Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

Айгүл Бажан: «Менің талғамым басқа…»

  • Әлемі әдемі әйелдер

Айгүл Бажан –  «Жалғыз досым», «Қош, маxаббат», «Анашым»,  «Білмеймін, сені баласындым ба», «Ақ гүлдер», «Күзбен сырласу», «Асыл ана», «Ғажабым», «Жақсы көрем», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Маxаббат бер маған» сынды көптеген танымал әндердің авторы. Оның әндерін «МузАРТ» тобы, Тоқтар Серіков, Ақбота Керімбекова, Айгүл Иманбаева, Сәкен Майғазиев, Димаш Құдайбергеновтер орындайды.
 Жақында Түркістан облысы Созақ ауданында белгілі сазгер, әнші Айгүл Бажанның шығармалары бойынша «Айгүлдің әсем әндері» атты республикалық ән байқауының облыстық кезеңі өтті. Өңірдің барлық ауданынан талантты әншілер қатысқан байқауда он үш үміткердің ішінен бас жүлде Түлкібас ауданынан келген Ораз Нұрасылға бұйырды.

Байқаудың қазылар алқасын басқарған әнші, сазгер Айгүл Бажан өзінің жаңа әнін байқау жеңімпазына сыйға тарту етті.

Аймақтағы таланттарды танытатын осынау байқауға Алматыдан арнайы келген Айгүл Бажанмен сұхбаттасудың орайын тапқан едік…

–Айгүл Әлібекқызы, туған жерге қош келдіңіз! Ауылға жиі келіп тұрасыз ба?

–Жиі келіп тұрамын деп айта алмаймын. Ауылдан кеткеніме 30 жылдан асып кетті. Алматыға оқуға түскен соң, арада екі жыл өткенде үйіміз Талғарға көшіп келді. Сол себепті «Бабатада үйіміз бар» дей алмаймын.
Мен сегізінші сыныпты бітірген жылы әкем қайтыс болды. Анамды о дүниесіне 2018 жылы шығарып салдық… Үш әпкем өмірден өтті.
Қазір бір үйдің балаларынан үш ағам мен ең үлкен әпкем бар. Бәріміздің бойымызға ата-анамыздан тараған турашылдық, әділдік дарыған. Әке-шешем таза адамдар еді.
Менің атымды анам қойған. Босанарда түсінде терең сайдағы көлде жүзіп жүріп қарсы алдынан – Ай, ту сыртынан Күн жарқырап тұрғанын көрген анам Ай-Күн деп атамақшы да болған екен. Дегенмен, сол жылдары «Айгүл» ансамблінің әйгілі болып тұрғанынан болса керек, атымды Айгүл деп қойыпты.

Бүгінгі Бабата ауылы мен кешегі бала Айгүл өсіп-өнген ауылдың айырмасы анау айтты көп дей алмаймын. Ауыл сол күйі сияқты. Тек қазір ересек көзбен қарайтынымыз болмаса. Бала күнімізде басынан аяғына жетпей кететіндей көрінетін көшелер қазір қысқарып кеткендей. Есейдік қой. Ол кездегі үлкен кісілерден ешкім қалған жоқ. Жастарды танымаймыз.

Ән әлеміне сыршыл, тыңдарманның нәзік сезімінің қылын шерткен әуендермен келдіңіз. Композитор болу оңай ма? Өз әуеніңізді қалай табасыз?

–Мен әнді мектепте жүргенде-ақ жаздым. Әлі есімде, 13-ке толғанда туған күніме ағаларым гитара тарту етті. Сол гитараны қолға алған күннен бастап мен өзгердім. Өмірім де өзгерді.

Композитор болу оңай да, қиын да емес. Өмірдің өзі. Әркім өмірге өзіндік миссиясымен келсе, менің миссиям, стихиям – ән болған шығар. Білмеймін. Әлі де өзімді музыка әлемінің Олимпінде тұрмын дей алмаймын. Баға да бергім келмейді. Әндерім айтсын оны. Бір білерім — мен басқалау, ерекшелеу жаратылған адаммын. Талғамым, ойлауым, өмір сүруім басқа.

–Кеше ғана Созақ ауданында «Мыңжылқы» мәдениет сарайында сіздің әндеріңіз бойынша байқау өтті. Ауылдастарыңыздың ықыласын сезіне алдыңыз ба?  

–«Айгүлдің әндері» республикалық байқауын бұдан бұрын да өткізгенбіз. Ол кезде байқау коммерциялық, өзіміз жасаған жоба болды. Ал бұл жолғысы – мемлекеттен қаржы бөлініп, Созақ аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара.

Әрине, елдің ықылас-құрметі ерекше екенін сезіндім. Шынын айтқанда елдің қошемет-құрметіне қатты үйренбегенмін. Сахнаға да сирек шығамын, мүлдем шықпаймын десем де болады. Сондықтан көрерменмен, халықпен қалай қарым-қатынас жасау керектігін де білмеймін. Расы осы.

Бірақ сіздің әндеріңіз өте танымал. Талғамы биік тыңдарманы да аз емес. Айгүл Иманбаеваның орындауындағы «Ақ гүлдер», Сәкен Майғазиев орындайтын «Асыл ана» әндері көптің көңілінен шықты.
 Бүгін өнеріне әлем тамсанып отырған Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Махаббат бер маған» әніңіз бірден хитқа айналды. Бұл өз орындаушысын тапқандықтан ба, әлде ән расымен де Димашқа арналып жазылды ма?

–Димаш қандай ән орындаса да жоғары деңгейде орындайды ғой. Қытайда «I’m singer»-дің гала-концертіне авторлық ән іздеп, Димаштың әкесі әрі продюсері Қанат мырза хабарласқан. Жіберген 3-4 әнімнің ішінде Димаштың таңдауы осы «Махаббат бер мағанға» түсіпті.

Сіз бір сұхбатыңызда осы  «Махаббат бер маған» әні туралы  «мен бұл әнді еңіреп отырып жазғанмын» депсіз…

–Мен эмоцияның адамымын. Әнді әншейін ойнап жүріп жаза салу деген болған емес. Эмоциялық толғаныс шегіне жеткен кезде қылмыскер адам өлтірсе, композитор ән жазады. Ән ғажайып дүние ғой. Сөз өтпеген жүрекке ән енеді. «Махаббат бер маған» – жаным жапа шегіп, шыңырауға түсіп кеткенде Құдайдан махаббат сұрап жазған ән-дұғам шығар…
–Рас айтасыз, «Сөз өтпеген жүрекке ән енеді». Кей әншілердің бағы жақсы әннің арқасында жанады. Танымал болады. Мысалы, сіздің сұлу сезімге толы, тұңып тұрған лирика – «Қош, махаббат», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Кездескім келеді» т.б әндеріңіз арқылы орындаушылар танымал бола түсті. Бірақ, тыңдарман түгел осы әндердің авторы Айгүл Бажан екенін біле бермейді. Неге?

–Әнді танымал болу үшін жазбаймын. Жалпы, ән жазуым керек деген де жоспар құрмаймын. Ал тыңдарман әнім арқылы танып, біліп жатса, қуанамын. Танымай жатса да одан трагедия жасамаймын.
«Өзіңді өзің таныстыруға, жарнамалауға тырысуың керек» дегенді жиі естимін. Адам өзіне керектіні ғана іздейді. Танымал бола түсуді, атақ-даңққа ілігуді күйттемесем, іздемесем, демек, ол маған керек болмағаны. Жоғарыда айтып өткенімдей, ата-анамнан дарыған адалдық, тазалық мені өнерде де солай болуға қалыптастырды. Тыңдарманға жоғары деңгейдегі дүние ұсынғым келеді. Ал ондай дүние аз болатыны, сирек туатыны анық.

–Композиторлар өлеңді көп оқиды деп білеміз. Әнге таңдалатын өлеңге деген талабыңыз қандай? Кімдерді көп оқисыз?

–Өлеңді түсініп, «кіріп» оқимын. Өлең оқыған сәттегі көңіл-күйім шабытқа ұласса ән де туып кетеді. Ал біраз әндерімнің сөзін өзім жаздым.

Жақсы ақын көп қой. Ерлан Жүністің төрт-бес өлеңіне ән жаздым. Айжан Тәбаракқызы, Динара Мәлік сияқты замандастарым төгілтіп жазады. Кезінде Мұқағали, Төлеген Айбергеновтердің кітаптары жастығымыздың астында жатушы еді. Тайсалмай жазатын жас ақындар баршылық, өлеңдері формаға сыймайтын. Мысалы, Қуаныш Жазай, Мұхтар Күмісбек…
Авторлық құқық мәселесі ән әлемінде қалай шешілген? Композитор ретінде сіз өз әндеріңіздің орындалып жүргеніне авторлар қоғамы арқылы қаламақы аласыз ба?

Мен әндерімнің көбін саттым кезінде. Осы ән саудасы жағына келгенде ширықтыратын тұстар көп болған. Әлі де бар. Қазір оған да қол сілтедім. Бәрін Құдайға тапсырдым. Қаламақы мүлдем алмаймыз деуге болады.
Жалпы, композиторларға деген көзқарыс бізде әлі төмен деңгейде. Еңбегі, шығармасы өз дәрежесінде бағаланбайтын да өнер адамы осы –композиторлар. Бір әннің шығу тарихын баяндағанда ғана шығарманың авторлары ауызға алынып, аттары аталады. Басқа кезде ұмыт қалады. Кейде журналистер әннің шығу тарихын орындаушы-әншіден сұрап жатады. Ол қайдан білсін? Ол орындаушы емес пе? Олай болса, ән авторларының танымал болуына журналистер де ұйытқы болуы керек сияқты. Журналистер ізденімпаз болса, «бұл әннің авторлары кім?» деген сұраққа жауап іздесе тек әнші ғана насихатталмай, ақын, композиторлардың да есімін ел таныр еді деп ойлаймын.

Талантты адам сан қырлы болатыны рас-ау. Әлеуметтік желі арқылы білгеніміздей, сіз осы күні жапон массажын да меңгеріп, массаж орталығын ашқан сияқтысыз…

Қанша жерден мықты композитор болсаң да жер бетінде тіршілік етіп, қоғаммен араласып өмір сүруге тура келгендіктен, тұрмысыңды қатар алып жүресің. Менің энергиям – басымда. Идея көп келеді. Және көп нәрсеге икемдімін. Соның ішінде медицина, косметология саласындағы жаңалықтарды білуге құштармын, жақсыны меңгеру үшін көп ізденемін. Массаж – сол қызығушылым арқылы меңгерген кәсібім. Жапондық массаж –бетті мүсіндейді, формаға келтіреді.
–Сіздегі тағы бір өнер – «Shipaly Alma» брендін қалыптастырдыңыз. Емдік алма сіркесуын өзіңіз дайындайсыз ба?

–Алманың ортасына көшіп келдік қой. «Алмадан пайдалы болатын не жасауға болады?» деген сұраққа жауап табудың, ізденістің әрекеті ғой алма сіркесуы. Табиғи фермент. Ас қорыту жолдарын реттейді, өті толып ауыратындарға жақсы көмектеседі, ағзадағы қантты түсіріп, қалыпта ұстап тұрады. Жалпы, пайдасы өте көп. Ізденген адамға алма сіркесуының пайдасы жайлы ақпарат ғаламторда өте көп.
Өз алма бағымнан табиғи өнім өндіремін. «Shipaly Alma» брендімен алма сіркесуын жасап жүргеніме біраз жыл болды. Тұрақты тұтынушыларым да бар. Тапсырыспен алыс, жақын қалаларға алдыратындар да аз емес. Шипасы тиіп жатса, қуанамын.
Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік желі арқылы әнші, әртіс, блогерлердің түрлі дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар, косметикалық өнімдерді жарнамалап сатып отырғанына көз үйренді. Мұны тұрмысқа бейімделудің, қосымша табыс табудың жолы деп қабылдаймыз. Алайда бұл талантты адамның шығармашылығын шыңдауына, жаңа туынды тудыруына кедергісін келтірмей ме? Мысалы, сіз жапон массажы, алма сіркесуынан бөлек, «Pionis Growth» шаш өсіру ісімен де айналысады екенсіз. Бәріне қалай үлгересіз?

–Өнердегі болсын, басқа саладағы болсын танымал адамдар да жұмыр басты пенде. Олардың да өзіне тән күнделікті тіршілігі бар. Сол тіршілікте тұрмысқа бейімделіп, қосымша өндіріс ашып, өнеркәсіп дамытып, саудамен айналысып жатса, оның несі ерсі?! Ал соның бәріне үлгеріп жатуы оның еңбекқорлығын, табандылығын, шыдамдылығын айғақтайды деп ойлаймын. Кейде шығармашылық ізденіске, жаңа туындының тууына осындай қосымша кәсіппен айналысу да әсер ететіні, бір іспен шұғылданып отырып шабыт келетіні бар.

Иә, мен кореялық «Pionis Grouth» компаниясының Қазақстандағы серіктесімін. Компания адамның өз шашын пиязшықтарын тірілту арқылы өсіру әдісімен танымал. Мұнымен де шұғалданып жүргеніме біраз болды. Нәтижесі жаман емес. Уақытыңды реттесең, бұдан да көп нәрсеге үлгеруге болады.
Айгүл  Әлібекқызы, сұхбатыңызға көп рақмет! Шығармашылық шабыт тілеймін.

Сұхбаттасқан – Жәмила Мамырәлі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *