Әлеумет Басты жаңалықтар

Ұстаздар күніндегі ұқыпсыздық

Ұстазды ұлы тұлға, олардың орны төр деп әспеттегенде жер-көкке сиғызбаймыз, ал оларға құрмет көрсетуге келгенде ұқыпсыздыққа, немқұрайдылыққа жол беретініміз қалай?

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қазан күні «Ақ үйде» бір топ ұлағатты ұстаздардың басын қосып, мерекелерімен құттықтады. Осыдан кейін облыс, аудан, ауылдарда ресми іс-шаралар басталды. Соның бірі 6 қазан күні Сайрам ауданының орталығы Ақускенттің орталығындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өтті.

Таңертеңгі сағат 10-да басталатын іс-шараға мұнтаздай киінген ұстаздар мен ардагерлердің алды таңғы 8-ден жинала бастады. Бәрінің көңіл-күйі көтеріңкі. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев, аудан прокурорының міндетін уақытша атқарушы Нұрдаулет Айдынбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов, тағы да басқа басшылар жиналды дегенде салтанатты іс-шара басталды. Бірден айтайық, аудандық білім бөлімі қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысы көпшілікке ұнады. Бәрі жоғары деңгейде өтіп жатты. Сахналық көрініс пен әнші, бишілердің қойылымдарына көрермендердің барлығы ризашылықпен қол шапалақтады.

Дегенмен, әрбір жақсы ұйымдастырылған іс-шараның бір «әттеген-айы» кездесетіні бар. Салтанатты жиынның ресми бөлігі жақсы аяқталып, ұстаздар қауымы енді еркін отырып, көңіл-күйді көтеретін тұста «қырсық шалды». Дәлірек айтқанда, мерекеге арнайы шақырылған белгілі эстрада әншісі Ернар Айдар алғашқы әнін орындап болып, ұстаздарға деген алғысы мен тілегін айта берген тұста жарық «жалп» етіп сөнді де қалды. Қараңғы сахнада, үнтаяқсыз бір ән шырқап көріп еді, үні көпшілікке жете қоймады. Бұл кезде қараңғылықты пайдаланған аудан басшысы, прокурор мен білім бөлімінің басшысы да залдан шығып кетті.

Күн сайын келе бермейтін эстрада әншісінің өнерін тамашалай алмай, қапыда қалған зал толы ұстаздар әттеген-айлап, реніштерін білдіріп жатты. «Әкім мен прокурордың, білім бөлімі басшысының жарық сөне сала залды тастап кетіп қалғандары жөн болмады. Керісінше, ұстаздар мен ардагерлердің құрметі үшін техникалық ақауды жылдам ретке келтіруге пәрмен беріп, «ұлы тойды» көпшілікпен бірге көрулері керек еді. Жылына бір келетін мерекемізді асыға күткендегіміз осы ма? Бұдан да аудан орталығындағы сәулетті думан залдары бар мектептердің бірінде өткізе салу керек еді», — деп шуласып жатты. Бірақ, мұны аудан басшысы да, прокурор да, білім бөлімінің басшысы да естіген жоқ.

Әрине, орын алған қолайсыз жайтқа жарық сөне салысымен залдан шығып кеткен бұл басшыларға тікелей кінә арта алмаймыз. Бұл жолғы кемшілік мәдениет үйі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшылары тарапынан кетті. Аудан деңгейінде өткізілетін іс-шара болғандықтан, мұндай келеңсіздікке жол бермеудің барынша алдын алу керек емес пе?! Жарық өшсе, қосымша құрылғыларды қосу арқылы, жарықпен қамтамасыз етуге болар еді. Демек, ұстаздардың салтанатты мерекесіне мәдениет саласындағы басшылар тыңғылықты, жан-жақты дайындық жасамағаны аңғарылды.

Ұстаздар қараңғыда отыра бермей, амалсыздан тарап жатқан тұста аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Асқаров немесе мәдениет үйінің директоры Дәулетхан Алашбаевпен жолығып, не себепті мұндай кемшілікке жол берілгенін білмек болғанымызбен, қараңғыда оларды таба алмадық. Амал жоқ, бұл сауалды аудан әкімі М.Оразалиевке қоймақ мақсатпен әкімдік ғимаратына келдік. Мадияр Мұхтарұлы облыстан келген қадірменді қонақтардың басы-қасында болуы керек себепті біз оның орынбасары Сержан Дүйсебаевпен тілдестік. «Ұстаздар мерекесі аталып өтіп жатқанда жарықтың сөніп қалғаны дұрыс болмапты. Дегенмен ондай-мұндай болып тұрады. Бұл енді әдейі істелген жоқ, техника ғой. Бөлім басшысымен байланысып отырмын. Қазір жігіттер жөндеп жатыр. Кемшілік зерделенеді, кінәлілер болса, шара көріледі», – деді Сержан Дауылбайұлы.

Мәдениет үйіне қайта барғанымызда бөлім басшысы Б.Асқаровты жолықтырдық. «Мамандар келіп, жөндеп жатыр. Ішкі кабель күйген сықылды. Ескірген ғой. Техника болған соң не боларын алдын ала білмейсің», – деді ол кісі.

Осы жағдайдан кейін біздің санамызда көптеген сауалдар сапырылысты. Мұғалімдердің: «егер ұстаздардың емес, әкім немесе прокурорлардың іс-шарасы болғанда мұндай кемшіліктерге жол бермеудің бар мүмкіндігі жасалар ма еді?» деп айтқан реніштерінде бір шындық бар ма? Ал, Ернар Айдарға келісілген гонорар толығымен төленді ме және ол кімнің есебінен? Оның гонорары да аз емес, әлеуметтік желіде «Ернар той мен іс-шараларға қатысқаны үшін 2 млн теңге алады» деген мәліметті кезіктірдік.

Иә, бұл сауалдардың да жауабы табылар, ал ұстаздарды құрметтеудегі ұқыпсыздық пен немқұрайдылық қашан жойылар екен?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *