Құқық

«Қиял әлемінің» қиялы көкке ұшты

Естеріңізде болса, бұған дейін де газетімізде Шымкент қаласындағы бірнеше нысанның мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын жазған болатынбыз. Кезінде түрлі шешімдерді негізге алып, ұзақ мерзімге жекеге жалға берілген жер телімдері, нысандар бүгінгі күнге дейін коммерциялық нысан ретінде өз қызметін көрсетіп келгені бар. Алайда бастапқы келісімде көрсетілген талаптар оорындалмаған. Негізгі мақсатынан ауытқып кеткендері де бар. Сондай нысанның бірі — Шымкент қаласының орталығында орналасқан «Қиял әлемі» саябағы.

Нысан иесі, кәсіпкер о баста, нақты айтар болсақ, 2011 жылы Шымкент қаласының орталығында орналасқан саябақтан 4 гектар жер телімін жалға алған. Бастапқы келісім бойынша жалға алушы бұл жерде балалар орталығын салу қажет болатын. Мақсатынан ауытқи отырып, ол «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағын ұйымдастырады. Ал, әр жылдары дәл осы саябақта аттракциондардан құлап кету, қауіпсіздіктің сақталмауынан оқыс оқиғаға тап болу сияқты демалушылар арасында өкінішті жағдайлар орын алды. Тіпті, өрт шығып, салдарынан екі студент пен ересек бір адамның ажал құшқаны тағы бар.

Шымкент қаласының әкімдігі «Қиял әлемі» саябағын құрған ЖШС-ны әу бастағы жалдау шарты талаптарын орындамағанын алға тартып, келісім шартты жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінген. Сот серіктестіктен жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеді. «Бұл шешім заңды күшіне енгеннен кейін әкім саябақтағы заңсыз салынған құрылыстарды ЖШС есебінен бұзып, жер телімін бұрынғы қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Сотта ЖШС жер теліміне орналасқан аттракциондарды, әткеншектерді және басқа да құрылыстарды пайдалануға қабылдау актілерін заңнамада белгіленген тәртіппен ресімдеу туралы дәлелдемелерді ұсынбаған. Осы мән-жайларды, сондай-ақ ЖШС-ның жер телімін заңсыз пайдалану фактісін ескере отырып, талап қоюды қанағаттандырған сот ЖШС-ға рұқсатсыз иеленген 4 га жер телімін ғимараттарды бұзу арқылы бастапқы күйіне келтіріп, босатуды міндеттеді», — деп хабарлады Жоғарғы сот өзінің телеграм каналында.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *