Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханадағы медициналық қызметке жүгінетіндер өте көп. Ал осындағы Литотриптер «Compact Sigma» аппаратының істен шығып, қолбайлау болғалы қашан. Дәрігерлерге үлкен көмекші рөлін атқаратын бұл құрылғы заманауи медицинада күнделікті қажеттілікке пайдаланатын бірден бір аппарат. Бұл құрылғының көмегімен дәрігерлер бүйректегі, зәр шығару жүйесіндегі кіші тастарды операциясыз алып тастай алады. Міне, сол жабдық күрделі жөндеуден өтіп, толық қуаттында істей бастады.
Аппаратты іске қосуға қала әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау септігін тигізіп отыр. Медициналық техниканы жөндеу үшін «Қайырымды қала» қорынан қаржы бөлініп, құрылғының қосалқы бөлшектері сатып алынды. Литотриптер «Compact Sigma» аппаратының көмегімен мамандар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына қайтадан медициналық қызмет көрсетуді бастады.
Ем-шара тастарды жарықшақтарға бөлу үшін дыбыстық немесе соққылық толқындарды қолдануға негізделген. Бұл жарықшақтар ағзадан несеп арқылы шығарылады. Емдеу дистанциялық соққылық-толқындық әдіспен жүргізіледі. Емделудің мұндай түріне жылына шамамен 880-920 науқас жүгінеді екен. Мұнда жаңа босанған әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі науқастарға да көмек көрсетіледі.