ағайынның арасына іріткі салмаса болғаны
Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерді айналымға қосу, тиімді пайдалану турасында тапсырма бергені белгілі. Рас, Түркістан облысында Жер-Ананың жомарттығын тиімді пайдаланып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар жеткілікті. Дегенмен, әлі де игерусіз жатқан жер жоқ емес. Оның себеп-салдары да әртүрлі.
Біршама уақыт бұрын редакцияға Шардара ауданы Қызылқұм ауылының тұрғыны Қанат Бегалиев назын айтып келген болатын. Ол кісі бос жатқан жерді игеруге кедергілер барын алға тартып, соған көз жеткізу үшін бізді ауылына шақырды.
Жуырда аталған ауылға барып, тұрғындар арасында дауға себеп болған мәселені анықтауға тырыстық. «Жұмәділ ініміз 50 гектар жерді суландырып отырған тіршілік нәрінің ағысына бөгет болды, – деді қызылқұмдық Қанат Бегалиев. – Нақтырақ айтқанда, су жүріп өтетін темір құбырды үйіне апарып қойыпты. Құбыр жоғалған кезде ол жайында прокуратураға шағымдандым. Менің арызымды тексеруді аудандық ішкі істер бөліміне жіберді. Полиция қызметкері құбырды Жұмәділдің үйінің алдынан тапты. Осы кезге дейін құбырды кім алғанынан бейхабар болдым. Полиция қызметкері құбырдың Жұмәділдің өзінікі екенін, орнына бетон құбыр қойғанын айтты да кетті. Бетон құбыр деген аты болмаса сынып, шашылып жатыр. Полиция қызметкерінің мұнысын түсінбедім. Жұмәділдің айтқанына бас изеп кете береді ма? Неге тексеру жүргізіп, жан-жақтан сұрау салмайды? Біреудің затын алып кеттім деп кім айтады дейсіз?
Шындығын айтқанда ол жеке біреудің де меншігі емес, ауыл адамдарының ортақ пайдалануындағы құбыр. Құбырды 1975 жылдары жүгеріге су керек болғанда бригадир Оразтай Асабаев деген ағамыз басшылық жасап, тарттырған болатын. Содан бері совхоздың меншігінде болды. Ол кезде Жұмәділ мектеп жасындағы жас бала еді. Енді қалай иесі бола қалды? Жұмәділ 2002-2003 жылдары өзіне тиесілі жер телімін алып, бірнеше жылдан кейін қосымша құбыр тартқаны рас. Кейін ол құбырларды өзі қазып алып, темірге өткізді. Ортақ пайдаланудағы құбыр қалған еді, енді соны да иеленіп отыр.
Аудан әкімінің есепті жиындарында мен сол құбырды алып, басқа коллекторға қойып бер деп бірнеше рет айтқанмын. Сол кезде ауыл шетіндегі 100 гектардай игерілмей жатқан жерді де егіске пайдалануға болар еді».
Бұл мәселе жөнінде кезінде біз Жұмәділ Қанжігітовке де хабарласқанбыз. Ол кісі құбырдың өз жерінде жатқанын, орнына ұзақ уақытқа шыдамды бетон құбыр қойғызып жатқанын айтқан болатын. Ал ауылдық округтің әкімі Марат Байыров: «Бұл жердегі сонау совхоздың кезінде тартылған құбырлар шіріп кеткен. Оны жарамсыз болып қалуына байланысты жергілікті азамат ауыстырған. Бұл құбыр СТК-ге қарайды. Құбырдың орны қазылған күйі қалғандықтан Жұмәділге шұңқырды көміп, тегістеп тастауын тапсырғанбыз. Тегістеп қойды. Ал Қанат Бегалиевтің прокуратураға жазған шағымы тексерілді. Қорытындысы берілген шығар», – деді.
Әрине, бұл оқиғаға байланысты әркім әртүрлі уәж айтып, өз сөздерінің дұрыс екендігін алға тартады. Құжат бойынша кімдікі заңды екенін тиісті орындар анықтай жатар, ал біз ортақ пайдаланудағы мүліктің жекенің иеленуін жөн көрмейміз. Соның салдарынан қаншама жер игерілмей, шаруа зардап шегіп отыр. Ортақ дүниеге қатысты мәселені көпшілікпен ақылдасып шешкен дұрыс. Құбыр шіріген, жарамсыз десе, жергілікті әкімдіктің, кооперативтің өкілдерінің және көпшіліктің қатысуымен оған дәлел болатын құжат түзілуі тиіс. Бәлкім, құбырдың қазып алынуына оның шіруі емес, ауыр салмағы себеп болған шығар. Оны сатса қыруар ақша болатынын екінің бірі біледі. Шіріді, сынды деп сұрауы жоқ заттай әркім қазып алып кете берсе не болмақ? Онда темір емес, қоғам шіриді емес па?».
Оқиға орнына барып көргенімізде құбырлардың өзара біріктірілмегенін көрдік. Мұндай құбырмен діттеген жерге су жеткізу мүмкін емес, орта жолда ысырап болады. Бұл мәселені бүгін оңтайлы етіп шешіп алмаса, ертең үлкен дау туындауы мүмкін. Неге десеңіз, осы құбырмен келетін судан қанша шаруа егісіне пайдаланады. Ал су келмеген жерде қандай өнім болмақ? Әйтеуір шіріген құбыр дауы айрандай ұйып отырған бір ауылдағы ағайынның арасына іріткі салмаса болғаны.
Ұлықбек ҮМБЕТ.