ХХІ ғасырда елдің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Ал адами капиталды қалыптастыратын негізгі күш – сапалы білім мен білікті педагог. Сондықтан бүгінде мұғалім мамандығы тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық еңбек нарығында да стратегиялық маңызға ие кәсіптердің біріне айналды.
ЮНЕСКО мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) сараптамалары бойынша, әлемде білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне бейімдеу және өмір бойы білім алу қағидаты педагогтердің кәсіби құзыреттілігіне жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі мұғалім – жай ғана білім беруші емес, зерттеуші, тәлімгер, жаңашыл әрі цифрлық сауатты маман. Қазақстанда да білім беру саласы ұлттық дамудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында сапалы педагог даярлау, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейту, қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылым мен өндірісті ықпалдастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соңғы жылдары елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып, педагогикалық жоғары оқу орындарының алдында халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа буын мамандарын даярлау міндеті қойылды.
Қазіргі еңбек нарығында тек дипломның болуы жеткіліксіз. Жұмыс берушілер болашақ педагогтен кәсіби біліммен қатар цифрлық құзыреттілікті, шет тілдерін меңгеруді, ғылыми-зерттеу дағдыларын, академиялық ұтқырлық тәжірибесін және жаһандық өзгерістерге бейімделу қабілетін талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық серіктестік орнатқан, заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан және ғылыми әлеуеті жоғары университеттердің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Өңірімізде осындай талаптарға толық жауап беріп отырған жоғары оқу орындарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті.
Ғасырлық тарихы бар білім ордасы бүгінде педагогикалық білім берудің ұлттық моделін халықаралық тәжірибемен ұштастырып, болашақ мұғалімдерді әлемдік білім кеңістігінің талаптарына сай даярлауда. Университеттің халықаралық байланыстарының кеңеюі, ғылымдағы жетістіктері, цифрлық трансформациясы және ұлттық рейтингтегі көшбасшылық көрсеткіштері – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Жақында ғана Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі қорытындысы бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің педагогикалық жоғары оқу орындары арасында І орынға ие болуы – білім сапасының, ғылыми әлеуетінің және халықаралық деңгейдегі даму стратегиясының заңды жемісі. Бұл жетістік оқу орнының еліміздің ғана емес, Орталық Азиядағы жетекші педагогикалық университеттердің біріне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. IQAA-Ranking агенттігі жүргізетін бұл рейтинг еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру сапасын, ғылыми әлеуетін, халықаралық байланыстарын, цифрландыру деңгейін, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын жан-жақты бағалайды. Университеттің баспасөз хатшысы Лаура Тастанбектің айтуынша, рейтинг қорытындысы академиялық көрсеткіштерге, тәуелсіз сарапшылардың бағалауына, жұмыс берушілердің, студенттер мен түлектердің пікірлеріне негізделген.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КЕҢІСТІГІНЕ СЕНІМДІ ҚАДАМ
Қазіргі таңда университет әлемнің 20-дан астам мемлекетімен 100-ден аса халықаралық келісімшарт негізінде ынтымақтастық орнатқан. Польша, Венгрия, Латвия, Чехия, Түркия және басқа да мемлекеттердің жетекші университеттерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылып келеді. Студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болса, университетке Германия, Польша, Чехия, Малайзия, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан және Ресейден белгілі профессорлар келіп дәріс оқиды. Мұндай тәжірибе білім сапасын халықаралық деңгейге көтеріп қана қоймай, студенттердің ғылыми көзқарасын кеңейтеді. Сонымен қатар, Түркия және Ресейдің жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттердің тілдік құзыреттілігін дамыту мақсатында ағылшын және түрік тілі курстары, Speaking Club жобалары жұмыс істейді. Университет ғалымдары «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Польша, Чехия және Түркияның жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми тәжірибе жинақтауда.
Университеттің ғылыми әлеуеті де соңғы жылдары айтарлықтай нығайды. Бұған археологиялық зерттеулердің нәтижелері дәлел бола алады. Жуырда оқу орны ғалымдары Түркістан облысындағы Үшбастөбе қалашығында жүргізілген археологиялық қазба барысында Қаңлы дәуіріне жататын көптеген құнды жәдігерлерді тапты. Қазба кезінде қыш ыдыстар, диірмен тастары, дән үккіштер, тұрмыстық және ғұрыптық бұйымдар анықталды. Университет профессоры Александр Подушкин мен зерттеуші Гүлмира Стамқұлованың айтуынша, соңғы жиырма жылдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – антикалық дәуірге жататын шыны саптыаяқтың сынығының табылуы. Ғалымдардың пікірінше, бұл жәдігерлер Қаңлы мемлекетінің жоғары деңгейде дамыған өркениет болғанын дәлелдейді. Археологиялық экспедицияға тарих факультетінің студенттері де қатысып, далалық зерттеу тәжірибесінен өтті. Бұл болашақ тарихшылардың кәсіби қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді. Айта кету керек, университеттің археологиялық мектебінің тарихы 1966 жылдан басталады. Осы жылдары жиналған мыңдаған тарихи жәдігерлер «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» атты археологиялық көрме орталығында сақталып, келушілерге таныстырылып келеді.
ГАЗИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ
Алдағы жаңа оқу жылының тағы бір маңызды оқиғасы – Түркияның беделді Гази университетінің Қазақстандағы филиалының Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ базасында ашылуы болмақ. 2026–2027 оқу жылына филиалға мемлекет тарапынан 100 білім гранты бөлінді. Бұл бастама талапкерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып, 150-ге жуық талапкер құжат тапсырды. Қабылдау емтихандары халықаралық талаптарға сай екі кезеңнен ұйымдастырылды. Алдымен талапкерлер жазбаша емтихан тапсырып, кейін кәсіби мотивациясы мен көшбасшылық қабілеттерін анықтайтын әңгімелесу кезеңінен өтті. Барлық емтихандарды Түркиядан арнайы келген профессорлар қабылдады. Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев бұл жобаның Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Университетте студенттердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде оқу орнында ұлттық нақышта безендірілген «Шаңырақ», «Қазына», «Тұмар» оқу ғимараттары жұмыс істейді. Мұнда заманауи коворкинг, «Мейірім» денсаулық орталықтары, спорт кешендері, стадион, кітапхана, лингафон кабинеттері, зертханалар және шығармашылық шеберханалар орналасқан «Мұра» ұлттық шығармашылық орталығында айтыс, домбыра, эстрада, би, қолөнер, бейнелеу өнері, дефиле және аспап жасау үйірмелері жұмыс істейді. Бұл студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Білім алушылардың барлығы жатақханамен қамтылған. 2023 жылы университет жанынан Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы колледж ашылып, үш мамандық бойынша білім беру басталды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ – сапалы білімнің, ұлттық құндылықтардың және ғылыми ізденістің тоғысқан мекені.
