Білім, ғылым

ЖАСАНДЫ ЖАҢБЫР

Қазақстан жақын жылдары Орта Азия аумағындағы жасанды жаңбыр технологиясын игерген алғашқы ел деңгейіне жетпек. Бұған қатысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлескен жоба іске қосылды.

«Бұлт шақырып, жаңбыр жауғызатын» технологияның арқасында Түркістан облысында егістік жерлерді суғаруға және қоймаларды суға толтыруға мүмкіндік тумақ. Кейін оны басқа аумақтарға да қолдануға болады. Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20 пайызға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді.

Жаңа жобаны жүзеге асыруға арналған салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Мамандардың айтуынша, жаңбыр жауғызатын технологияның климатқа келтіретін ауқымды әсері жоқ. Оны аумағы бірнеше шақырымдай болатын төңірекке шектеулі қолдануға болады. Яғни жаңбырды қажет кезінде ылғалы тапшы жерлерге жауғызады. Экономикалық жағынан тиімді тәсіл жылына миллиардтаған теңге қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бермек. Мұндай тәсіл әлемнің бірқатар елдерінде қолданылады, соның ішінде әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер үшін оның маңызы зор. Өйткені БАӘ дүние жүзіндегі ең шөлейтті аймақтардың бірінде орналасқан.

Жаңа технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Бірлескен тың жоба жайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев былай деп атап өтті: «Қазақстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасауда. Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды».

Аграрлы өңір санатындағы Түркістан облысының ауылшаруашылығы үшін бұл жобаның маңыздылығы өте жоғары. Өйткені, облысымызға ағын судың дені көрші мемлекеттерден келеді. Олар да егістіктеріне суды көп пайдаланатындықтан дәл қажет кезде бізге су көлемі тым аз келеді. Оның үстіне жаһандық құрғақшылық та жылдан-жылға күшейіп барады. Салдарынан су тапшылығы қатты сезіліп, құрғақшылық теріскей өңірдің шаруаларын титықтатып жүр. Ала жаздай еткен еңбегі еш кеткендер де жоқ емес. Мұның барлығы жергілікті атқарушы билікті де бей-жай қалдыра алмайды. Алайда, ағын су мәселесі – бір ғана өңір басшысы шешетін оңай шаруа емес. Мемлекет басшылығындағы лауазымды тұлғалардың арласуынсыз түйіннің тарқатылуы қиын. Міне, осындай еларалық келісімнің арқасында маңызды жобаға қол жеткізілді. Бұл турасында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз ойын төмендегіше жеткізді:

– Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу – біз үшін өте маңызды. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және су ресурстарының тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Президентіміз кеше қадірлі қонағымыз Абдулла Ахмед Әл Мандус мырзамен өткізген кездесуінде Дүниежүзілік метеорология ұйымының климат, су ресурстары және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Осы тұрғыда, Түркістан облысының маңызы ерекше. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер біздің облысымызға тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – біз үшін стратегиялық маңызды міндет. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізуде. Біз бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды жүргізуде. Олардың қатарында метеорологтар, ұшқыштар, инженерлер және салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту мүмкіндігі қарастырылып, отандық климаттық технологияларды қалыптастырудың іргелі негізі қалануда. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады.

…Бүгінде әлемде жасанды жаңбыр жауғызуға қатысты жаңа нанотехнологиялық тәсілдер жан-жақты зерттеп-зерделеуден өткізіліп жатыр. Титан диоксидінің нанобөліктеріне енгізілген тұз түйіршіктерін бұлтқа айдайды, ол жауынның уақ тамшыларын біріктіріп, тығыздығын арттырады, сосын тамшылар төмен қарай құлайды. Сондай-ақ, бұлт көлемін ұшақтар мен дрондарды пайдалана отырып ұлғайту, одан жаңбыр жауғызу үшін электр қуатын қолдану жайы да жан-жақты зерттелуде. Яғни бұлтқа белгілі жиіліктегі электр қуаты бағытталады, соның әсерінен тамшылар бір-біріне қосылып, салмағымен төмен қарай ағады. Яғни уақ тамшылардың буланып кетуіне кедергі жасалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *