Кезінде ел алдында жүрген, лауазымды қызмет атқарған адамдар жұрттың жадында тұрады. Осындай азаматтардың бірі – Әбдімүтәліп Көбеев (cуретте). Ә.Көбеев – Қазығұрт ауданының тумасы, Алматы Халық шаруашылығы институтының түлегі, мамандығы бойынша – экономист. Еңбек жолын қазіргі Бәйдібек ауданының шаруашылықтарында бастаған, аудан әкімінің орынбасары деңгейіне дейін өскен. Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауапты қызметтер атқарған, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын мемлекеттік қызметтен өз еркімен кеткен еді. Содан бері ол қайда жүр, немен айналысып жүр? Таяуда Әбдімүтәліп Көшкінбайұлының өзімен хабарласып, әңгімеге тарттық.
–Әбдімүтәліп аға, қазір қайда тұрасыз, немен айналысудасыз?
– Мен өзімнің қара шаңырағымда, Қазығұрт ауданының орталығы Қазығұрт ауылында тұрамын. Өзіме Қазығұрт ұнайды. 2006 – 2008-жылдары Шымкентте қызмет еткен кезде де сәті түссе Қазығұрттағы үйіме келетінмін. Жол жақсы. 40 минутта қалада боласың.
Ал айналысатын тірлігіме келсем, қарап отырмаймын, түздің адамымын. Үйде бір күн жатсам үйге сыймай кетемін. Көпшілік мені көбінесе мемлекеттік қызметкер ретінде таниды. Ал шындап келгенде мен кәсіпкерлік салада да қызмет еткен адаммын.
Сонау ең бірінші кәсіби Парламент – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығынан кейін 1995-жылы Алматыда «Атакент» акционерлік қоғамында қаржы, құнды қағаз мәселесі жөнінде екі жарым жыл вице-президент болдым. Ал «Атакент» деген ол кезде Қазақстанның ең ірі іскерлік орталығы еді. Президенті Халық Абдуллаев болатын. Нағыз кәсіпкерлік орталық болды.
2008-жылы қырқүйек айынан бастап Шымкент қаласы әкімшілігіндегі жұмысымнан өз еркіммен кетіп, Қазығұртқа келіп кәсіпкерлік бағытта жұмыс істедім. Жаныма жақын өндіріспен айналыстым. Кәсіпкерлікке 2015-жылы қайта оралдым.
Қазір зейнеткермін. Отбасылық кәсібіміз бар. Бос уақытымда шығармашылықпен айналысамын, публицистикамен әуестенемін. Қоғамдағы әртүрлі мәселелер жөнінде, әсіресе ауыл шаруашылығы, экономика туралы әлеуметтік желіде, баспасөз беттерінде мақалаларым шығып тұрады. Оқырмандарым баршылық.
– Қызметтен кейінгі кездердегі қоғаммен байланысыңыз қалай?
– Әрине, жалғастырудамын. Әртүрлі кездесулер, басқосуларға шақырса қалмауға тырысамын. Өз пікірімді, көзқарасымды ашық айтамын. Қоғамға, елге пайдам тисе екен деп білгенімді елге жеткізіп келемін.
– Қызметте жүргенде қандай міндеттер атқардыңыз, нені істей алмадым деп ойлайсыз? Өкініш бар ма?
– Жүктелген міндеттерді адал атқардым деп ойлаймын. Ал ол қандай дәрежеде болды, халық айтады. Аллаға шүкір, осы күнге дейін бір адамнан жаман сөз естіген жоқпын. Соған қуанамын. Бір нәрсені істей алмадым деп айта алмаймын. Әрине, жоспарлаған бағдарламаларымды жүзеге асыруда кедергілер болды. Бәйдібек ауданында қазір қолға алынып жатқан су қоймалары туралы мен 2013-жылы бағдарлама түзгенмін. Кеш те болса қолға алынуда ғой. Қазығұрт ауданында «Үлкен Келес» магистральды каналының суын орталықтағы тұрғындар игілігіне пайдалануды, орталыққа кәріз жүйесін салуды жүзеге асырғым келген. Өкінішке қарай осы жұмыстар әлі жүзеге аспады. Өте керек жұмыстар.
2007 – 2008-жылдары Шымкентте қала территориясына кіретін шеткі бөліктерден қала типтес алты әкімшілік ұйымдастыруды ұсынған едім. Меніңше, ол әлі күнге дейін өз қажеттілігін жойған жоқ.
Шымкент қаласының бұрынғы фосфор зауыты маңындағы 300 гектарға жуық жерлерді қала меншігіне қайтаруды 2006-жылы бірінші болып біз бастадық. Шымкент қаласының Бас жоспарын жасау барысында қаланың ішкі бөліктерінен жеңіл өнеркәсіпке арналған, энергиямен қамтамасыз етілген учаскелер қалдыруды ұсынған едім, ол да жүзеге аспай қалды. Тігін, тамақ және тағы басқа да жеңіл өнеркәсіп орындары қала ішінде де болуы керек еді. Ол тұрғындарға тиімді болар еді.
Жалпы, өткенге еш өкінбеймін. Таза оптимист адаммын. Алдан тек жақсылық, жетістік күтіп жүремін.
–Мемлекеттік жауапты қызметте болған азамат ретінде бұл саладағы қазіргі өзгерістерге көзқарасыңыз қандай? Облыстың даму бағытына берер бағаңыз?
– Біріне көңіл толады, біріне қарның ашады. Мықты мамандар қалмай барады. Мемлекеттік қызметкерлер мойындарына жауапкершілік алудан қорқатын болды. Өйткені қорқытып тастады.
Бұл – өте қауіпті құбылыс.
Мемлекеттік қызметкерлер шешім қабылдар алдында жеке сарапшылардың қорытындыларымен өздерін қорғайды қазір. Жекеменшік сарапшының пікіріне сүйеніп жұмыс жасаса ондай мемлекеттік қызметтің не керегі бар? Мүмкін енді алда жасанды интеллект бағдарламаларына да жүгінетін шығар. Қазір көптеген банктерде, байланыс операторларында сұрағыңызға роботтар жауап береді ғой, сол сияқты бола ма деп қорқамын. Шешім қабылдамаса, жауапкершіліктен қашса «анда барыңыз, мұнда барыңыз, ана санды теріңіз, мына санды теріңіз, жауабыңызды алыңыз» деп тұратын робот мемлекеттік қызметкер болса болды ғой.
Облыстың даму бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп, әрине. Ауылдардағы жолдар, ауыз су, газдандыру бағыты жақсы. Енді тек олардың сапасына көңіл бөлінсе деймін.
Тыңдар құлақ болса, бағаны ырықтандыру бойынша, кооперативтік қозғалысты қайта қолға алу, ағын суды үнемдеу, ауылда жастарды тұрақтандыру, агросаланы қолдау туралы нақты ұсыныстарымды кезінде талай рет бергенмін, әлі де бере аламын. Тыңдауға да басшылар уақыт бөлуі керек. Аз уақыт емес, кемінде екі-үш сағат бөлуі керек. Жиырма минутта не айтып ұғындырасың?
– Жолыңызды қуып мемлекеттік қызметте жүрген перзенттеріңіз бар ма?
– Аллаға шүкір 3 ұл, 3 қызым бар, бәрі отбасылы, алтындай немерелерім бар. Оған күнде шүкіршілік жасаймын. Ұлдарым мемлекеттік қызметте істемейді. Бәрі кәсіпкерлік саласында. Мен әр кез «адамның ең үлкен жетістігі өзін өзі асырауды үйренуі» деп айтып отырамын. Ұл-қыздарың өзін өзі бағуды меңгерсе, уайымдамайсың.
–Мемлекеттік қызмет саласын таңдаған жас мамандарға қандай кеңес берген болар едіңіз?
– Елді, жерді, елдегі жұртыңды сүй деймін Елін, жерін, халқын жақсы көрген адам елге адал қызмет істейді.
Мемлекеттік қызметке «бай болам» деп емес, «елге еңбегі сіңген елеулі азамат болам» деп келіңдер. Соның өзі үлкен байлық. Ал «бай болам» десең кәсіпкерлікке ертерек кеткенің дұрыс.
–Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
– Шығармашылық жоспарларым бар, бірнеше кітабым дайын тұр. Соларды шығарсам деймін. Туған ауылым Амангелдіні көріктендірсем, мүмкін болса көкейімде жүрген кәсіпкерлік бағыттағы жобаларымды перзенттерім жүзеге асырса, соларға ақылшы болсам деп армандаймын.
– Ендеше мақсаттарыңыз орындала бергей дейміз. Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан – Д. ОРАЗ.
