Шымкентте мақсатты әмбебап ваучерлер бойынша жекеменшік өнім берушілерге 44 мың 809 орын тиесілі болған. Өткен шілде айының басынан тамыз айының аяғына дейінгі аралықта соның 9914-і жүйеден шығарылыпты. Өйткені қосымша білім бойынша екі, үш, тіпті, жеті секция мен үйірмеге дейін барып жүрген балалар бар екен. «Есебін тапқан» кей кәсіпкерлер қосымша білім алатын балалар санын қағаз жүзінде көбейтіп отырған.
Қазір әмбебап ваучерлер бойынша 29 мың 767 бала секциялар мен үйірмелерге баруда екен. Бұл бұрынғы айтылып келе жатқан көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
Мегаполисімізде былтырғы жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған деп танылған 12 мың отбасы болған. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесінде олардың 8 мыңға жуығының аталған санатқа жатпайтыны анықталған. Мұндай көмекті алып отырған кейбір отбасылардың екі немесе одан да көп пәтері, үйі, тағы басқадай активтері бары анықталған. Тіпті, арасында аумағы 1000 шаршы метрлік үлкен коттеджде тұратындары да бар екен. «Кедей кейпіне» енген ол тұтынылған газ ақысын «Әлеуметтік әмиян» бойынша жеңілдетілген бағада төлеп келген. Осындай жайттарға қарап отырып, біздің елде жас сәби дүние есігін ашатын әйелдер босанатын үйден, балабақшалардан бастап қарттыққа шығаратын мекемелерге дейінгі барлық салада жемқорлық дерті асқынып кеткен бе деген мазасыз ойға беріледі екенсің. Әйтеуір, ақырын бергей!
Д. ОРАЗ.
