Заң қатал, бірақ әділ болу керек
Түркістан облысының білім саласында бұрын-соңды болмаған былықтардың беті ашылып жатыр. Миллиардтарды меншігіне айналдырғандардың бірқатары темір торға тоғытылса, біразына қатысты тергеу амалдары әлі аяқталмаған. Енді бірқатары сот қарауында. Демек, сотталушылардың қатары әлі де артуы мүмкін.
Әрине, халықтың маңдай терінен құралған ортақ қазынаны оп-оңай қалтасына салып алған қылмыскерге заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да аяушылық болмауы тиіс. Бұл өзіне ғана емес, өзгеге де сабақ болары сөзсіз. Алайда, науқаншылыққа ұрынып, қызды қыздымен жазықсызға да жаза іліп, өзгенің тағдырын талқандаудан абай болған жөн. Біз мұны не үшін қозғап отырмыз, соған тоқталайық.
Өткен сәрсенбіде Сарыағаш аудандық соты 11 адамға қатысты айыптау үкімін оқыды. Бөлімнің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов пен кешеге дейін бөлімді басқарған Дәулет Акатовты, бөлімде лауазымды қызмет атқарған бірнеше қызметкерді сот кінәлі деп тауып, алдын 7 жыл, кейінгілерін шартты жазаға кесті. Оған дейін Созақ аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Нұрәлі Айдаровқа 8 жыл, Сауран ауданының бас ұстазы болған Ақмарал Батырбековаға 7 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шықты. https://ozgepikir.kz/?p=8009
Келес, Бәйдібек, Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарының білім саласын басқарған басшылар мен есепшілерге қатысты тергеу амалдары аяқталып, іс сотта қаралуда. Оларға қатысты соттың үкімі қандай болары уақыт еншісінде.
Жалпы, ұстаздар ісіне қатысты қоғамда «тергеу әділ жүрмеді» деген сыпсың сөздер өршіп барады. Олардың айтар уәжі: қылмысы әшкереленген барлық білім бөлімдері бұған дейін де құзырлы органдардың қатаң бақылауында болды, қаржылық ахуал бірнеше реттен тексерілген. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалмағандығын, қаржы құйтырқылығының орын алмағанын айғақтайтын анықтама да берліген екен. Яғни кеше кінәсіз, бүгін кінәлі. Кінәсі анықталған болса, алдыңғы тексерулердің қорытындысы жалған болғаны ма? Бәлкім, бармақ басты, көз қысты әрекеттер орын алған шығар? Ендеше, неге кезінде жалған қорытынды берген құзырлы орган қызметкерлерінен де жауап алынып, кінәсі анықталса, жазаға тартылмайды? Тағы бір түсініксіз жайт, аудандағы білім бөліміндегілер білгенін істеп, жаппай бюджет қаражатына қол салып жатқанда облыстық білім басқармасының басшылары ай қарап отырған ба? Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деп қазақ тегін айтпаған. Қазынаның қаржысы көрінген ит жалап кететін қақпақсыз қалған қазанның күйін кешкен бе? Біз осы мәселелерге байланысты бірнеше адамның пікірін білген едік.
Өмір Шыныбекұлы, қоғам белсендісі: «Мен заңгер емеспін. Соның өзінде көкейімде Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бір топ қызметкеріне шығарылған үкімге қатысты біраз сұрақ туындап отыр. Егер 2016 жылдан бастап тексерілген болса, сотталғандардың тікелей басшылары Түркістан облыстық Білім басқармасын 2019-2022 жылдары басқарған Р.Жолаев, одан кейін басшы болған Д.Болатханұлының әрекеттері немесе әрекетсіздіктеріне құқықтық баға берілді ме? Сотталушының әйелінің айтуынша, аудандық білім бөлімдері одан бұрын да талай рет прокуратура органдары ғана емес, фискалды органдар тарапынан да тексерілген. Сол тексерулердің қорытындысы сот процесі барысында айтылды ма? Егер аудандық білім бөлімінің басшысы «Антикорға» өзі өтініш жазған болса, бұл заңнамада көрсетілген «қылмысты жеңілдететін мән-жайға» жатады. Сот барысында ол ескерілді ме?».
Тұрғын Айдарбеков, адвокат: «Мен Шардара аудандық білім бөлімінде біршама уақыт басшылық жасаған Әнафия Кадырбекованың қорғаушысымын. Кінәсіз адамды қалайша құрбандыққа шалуға болады?! Ұры жазасын алып, оны түрмеде өтеуі заңды және әділдік болып табылады. Жазықсыз адамның жазаға тартылғаны — әділет принципінің бұзылуына әкеліп соғады. Аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін уақытша атқарған Әнафия Кадырбекова негізсіз, себепсіз жазаға тартылып отыр.
Ә.Қадырбекова өмірін ағарту, білім саласына арнаған. Қайсы ауданда білім саласы ақсаса оны түзету үшін облыстық білім басқармасы Ә.Қадырбекованы сол аудандарға жұмсап отырған. Тіпті Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы сотты болғанда Ә.Қадырбекованы сол бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы етіп бекітіп, 3 айда аталған саланың қызметін реттеген. Шардара ауданының білім бөліміне де дәл осындай мақсатпен жіберген. Кейін Келес ауданының білім саласын тәртіпке келтіріп, қызметін абыроймен атқарған. Басшы ретінде есепшілердің қызметіне сенген, өйткені тексеру органдары тарапынан бұған дейін де тексерулер болып, заңбұзушылықтар анықталмаған».
Бұл мәселеге қатысты өз пікірін әлеуметтік желіде жариялаған елімізге белгілі адвокат Лаззат Ахатовамен хабарласу мүмкін болмады. Бірақ оның желідегі жазбаларынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. «Бізде өзің де жемқор болмасаң, солармен қосылып жемесең, «белая ворона» болып жүргендерді бұл жүйе жұтып жібереді екен. Мысалы, Ұлытау облысында да білім басқармасының басшысы антикорға басқарманы тексеруді сұранып, өзі хатпен шыққан. Жалған дипломы барларды анықтап, жұмыстан шығартып, тиісті органдарға шағымданған. Яғни бара сала білім саласын өзі тазартуға кіріскен. Ақырында, міне, өзін кінәлі етіп, соты болып жатыр. Сарыағаштағы сотталушының адвокаты жариялаған мемлекеттік айыптаушының сот жарыссөзіндегі айыптың дәлелдемесі ретінде келтірген сөзінен үзінді: «…сотталушы «А» қарамағындағы қызметкерлер – басқа сотталушылар мемлекеттік қаржыны жымқырып жатқандығын білмеуі мүмкін емес, сондықтан ол қылмысқа сыбайлас…». Дәл осы негізбен дәлелсіз, нақты фактісіз адамды 7 жылға соттай салған. Тергеуде жауап берген 60 қызметкердің бірде-бірі «басшы тапсырма берді» деп, қарсы «показания» бермеген. НСД тап-таза. Сонда бұл қалай болды, бізде «антикордың» істері бойынша дәлел болса да, болмаса да, «сондай болуы мүмкін» деген долбармен, жобалап соттай салатын болған ба?».
Әрине, сот үкіміне біз дау айта алмаймыз. Өйткені, ол қандай да бір негізге сүйеніп шығарылатыны анық. Қанша дегенмен, қазір үш адамның куәгерлігімен үкім шығарыла салатын 37 жыл емес қой. Бірінші сатылы соттың шығарған үкімінің заңды немесе заңсыз екеніне баға беретін жоғары сатыдағы соттар ғана. Жұрт айтып жүрген күмәннің шындыққа қаншалықта жанасымды екенін апелляциялық, кассациялық соттар анықтайтын болады. Әліптің артын бағалық.
Балқы БАЗАР.