ақшалай сыйлық ала ма?
Жаңа оқу жылы басталды дегенше түрлі пәндік олимпиадалар, оқушылардың білімін сарапқа салар байқаулар легі де басталатыны аян. Осындай білім жарыстарында шәкірті бәйгеден озып келсе ұстазына қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Алдымен, білім бәсекелері туралы аз-кем ақпарат бере кетсек. Мысалы, былтырғы оқу жылында (2023-2024 жж) халықаралық олимпиадаларға еліміз бойынша 700-ге жуық оқушы қатысып, оның 300-ге жуығы жүлдегер атанған. Нақты айтар болсақ, 27 оқушы алтын, 119 оқушы күміс, 151 оқушы қола медаль тағынып, 2 оқушы Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазақстанның құрама командасы әсіресе, математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) 25 орын, математикадан Балқан олимпиадасында (BMO) 3 орын, жасөспірімдер арасындағы математикадан Балқан олимпиадасында (JBMO) 3 орын, қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) 17 орын алған ел.
Ал, енді осындай шәкірттерді тәрбиелеген мұғалімдерге қандай сый-сияпат бар? Елімізде 2022 жылдан бері Президенттің тапсырмасы бойынша әлемдегі ең ірі 7 олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтарға біржолғы сыйақы тағайындалған. Жеті халықаралық беделді олимпиада тізіміне мыналар кіреді: Математикадан халықаралық олимпиада (IMO), Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO), Химиядан халықаралық олимпиада (IChO), Физикадан халықаралық олимпиада (IPhO), Информатикадан халықаралық олимпиада (IOI), Географиядан халықаралық олимпиада (IGeO), Лингвистикадан халықаралық олимпиада (IOL). Яғни, I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақысының 26,5 еселенген мөлшерінде (базалық лауазымдық жалақы 17697 теңге мөлшерінде) сыйақы табыс етіледі. Сол сияқты, II дәрежелі диплом мен күміс медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде сыйақы тағайындалады. Ал, III дәрежелі диплом мен қола медаль иегерін дайындаған педагогқа базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде сыйақы беріледі.
«Жеңімпаз бен жүлдегер дайындаған мұғалім 2024 жылғы көрсеткіш бойынша алтынға 468 970,5 теңге, күміске 309 697,5 теңге, қолаға 150 424,5 теңге алады», – дейді миинистрліктің жауапты мамандары. Бұл орайда оқушыға да сыйақы берілетінін ұмытпайық. Байқауда алтын медаль алған оқушыға 5 538 000 теңге, күміс медаль үшін 3 692 000 теңге, қола медаль үшін 1 846 000 теңге беріледі.
Шәкірті озып келген мұғалімнің аттестациядан өтуіне де жеңілдік беріледі. Республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагогтарға кезекті аттестаттаудан кейін кемінде 2 (екі) жыл өткен соң біліктілік санатын мерзімінен бұрын өтуге мүмкіндік беріледі және мұғалімнің портфолиосында оқушы жетістіктері ұпайлар санымен ескеріледі.