Қоғам Шымкент

70 тоннадан астам зат жиналды

 

Батыстағы су тасқыны бүкіл елді алаңдатып отырғаны белгілі. Төтенше жағдай орын алған аймаққа қолұшын беру, гуманитарлық көмек көрсету ісінде шымкенттіктер белсенді. Еңбек күші ретінде су басқан облыстарға жұмысқа аттанып жатқан азаматтар да аз емес.

Зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Қала аумағында гуманитарлық көмек ресми түрде бірнеше орында жиналып жатыр. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында қабылдау пункті жұмысын бастаған болатын. Осы орталықтан кешегі аптада Ақтөбе облысының Ойыл ауданына гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді. Арнайы көліктер зардап шеккендерге азық-түлік, төсек-орын, киім-кешек сияқты бірінші қажеттіліктерден құралған 10 тонна жүк алып барды. Екінші пункт Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясында ашылды. Ассамблея өкілдері 20 тоннаға жуық гуманитарлық жүктің

алғашқы партиясын Атырау облысына жөнелтті. Ассамблея мүшелері Батыс Қазақстан облысына да гуманитарлық көмектің екінші партиясын жіберді. Сондай-ақ, шымкенттіктер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ашылған арнайы банк шотына қаржы аударуда. Гуманитарлық көмекті жинау белсенді түрде жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары Атырау облысына апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу мақсатында тағы да көмекке жөнелтілді. «Көмекке барлығы 45 адам, 5 техника, 15 мотопомпа және 2 қайық жіберілді» дейді төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жауапты мамандары.

Осы апта басында Батыс Қазақстан облысының аумағындағы су тасқыны оқиғаларының салдарын жою үшін Шымкент қаласынан төрт теміржол эшелонымен инженерлік, жүк тиеуге арналған және басқада техникалар жөнелтілді. Жалпы Шымкенттен ол жаққа 200 бірлік техника және 286 адам жіберілген.

 Бүгінгі таңда Атырау облысына көмекке жіберілген шымкенттік құтқарушылар су тасқынына қарсы жұмыстарға белсенді түрде араласып кетті. Олар қазір Алмалы елді мекенінде инертті материалдармен бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізуде екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *