Біле жүріңіз Білім, ғылым

 «Дәйіс» деген не мағына береді?

Сөз сыры

Таяуда Бәйдібек ауданында көпшілік бас қосқан жиында болған едік. Сонда мектепте бірге оқыған азаматтардың өзара әңгімесінен бір өзгеше сөз естіп, соның мағынасын білуге тырыстық. Ол – «дәйіс» деген сөз. «Ой, дәйіс-ай!», «Ол дәйіс сол күйі, әлі өзгермепті» деген сөздер айтылып жатты әңгіме арасында. Бір қызығы, мағынасы не екенін сұрағанымызда оны ешкім нақты білмейтін болып шықты. «Қылжақбас» дегенді білдіреді», – деді біреуі. «Дәйіс деп қу, сөзіне бір куә керек адамды айтатын шығар, сондай бір кластасымыз бар», – деді екіншісі. «Е, ол сөз «арамза», «оңбаған» дегенді білдіреді», – деді үшіншісі. Басқа да бірер нұсқалар айтылып жатты. Тоқетер нақты жауап шықпады. Сосын оны ескіден қалған, мағынасын жоғалтқан немесе тілімізге өзбектен сіңген, әйтпесе жай, мағынасы жоқ қыстырма сөз болар деп те ойлағанбыз.

Анығын біле алмаған соң интернеттен қарап көрдік. Бір деректе оны адам есімі деп көрсетіпті, «байыпты, табанды, батыл адамды солай атайды» делініпті. Бұл жауап көңілімізден шыға қоймағасын «чат жпт»-ға жүгініп едік, ол: «Дәйіс» сөзінің мағынасы «әдіс, тәсіл» дегенді білдіреді» деп жауап қатты. Бұрын-соңды әдіс-тәсілді «дәйіс» деп қолданған қазақ көрмегендіктен бұл түсіндірме де бізді қанағаттандыра алмады. Ал «Уикипедиядан» қарағанда арабтың «дайус» деген сөзі көзге шалынды. «Дайус деп әйелінің жеңіл, ұятсыз істеріне, өзге еркекпен жақын қатынасына, зина жасауына көз жұма қарайтын, қызғанбайтын, одан қайтармайтын еркекті атайды» делініпті. Бұл сөз жалпы әйел затынан өзіне жақын туыстарының осындай лайықсыз істеріне немқұрайды қарайтын, қызғанбайтын еркектерге де қарата айтылатын сияқты. Яғни Ислам талабы бойынша еркек өзінің әйелін, сондай-ақ өзіне туыс боп келетін әйел баласын лайықсыз істерден қорғап жүруі тиіс екендігі келтіріліпті.

Бұған қарап әлгі «дәйіс» сөзінің түп-төркіні осы арабтан сіңген «дайустан» емес пе екен деген ойға қалдық. Өйткені тілімізде арабтан келген сөздер баршылық қой. Мешіт (масжид), мектеп (мәктәб), қалам (кәлам), рахмет (рахматун), шүкір (шүкрун) деген сияқты сөздер бар. Арабтың «дайус» сөзі де мүмкін сол сияқты «дәйіс» боп өзгеріп, кей аумақ тұрғындарының сөздік қорына еніп кеткен шығар…

Анығын бір Құдай біледі. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман, «дәйіс» деген сөздің мағынасы нені білдіреді?

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *