Қоғам

Құтқарушылар болмағанда…

Шымкентте «Нұрсат-2» шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің 6-қабатынан шыққан от жалыны бірден бұрқ ете қалды. Осы қабатта орналасқан пәтерлердің бірінен шыққан өрт салдарынан жиһаздар жанып жатты. Айнала көк түтінге демде оранды да қалды. Көрші пәтердегілердің зәресі қалмады. Тілсіз жаумен күресуге хабар жетісімен-ақ Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндірушілері жедел жетіп келді. Бірі айналасын шарпып бара жатқан жалаңдаған жалынды өшіруге кіріссе, енді бірі көпқабатты үй тұрғындарын тез арада сыртқа шығарып, қауіпсіз аймаққа жетуіне көмекке ұмтылды. Осылайша құтқарушылар өте қысқа мерзімде өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол бермей, 15 шаршы метр аумақта оқшаулады.

Баспалдақпен 6 қабаттан 31 адамды, оның ішінде 7 баланы қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Жалынға жақын маңдағы пәтерлердің өзінен 6 бала құтқарылды. Әбжелдік танытқан құтқарушылардың арқасында бұл оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Тұрғындар өрт сөндірушілерге алғысын жаудырып жатты. Ал құтқарушылар үшін мұндай оқиғалар қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Өз ісіне берілген нағыз мамандар қызмет ететін салада елдің алғысын арқалаған азаматтар жүр. Олар күн сайын өміріне қауіп төнген азаматтарды құтқару ісінде өз өмірлерін бәйгеге тіге отырып еңбек етуде.

Әне, олар тағы да асығып Қалтаев көшесіндегі үйлердің біріне аттанды. Жедел жеткен хабарға сенсек, мұнда екі жасар бала өзінің дәретке отыратын ыдысын (горшок) басына киіп алған. Ыдыстың ойық ернеуіне кептелген бас ісініп, ыдыстан ажыратып алу мүмкін болмауда. Ата-анасы мен жақындары жанұшыра құтқарушыларға хабарласуда. Оқиға орнына ТЖМ Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жетіп, құралдардың көмегімен баланың басынан ойық ыдысты шешіп алды. Бала дін аман. Ата-анасы құтқарушыларға алғысын жаудырды.

«Төтенше жағдайлар кезінде адамның өмірі мен мүлкін қорғау – үлкен жауапкершілікті талап ететін, әрбір секундты маңызды рөл атқаратын іс. Қазақстандағы жедел-құтқару жасақ құтқарушылары осы жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Олар табиғи апаттардан бастап, техногендік төтенше жағдайларға дейін кез келген қиындықты еңсеруге дайын. Өйткені бұл сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейі, физикалық дайындығы және психологиялық төзімділігі ерекше жоғары», – дейді құтқарушылардың өздері.

Расында да құтқарушылардың жұмысы ауыр. Қауіпті аймақтардан адамдарды эвакуациялау, су астындағы іздеу-құтқару жұмыстары, жоғары биіктікте жұмыс істеу сияқты қиын да қауіпті операцияларды атқаратын олар өз өмірлеріне де қауіп-қатер төнетінін жасырмайды. Десе де өз міндетінен айныған емес, аянған емес.

19 қазан құтқарушылар күні! Барша құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *