қайта көтеріліп, мәңгі жасай береді деген ойдамын.

–Біржан Ғаниұлы, сұхбатыңызға көп рақмет. Өнер мектебінің мақтанышы болар түлектеріңіз көбейе берсін.  

Сұхбаттасқан –Жәмила Жайлаубек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *