Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Сиырды асылдандыру керек» деген тақырыпта мақала жазған болатынбыз. Онда шетелде бір сауғанда 100-120 литр сүт беретін сиырлардың бар екені айтылып, «Неге бізде де «Зеңгі баба» тұқымын асылдандырмасқа?» деген мәселе көтерілген. Бүгін осы тақырыпқа қайта оралмақпыз.
Әлеуметтік желі арқылы қол жеткізген мәліметтерге сенсек, қазіргі таңда еліміздегі ірі қара саны 8,8 миллион басқа жетіпті. Мұның қаншасы асыл тұқымды? Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында осыдан 2 жыл бұрын асылтұқымды ірі қара мал саны 33 104 бас болып, бүкіл ірі қара мал санына шаққандағы үлесі 7,5 пайызға жеткен екен. Ал биыл олардың саны 42 472 басқа көбейгені туралы oskemencity.kz сайты жазды. Сол секілді асылтұқымды ірі қара Батыс Қазақстан облысында 95 мың, Қызылорда облысында 8385 екен. Ал аграрлық облыс есептелетін Түркістан облысында ше?
Өкінішке қарай, біз іздеген дереккөздерден Түркістан облысында асылтұқымды ірі қара мал санының қанша екенін туралы нақты мәлімет таба алмадық. Негізі бұл мәлімет көпшілікке қолжетімді болуы керек деп ойлаймыз. Осының өзі біздің облыста асыл тұқымды сиырларға қаншалықты көңіл бөлініп жатқанының көрсеткіші болса керек. Мән-жайды осы салада көп тер төгіп жүрген маманнан білейік деген мақсатпен қазығұрттық қария Иса Дадабаевқа (суретте) хабарластық.

«Айтуын айтып жүрміз, бірақ тыңдайтын басшы болмай тұр, – дейді қария. – Менің жасым 80-ге таяды. 60 жыл өмірімді шаруашылыққа арнадым. Қара малды асылдандыру мәселесін осыдан 20 жыл бұрын көтергенбіз. Қателеспесем, 2005 жылдары бір-бір бұқадан берді, оны да сатып алдық қой. Бірақ басқа елден келген малдың жерсінуі қиын екен. Асылдандыра алмадық. Бүгінде қорадағы қара малды асылдандыру үшін қаншама жұмыс атқардым. 30-35 сиырға арнап қора жай дайындадым. Еденіне ағаш төсеу керек деген соң ол талапты да орындадық. Қазығұрт ауданының әкімі ауылшаруашылық бөліміне тапсырды, бөлім басшысының «барып көремін» дегеніне қанша уақыт болды. Қазір бізге керегі бұқа емес. Асыл тұқымды сиыр мен бұқаның арнайы қондырғыда дайындалған эмбрионын қолдағы сиырға салу керек. Мұны бізде іске асыру қиынның қиыны. Әлі де сол баяғы қағазбастылық, қаншама құжат дайындау керек. Ақыр соңы сиырқұйымшақтанып, жоқ болады.
Басқа елдерде бұл үдерістің жүруі өте қарапайым көрінеді. Бізбен серіктес «Фудмастер» компаниясының Франциядан келген өкілі Пьерден сұрап көрдім. Оларда бұл жағдай ешқандай қиындық тудырмайды екен, керісінше көмектесуге құмбыл. Өйткені, бұл мемлекетке де, халыққа да пайдалы. «Ветеринар дәрігерге хабарлассақ жеткілікті, ұрықтандырып кетеді», – дейді. Бізде билік көмектесу орнына кейін тартады. Осыдан кейін асылдандыру жайын қалай қозғауға, дамытуға болады?».
Рас, бізде әлі де болса жұмыс істеуден құжат рәсімдеу әлдеқайда қиын. Қайда барсаңыз да алдыңыздан шығатыны — бюрократия. Еліміздің қарыштап дамымай отырғаны да осыған байланысты секілді. Қолымыздағы барды ұқсата алмаймыз да, сосын сырттан сатып алуға құмбылмыз. Бұл жайында Bizmedia.kz сайты былай деп жазады: «2024 жылы Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру көлемі шамамен 2,23 млн тоннаны, ал ішкі тұтыну шамамен 2,73 млн тоннаны құраған. Осыған сәйкес, ішкі тұтынудың шамамен 675 мың тоннасы импорт арқылы келіп, бұл тұтынудың шамамен 25 пайызын құраған». Егер елімізде сүт бағытындағы асыл тұқымды мал саны артса, онда өзге елдерден сүт алу тоқтайтын еді. «Бірақ, бұл әлдекімдерге тиімсіз» деген әңгіме айтылады. Демек, сырттан сүт сатып алуда да біреулердің бизнесі, мүдде тұрған болуы мүмкін бе?
Қозғалып отырған мәселеге қатысты Қазығұрт ауданы әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрабай Қалдыкөзовке хабарластық. «Иса ағамызды, ол кісінің атқарып отырған жұмысын білемін. Малды асылдандыру жайын жиі қозғап жүр. Бірақ бұл біздің қолымыздағы мәселе емес. Облыстан рұқсат ала алмай отырмыз. Жыл сайын «ақша қаралады» дегенімен, нақты нәтиже болмай жатыр. «Эмбрионды трансплантациялау» деген бар. Онда асыл тұқымды аналық мал мен бұқаның ұрығы будандастырылып, дамытылады. Соны кез-келген сиырға салса, асыл тұқымды төл пайда болады. Ол үшін эмбрион тасымалдайтын арнайы көлік керек. Мұндай зертханалық жұмыс біздің облыста жоқ. Бірінші болып біз ашқымыз келеді. Сөйтіп арнайы берілетін грантты ұтып алсақ дейміз. Шеттен келген малды жерсіндіру қиын, ал бізде туылған бұзау жергілікті табиғатпен үндесіп өседі. Мұндай тәжірибе солтүстікте, Павлодарда қолданылады. Астанадағы «Асыл тұқым» шаруашылығы бізді қолдаймыз деп отыр», — дейді бөлім басшысы.
Жалпы алғанда, малды асылдандырудың пайдасы мен тиімділігі өте жоғары. Мәселен, асыл тұқымды ірі қара бір сиырдың жем-шөбін жеп, 2-3 сиырдың сүтін береді. Яғни, шығынды азайтып, пайданы көбейтеді. Сол себепті, оның сату құны да жоғары болады. Етті малға қатысты жағдай да осындай. Ендеше, пайдалы, тиімді әдіске неге қолдау көрсетіп, дамытпасқа? Осы жағы түсініксіздеу. Әлде жоғарыда айтқанымыздай, сырттан тауар сатып алу әлдекімдердің табысты бизнесіне айналып кеткен бе?
Балқы БАЗАР.
