Әлем және біз
Қытайға кететініміз 4-5 күн бұрын белгілі болса да соңғы күнге дейін сапарлас досым Нұрланнан қай жеріне баратынымызды сұрамағанмын ғой. Кетер алдын сұрасам «Гуанчжоуға», — деді. Гугл-картаны ашып қалсам, әлемнің ана басы…
Бірінші күн
Нұрлан Құлымбеттен бөлек қасымда Сабыржан Тоғызбаев деген досым бар. Үшеуміз такси жалдап Жаркентке тарттық. Ойымыз — таң ата барып, шекарадан өтіп кету. Таксистіміз сағат 2-лер шамасында-ақ жеткізді. Қонақ үй тауып, 4-5 сағат ұйықтап алып, Жаркенттің автовокзалына бардық.
Екінші күн
Шекарадан тек арнайы автобустармен 5000 теңгеге өтеді екенсің. Жаркент пен Қорғас арасы (Хоргос емес) 30 минуттық ақ жер. Қорғастың базары мен шекара бекетін шатастырмаңыз, екеуі екі жерде.
Шекарадан өту анау айтқандай проблема емес, әдеттегі процедура. Біз барған күні адам аз болыпты. Шекарадан өтіп, 15 юаньнан (осы жерден бастап 61-ге көбейтіп отырыңыздар) төлеп, Қытай жағындағы Қорғастағы Нұрланның айтуынша «Мұндай лағманды өмірлеріңде жеп көрмегенсіңдер» деген жеріне жетіп алдық. Сол жерге вичатпен сөйлескен екі қыз бізге қытай нөмірін алып беріп, оны біздің атымызға тіркеп, вичат орнатып беріп, көмектесті. 50 юаньға 250 гига интернет, барлық территориясында (таудан басқа) 5G ұстайтын тариф салып берді. Ол нөмірді тіркеудің өзі әжептеуір процедура, 30-40 минут кетеді. Бетіңді скандайды, не керек ұзақ. Айтпақшы, ішкі қытайға өте берсең қымбаттай береді бұл қызмет түрі. Үрімжіде – 100, Гуанчжоуда 200 юань. Бірақ тарифтері сол.
Сол жерде отырып Үрімжіге көлік іздедік. Адам басы 400 юань екен. 700 шақырым жол. Алдына бір қытай отырып, үшеуміз артына отырып, жолға шықтық. Жолда Сайрам көлі бар екен. Біздің Сайрам-Өгемдегі көлдер секілді ешқандай су құймайды, ешқайда ақпайды. Жергілік бұлақтардан, тау суымен толтырылады. 100-150 шақырым таумен өтесің. Әлгі Сайрам көлі соның ұшар басында. Тау мен тауды жалғап тұрған Гоцзыгоу аспалы көпірлеріне таң қаласың. Таудың арасында келе жатып туннельге кіріп кетіп, 15 минуттан соң шығасың. Енді керемет. Жол сапасын айтпай ақ қояйын. Бір қыстан соң шұрқ тесік болып жататын «Шымкент-Түркістан» тас жолын көріп жылағың келеді.
Үрімжіге түнгі төртте жеттік. Жеттік те қазақ, өзбектің жақсы көретін қонақүйіне барып жайғастық. Түнгі төртте кірсек ол күн саналмайды екен, 1,5 тәулікке 1 тәуліктің ақшасын төледік. Қонақүй үш жұлдызды. Бірақ, өте жақсы. Таза. Бағасы бізбен шамалас. Шатаспасам сол 15 мың теңге көлемінде.
Үшінші күн
Үрімжінің орталығына бардық. Базарының ішіне кіріп, палау жедік. Нағыз шымкенттікпін ғой. Палауының дәмі керемет. Ондай палауды басқа еш жерден жемедім. Нұрекең қытайға бара беріп, тек лағманға құмартып алыпты. Көрген жерінде отыра қалып лағман жейді. Мақтап отырып жейді. Біз оны түсінбейміз. Базарына қатты қызықпадық. Әдеттегі туристерге сататын кәкір-шүкір. «Базардың ортасына барамыз ғой ертең», -дедік бір-бірімізге. Кешке дейін «Не бар екен?» деп бірнеше базарына бардық. Тапқаным сол, бір аяқ киім алып алдым. Кроссовкимен аяқ ыси бастаған.
Үрімжі 4 миллиондық қала. Өте үлкен. Тәржіма керек емес, ұйғырлармен қазақша сөйлесіп жүре бересің. Бір-екі базарына барғанда «Мына жер бұрын қайнаған» деп айтып қалды. Соған қарап бертінге дейін ТМД саудагерлері осы жерде сауда жасап, кейін ішкі Қытай зауыттарына өтіп кеткен секілді деп жобаладым. Бертінге дейін еш қыспақсыз, жақсы өмір сүріп, кейінгі жылдары қысқан екен. Пенсияда болмаса мешітке бара алмайды, көпшілікте намаз оқи алмайды. Ұйғыр мектебінің бәрін қытай мектебіне айналдырған. Жергілікті қазақтар ұйғырларға «Бәрі болды ғой сендерде, бүкіл жағдайларыңды жасады, нелерің бар еді көтеріліп?!» дейтін көрінеді.
Өзбек әкәләр көп келеді екен. Төсек жабдығы мен халат, жалпы текстиль өнімдерін көптеп алып кетеді екен. Өте арзан әрі сапалы дейді. Егер осы жағында сауда жасаймын десеңіз, ішкі қытайға өтудің қажеті жоқ. «Жоқ, еркекский нәрсемен айналысамын» деп көкірегіңізді керсеңіз, запчасть алып кетіңіз осыннан. Ол да арзан. Арзандығы сонша, таксистер бензинді экономдап (бензин бізден 3 есе қымбат), светофорда моторды өшіріп жүреді. «Мотордың быт-шытын шығарасыңдар ғой» десек, «запчасть ауыстыру проблема емес» дейді.
Әлгі, биік мақсат қойып, аймен сырласатын ақын болмаған соң, қазаққа өрмелеп шығып күн болатын білімпаз болмаған соң, сосын, ия, мәдениетіміз онша емес адам ретінде ұйғырлардың тарихи, мәдени жерін арнайы іздеп көруге бармадық. Интернетте де мәлімет аз екен. Оны да іздеуге ерініп, бас ауған жаққа жүріп, көшені бір айналып келіп, жата қалдық. Мәнті жедік бірақ. Мәнтінің дәмі деген сұмдық. «Дәл осындай мәнтіні өмірлеріңде жеп көрмегенсіңдер» деп сенімді түрде айта аламын. Айтпақшы, Қытайда қалаларға берілген 7-8 дәреже бар екен. Үрімжі 5-ші дәрежелісі екен. Пекин, Гуанчжоу секілді 4-5 қалада 1-ші дәреже бар.
Төртінші күн
«Өздері де сөйтеді ғой» деген ішкі мәмбети ойымыз бар, темекіні шиыра лақтырып, кафеге жайғастық. Не істеді деп ойлайсыздар?! Ия, мәнті жедік. Бұл жолы тіпті асқабақтан он, еттен он деп отырып 40 мәнтіні жайпап тастадық. Эткен шәйін ішіп, саудасын жүргізіп кеткенімізге риза болып, жымия, мейірлене қарап тұрған ұйғыр қызына 100 юанымызды беріп, қонақүйден заттарымызды алып, айырпортқа бардық. «Бұлардың айырпорты үлкен, ертерек барып ұшатын орнымызды тауып алайық», — деген Нұрланның сөзіне еріп барып, 3 сағат па, 4 сағат па жүрдік сандалып ішінде.
Гуанчжоуға ұшақ 5 сағат ұшады екен. Топбасшы-тәржімашымыз (ред: бұдан кейін Самғарбек) метромен келді. Бір есіктен екінші есікке метромен. Ойланшы. Ол келген соң тағы метроға мініп, 1,5 сағат дегенде жерге шықтық. Осыған дейін жер астында жүрдік. Қонақ үйімізге жайғасып, астындағы ұйғыр ресторанынан дапанжы жедік. Легенімен әкеліп қоя салды алдымызға. Үрімжі ұйғырлары тамақты дәмді жасайды екен. Барған орнымыз қазақтар көп жүретін жер екен. Тамақтан қиналмайсың. Қытай тамағын жей алмай осында 30 шақырымнан келіп, тамақ ішіп жүргендер бар.
Бесінші күн
Кешірек тұрдық. Қонақ үйде әтірленіп, ұйғыр ресторанында тамақтанып алып, Кантон көрмесіне тарттық. 50-60 жылдардан бастап өткізіліп келе жатқан көрме. Түсіндіре айтсам, ABCDE секторлары бар, әр секторда 20 павильон. А секторының 2 павильонын ғана араладық кешке дейін. 5 сағат. Масштабын түсіндіре алдым ба? Нақты бір темамен келмесең лағасың. Мысалы Нұрлан (қытайкөрген ғой) нақты бір темамен барып, нақты сол павильондарды аралады. Біз лақтық. Тамақ іздеп тағы біраз лақтық. Қысақасы, лағумен өткен күн болды.
Бүкіл әлем заттарын қойған. Өзбектер де. Бір қазақтың өнімі жоқ. Таксиде 30-шы қабат биіктігінде кетіп бара жатасың. Анадайда Лянг Су терезесінен қол бұлғап тұрады.
Алтыншы күн
Кеш тұрдық. Нұрлан тағы да ерте тұрып, Самғарбек екеуі кетіп қалыпты. Кеш тұрғанымыз себепті көрмеге бармаймыз, базар аралаймыз деп шештік. Көрме 17:00-де жабылып қалады, жетудің өзі 1 сағат. Самғарбектің «иек тұсында» деп көрсеткен базарына 1 сағаттай жаяу бардық. Базары деген… былай түсіндірейін, қаладағы микроаудан көлеміндей жерде тек сағат сатады. Сағаттың миллиард түрі бар. Ең төменгі сападағысы (әдетте бізге осылар келеді) мен ең жоғарғы сападағысы бар. Ары қарай киім, ары қарай тағы бірнәрсе деп кете береді. Киім бағасы біздегіден 3 есе арзан, бірақ 3 есе сапалы. Өздері осыннан киінеді екен. Кешке Самғарбек айтты, пиндуодуо дегеннен тауар алмаймыз, ол қоқыс, — деп. Қалған-құтқан, өтпеген, сапасыз дүниелерін сонда сатады екен. Тура сол жерде тұрған қоқыс жейденің өте сапалысы мына базарындағы бағамен бірдей.
Сауда жасау лайфхактарын да айтты. Бірінші барып бағасын жерге ұрасың, ол басын алып қашады. Сонан кейін айтасың: мен мынаны алғым келіп тұр, бірақ осы бағада ғана ала аламын, — деп. Ол тағы басын алып қашады. Жарайды онда, деп кетіп бара жатқаныңда артыңнан жүгіріп келеді. Осылай түсіру керек екен. Біз айтқан бағасын төлеп жүре бергенбіз ғой.
Жетінші күн
Гуанчжоудағы Контон мұнарасына бардық. Әлемдегі ең биік телемұнаралар ішінде екінші орында екен. Жалпы ұзындығы 600 метр. Бәйтеректен 6 есе ұзын. 300 юаньға 434 метрдегі биіктікке шығып, «Гуанчжоу алақандағыдай» деп отырасың. Одан қымбаты 450 метрде. 2 есе қымбат болды ау деймін. Bubble Tram-ға шығасың. Кешке өзен жағасы өте әдемі. Паром-ресторандарына кірмедік. Қалтада ақша аз қалды.
Айтпақшы, барғанға дейін 3 сағат сандалып тамақ ішетін жер іздедік. Гид-аудармашың болмаса қиын. Қытайлар дым ұқпайды. Тіпті картаны да. Таксистке мына жер деп гугл картаны көрсетсең «шинь қан жө» деп бетіңе қарап тұрады. «Шеше» дейсің де басқасын тоқтатасың. Боқтап жатыр ма, басқа ма түсініксіз. KFC-ді тапқанымызды қайтейін, бургерлері «бұл кімнің бопасии» екен. Алақанның жартысындай ғана.
Жетінші күн. Түн
Билетті алдын-ала алып қойғанбыз. Таңғы 6-да ұшып, Үрімжіге жетіп, түскі 2-лерде Құлжаға жүрдек пойызбен 5 сағатта жетіп, 8-ші күні Қазақстанға өтіп кетеміз деп жоспарлағанбыз. Сол күндері сол жерде цунами басталып, ұшақ ұшпады. «6-да 9-да ұшамыз» деді, «9-да 12-де ұшамыз» деді. «12-де кетемін десеңдер билет ақшасы толық қайтады, кетпеймін десеңдер күтіңдер. Бірақ алысқа ұзамаңдар. Кез-келген уақытта жел басылса ұшып кетеміз» деді. Жұрт шулаған соң ғана печенье мен су берілді. «Тамақ та, қонақ үй де берілмейді» деді. Жаттық. Ашпыз.
Сегізінші күн
12-де ұшатын ұшақ 2-де ұшты. Жүрдек пойыз билеті күйіп кетті. Кешке жетіп мәнтіленіп алдық та (ұшақта тамақ ішуге жиіркендік. Шошқа еті қосылған бірнәрсе өңшең), қытай индрайверімен Қорғасқа шықтық. Таң ата жетіп, шекарадан бері өтіп «уфф» дедік қой.
Сегіз күндік сапарымыз осымен тәмәм.
Данияр Алан