Бас Прокуратураның жіті бақылауында
Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің алдына қойып отырған негізгі талаптың бірі – инвесторларды барынша көп тартып, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру болып тұр. Иә, бұл мақсатта көптеген жұмыстар атқарылып, оң нәтиже де орын алуда. Айталық, бүгінде еліміз бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдесе, Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар 4 еседен астам орындалған.
Иә, инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне, кәсібін кедергісіз жүргізуіне тиісті органдар тарапынан құқықтық қолдау көрсету өте маңызды. Осы мақсатта Түркістанда маңызды жиын өтті. ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров пен мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында аталған лауазым иелері инвесторлармен ашық кездесу өткізді. Нақтырақ айтқанда, жиында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жою, инвесторлардың құқығын қорғау және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Инвесторлар да өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауаптар алды.
Жиында Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартқанын айрықша атап өтті.
— Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілді. Ал оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ал ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Біздің міндетіміз де сол – осы сенімді ақтау. Инвестордың бір мәселесін шешу – бір жобаны сақтау. Ал жүйелі мәселені шешу – ондаған, жүздеген жобаның жолын ашу, – деді Жандос Жәнібекұлы.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің таратқан дерегіне сүйенсек, бүгінде Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдейді екен. Оның ішінде Ұлттық инвестициялық пулда – 175, өңірлік пулда – 44 жоба бар. Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапты. Сонымен қатар, 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылды.
«Прокуратураның инвесторларды сүйемелдеу жұмысының нақты нәтижелерінің бірі – «Central Asia Aluminum Company» жобасы. 4,4 млрд теңгелік алюминий профильдерін өндіру жобасын іске асыру барысында кәсіпорынға қажетті табиғи газ көлемін алу мәселесі шешіліп, нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылды және өндіріс іске қосылды. Сондай-ақ, прокурорлық сүзгі арқылы «Қарқын Трейд» ЖШС-ның 10 млрд теңгеден асатын ет өңдеу зауытының жобасына кедергі келтіруі мүмкін шешімнің алды алынды. Инвестор қажетті рұқсаттарды алып, құрылыс жұмыстарын бастады. Өңірде инвесторлармен тікелей жұмыс та күшейтілген. «Invest Caravan 2026» акциясы аясында қала және аудандарда инвесторлармен 29 кездесу ұйымдастырылды», — деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Бас Прокурордың бірінші орынбасары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі, жүйелі проблемаларды шешу және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері инвесторлардың құқығын қорғаудың негізгі бағыттары екенін атап өтті.
Түркістандағы «Достық үйі» ғимаратында өткен инвесторлармен кездесу барысында облыс басшысы өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
– Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, оларды қорғау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті. Осыған орай, өңірімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфелінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, энергетика, туризм және басқа да салаларында ірі жобалар бар. Біз үшін инвестиция көлемі ғана емес, әрбір инвестордың өңірде өзін сенімді сезінуі аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілерге жол бермеу, кәсіпкерлер мен инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Прокуратура тарапынан инвесторлардың құқықтарын қорғау, заңсыз тексерулердің, негізсіз талаптар мен әкімшілік тосқауылдардың алдын алу бағытындағы жұмысы өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етуде. Біз өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге күш салып келеміз. Жүйелі түрде жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде өңіріміз 7 айдың қорытындысымен экономикалық өсу қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл бірлесіп атқарған ортақ жұмыстың жемісі деп есептейміз. Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдігін қамтамасыз ете отырып, инвесторларға ашық және сапалы қызмет көрсету, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Қанат Қайыпбек облыста инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен нәтижелер туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл облысқа 1,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. 7 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5 пайызды құрады. Осы жылғы I тоқсан қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 115 млн АҚШ долларына жетті. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 2,8 трлн теңге инвестиция тартып, 17 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде, биыл 370 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 5 894 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 7 ай қорытындысымен жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске қосылып, 631 жұмыс орны ашылды.
Кездесу барысында инвесторлар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар сауалдарын қойды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында көрсетіліп жатқан қолдау мен мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді. Бас Прокурордың бірінші орынбасары жиыннан кейін «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инвесторлармен кездесті. Олармен ашық жағдайда әңгімелесіп, заңсыздықтармен бірлесіп күресуді насихат етті.
Инвесторлардың ел экономикасын көтерудегі ықпалы мол. Ал, олардың құқығы мемлекеттік қадағалаушы орган тарапынан қатаң бақыланбаса, түрлі кедергілерге ұшырап, жұмысының тоқтап қалу қаупі де туындауы мүмкін. Сол себепті, Бас Прокуратура мен жергілікті атқарушы биліктің бұл қадамы инвесторлардың жұмысына серпін беретіні сөзсіз.
