Біле жүріңіз Шымкент

Тұмауды оңай жау демеңіз

Күзде жедел-жұқпалы тыныс жолдары ауруларының, тұмау мен тұмаутектес вирустардың бас көтеретіні белгілі. Қазан айының басынан Шымкентте тұмау жұқтырған 3,5 мыңнан астам адам дәрігер жәрдеміне жүгінген. Осыған орай қаладағы медициналық мекемелердің жұмысы күшейтіліп отыр. Маусымдық аурулардың алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, жұқпалы аурулар ауруханасында төсек-орын саны арттырылған, бірқатар емдеу орталықтарында қосымша стационарлық орындар ашылған. Науқастар үшін төсек-орын, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Емханаларда тұмауға қарсы вакцина егу жүріп жатыр. Қала бюджеті есебінен 150 мың доза екпе сатып алынған. Вакцина осал топқа жататын санаттағы адамдарға егіледі. Қала үшін 150 мың доза  жеткілікті саналады.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Қазір эпидемиялық маусымның кезеңі. «Эпидемиялық маусым» деп жыл сайынғы күз-көктем аралығындағы түрлі тыныс жолы жұқпалары күшейетін кезеңді – 1-қазан мен келер жылдың 30-сәуір аралығын атайды. Бұл жайында жиынға қатысқан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова айтып өтті. Балалар балабақшаға, мектепке, оқу орындарына баратын, той-томалақ көп кезеңде адамдар жиі шоғырланады, сол себепті вирус жұғуы жиілейді. Сондықтан әрбір  азамат бұған қатысты сақтық шараларын ұстана жүргені, ауыра қалса, оны өзгелерге жұқтырмау жағын ойластырғаны  абзал. Өз бетімен емделмей, тиісті дәрігер кеңесіне жүгінген жөн болмақ.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *