Шымкент мешіттері төңірегінен қайыр-садақа сұрап алақан жайып жүретіндерді жиі көретін болдық. Бала көтерген әйелдер мен жас келіншектер де көзге шалынады кейде. Әсіресе жұма намазы, айт намазы күндерінде қарасы артатын оларды көргенде көңілің пәс тартады. «Арасында қайыршылықты кәсіпке айналдырып алғандар бар» деген сөз де ойландырып қояды.
Кей халықта садақа жинау, қайыр сұрау дәстүрі бар деп айтылатыны мәлім. Ал қазақта мұндай көрініс бұрын атымен болмаған ғой. Қайыршылық жасау ел намысына тиетін ұятты тірлік саналған. Тұрмыс тауқыметінен тұралағандарды туыстары, руластары жетелеп, ел қатарына қосатын болған. Ал бүгінде қала көшелерінен, мешіттер маңынан алақан жайып, жұрттан қайыр тілеп отырған кейуаналарды, тіпті жас әйелдерді де көретін болдық. Сонда оларға қарайласатын туған-туысы жоқ болғаны ма? Бұл көрініске жұрттың көзі үйреніп кеткендей.
Бірдеңе беріп қала ма деп жәутеңдеп жүрген адам кім, ол мұндай күйге қалай ұшырады – осыған тереңірек ой жіберетіндер некен-саяқ. Ендеше бұл қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалын қадағалап отыруы тиіс азаматтардың назарында болуы қажет бір бағыт сияқты. Тұрмыс күйі қайыр сұрауға дейін төмендеп кеткен отбасыларды нақты анықтап, оларды тұрақты жалақысы бар жұмысқа орналастыру қажет. Зейнеткерлік жастағы адамның балаларын оған қамқорлық жасауға қатаң міндеттеу керек. Сонда мүмкін қайыр-садақа сұрауға мәжбүр мұңлықтардың қатары кемитін шығар.
Қайыршылық жасауды кәсіпке, масылдыққа айналдырып алғандар болуы да мүмкін. Осының барлығын зерттеп-зерделеп, масылдық өмір салтына бой ұрғандарға қатаң тыйым салып, ал тығырықтан шыға алмай жүрген шынымен де мұқтаж жандарға көмек қолын созу қажет. Әйтпесе қазіргідей заманда олар тұйықтан өз күшімен шыға алмайды.
Шымкентіміз жыл сайын көркейіп, ажары ашылып келеді. Оның осы келбетіне көлеңке түсіретін проблемалар да шешілу үстінде. Біз айтып отырған мәселе де сондай бір тиімді шешімін тапса дұрыс болар еді. Қысқасы, қаламыздағы қамқорлыққа аса мұқтаж отбасылар нақты анықталып, жәрдем шын мұқтажға көрсетілуі керек. Бұл істі «шаш ал десе, бас алатын» науқаншылыққа айналдырмай, қайыр-садақа сұраушылардың мәселесін жаппай қуу, тыйым салу әдісімен емес, терең зерттей отырып шешкен жөн.
Д.НҰРПЕЙІС.