Кейінгі кездері елімізге шет мемлекеттерден келушілер саны артып тұрған сияқты. Нақтысын тиісті мекемедегілер білер, дегенмен жай көзге солай көрінеді.
Мысалы, кешегі аптада қаланың Адырбеков көшесіндегі «Магнум» гипермаркетінен түрі қазақтан аумайтын бір әйелді көрдім. Сатушы қызбен түсінісе алмай тұрды, қазақша да, орысша да түсінбейді екен. Ымдап, телефоннан бірдеңені көрсетіп, әйтеуір түсіністі, есептесті. «Қытай ғой, жақын жерде пәтер жалдап тұрады, мұнда жиі келеді», — дейді сатушы қыз.
Таяуда ақпарат көздерінің бірінен «Биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанға тұрақты тұруға Қытайдың 1260 азаматы келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседен астам жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Қытайдан көші-қон ағынының мұндай жоғары деңгейі кемінде тоғыз жылда алғаш рет тіркеліп отыр» дегенді оқыған едім. «Мәссаған, қытайлар қаптап келіп жатқан жоқ па екен?!» деген жағымсыз ой санамды түйреп өтті. Үйге келген соң интернеттен қарастырып, әлгі хабарламаны тауып алып қайта оқыдым. «Қытайдан келгендердің басым бөлігі – этникалық қазақтар. Олардың үлесі 99,5 пайызға жетеді» деп айтылған екен. Көңілім орнына түскендей болды. Дегенмен айтылған 99,5-тің арғы жағындағы 5 пайызы тағы ойландырды. Олар да Қытайдан келіп қоныстанған болса, қытай болмағанда кім енді?
Украинада соғыс басталғалы бізге Ресейден келетіндердің де қатары артып тұрғанға ұқсайды. Олардың барлығының да біздің елде тұруға заңды рұқсат қағазы бар-жоғына күмәнмен қарауға тура келеді. Кейбіреулері сатып алған жалған рұқсат қағазбен тұрып жатқан жоқ па екен деген келеңсіз ойдың келетіні де рас. Кейбірінің тіпті шаңыраққа қарамай, елді, ұлтты қаралап, даттайтыны бар. Сондайлардың кесірінен бірдеңе ушығып кете ме деп те уайым жейсің кейде. «Іштен шыққандарын» қуып жібере алмаймыз ғой, ал сырттан келетіндерін кіргізбей қоюға не кедергі? Өйткені кейінгі жылдары әлемде қандай оқиғалар болып жатқаны белгілі ғой.
Шетелдермен тығыз қарым-қатынас жасағанға қарсы емеспіз, әрине. Экономикаға, саудаға, технология мен инвестиция, мүмкін мықты мамандар тартуға пайдасы тиіп жатқан шығар. Бірақ онымен қоса жұмыс орындарына бәсеке де артады емес пе? Тіліміз анау, жылдар бойы еңсемізді басқан өзге тілді төбеден түсіре алмай жүрген. Кейбір түрлі шетел мәдениеті де ұлттық құндылықтарымызды ығыстырып жатқанын көріп жүрміз. Шетелдіктер келіп пәтер жалдап, баспананы басыбайлы сатып алып та жатқан болса, ол жылжымайтын мүлік бағасының артуына да әсер ететіні белгілі. Ал бүгінде елімізде ең төмен айлық жалақы – 85 мың теңгеге бірнеше жүздеген мың адам күн көріп жүр. Олар өз күшімен баспана иемдене алмайды, мойнында банктерден алған қарызы көп. Жұмыссыз қалар болса, жасы 40-45-тен асқан адамдардың да жұмыс табуы қиын, «кәрі» санап, алмайды. Жастардың көбі жалақысы жоғары жұмысты шетелдерден іздеуге мәжбүр екені де өтірік емес. Оңтүстік Кореяға, Ұлыбританияға қара жұмысқа жетіскеннен барып жегіліп жүр дейсіз бе? Осындай кездері шетелдің адамы келіп жалақысы жоғары жұмыс істеп, қалағанынша пәтер жалдап немесе сатып алып тұрып жатса, жайлы өмір сүріп жатса, оған жергілікті жұрттың қызғанышы оянбай ма? Заң бұзбай, тыныш жүреді дегеннің өзінде оларға оң көзбен қарайтындар көп бола қоймас.
Қаладан көзге шалынып қалатын шетел адамын көргенде көңілге осындай бір жағымсыз ойлардың келетіні бар. Өйткені жеріміз үлкен, ресурстар мол, тұрғындардың бәріне бірдей бұйырып жатпаса да байлығымыз көп. Сол байлықты жеке басына жымқырып жүргендер де азаяр емес. Не болса да соған басқа елдің адамдары келіп ортақтаспаса, өз байлығымыз өзімізге бұйырса деймін да. Бұл елде ұрпақтарымыз өмір сүреді ғой өйткені.
