Мәселе

Сарыағашта жұмыстан босаған завуч қалай директор болды?

Бұған дейін Түркістан облыстық білім басқармасы бос тұрған директорлық қызметтерге конкурс жариялаған болатын. 12 қазанда конкурстық комиссияның кезекті отырысы өтіп, бірнеше азамат оң баға алды. Соның арасындағы бір директорға қатысты наразылық көп айтылуда. Бізге хабарласқан Игілік есімді азамат «Сарыағаш ауданындағы Ш.Қалдаяқов атындағы №15 мектеп директоры болуға бір ауыздан лайықты деп танылған Қайрат Қосмұратовқа қатысты шешімге келіспейміз. Себебі, өзіне қойылған сұраққа Қайрат мырза олимпиадада жетістіктері бар екенін айтты. Оның облыстық деңгейде ешқандай жетістігі жоқ», — деген уәжін айтады. Бірақ аудандық білім бөліміндегі физика пәнінің әдіскері Төрегелді мырза Қ.Қосмұратовтың республикалық немесе облыстық деңгейде болмағынмен аудан көлемінде жетістіктері бар екенін мәлімдеді.

Содан кейін Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Тұрсынбаев қол қойған, бөлім жанындағы кеңестің төралқа құрамының ұсынысы бар екен. Онда былай делінеді: «Өзінің құзыретіне жататын міндеттерді орындауда жауапсыздық танытып, тиісінше орындамағаны және тексерушіге сұратылған құжаттарды ұсынбағаны үшін Ш.Қалдаяқов №15 атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Қосмұратовтың қызметтік мәселесін шешу мектеп директоры Р.Мекембекұлына тапсырылсын». Осыған орай біз мектептің бұрынғы директоры Р.Мекембекұлына хабарласқанымызда ол кісі Қ.Қосмұратовты сол уақытта орынбасарлықтан босатқанын айтты. Ал бұл мәселеге қатысты Қайрат Қосмұратовтың да айтар өз уәжі бар екен. «Мен ол кезде қызметтен өзім арыз жазып кеттім. Ешкім қуған жоқ. Сұрастырдым, ол жағдай менің конкурсқа түсуіме кедергі болмайтындықтан бағымды сынап көргім келді. Жетістіктерім аз емес. 2018-2019 жылдары облыстан алған марапаттарым да бар», – дейді бұрынғы орынбасар, қазіргі директор.

Біз осы оқиғаға байланысты сала мамандарының кеңес-пікірін білгіміз келді. «Мектеп директорлығына үміткердің облыста жетістігі болуы шарт деген ереже жоқ. Аудандық деңгейде жетістігі болса да жеткілікті. Бірақ комиссия сарапқа саларда кімде аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардан жетістігі барын ескеру керек. Яғни республикалық олимпиадада жетістігі бола тұра аудандық олимпиададан жетістігі бар үміткерді өткізіп жіберсе дұрыс болмайды. Екінші мәселе — Түркістанда отырған комиссия мүшелері алдарына барған құжат шеңберінде шешім қабылдайды. Олар шалғай ауылдағы мектепте не болып жатқанынан бейхабар. Егер үміткердің бұрынғы жұмысында шикілік бары комиссия назарына ұсынылар болса, бәлкім шешімдерін өзгерткен болар ма еді? Осы мәселе бойынша мен басқарманың бұрынғы басшысы Р.Жолаевқа комиссияға мүше болмаса да ауданнан бір бақылаушы қатысуы тиіс екенін айтқанмын. Себебі ол кімнің қандай маман екенін, қандай жетістіктері немесе кемшіліктері барын ескертіп отырған болар еді. Ол кісі қолдайтынын айтып, қолға аламыз деп жүргенде қызметтен кетіп қалды», – дейді Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова.

Келіспеушілік орын алған мектептегі жағдайға байланысты біз Сарыағаш аудандық білім бөліміне хабарласып, бас маман Айбек Тұрсынбаевпен де тілдестік. «Қ.Қосмұратовтың іс-әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы жоқ. Әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлемеген. Қаржылық қитұрқылықтарға бармаған. Орынбасар кезінде өзінің құзіреттілік міндеттеріне салғырттық танытқаны үшін шара көрілген. Бірақ, бұл конкурсқа қатысуға кедергі бола алмайды. Шешім қабылдау конкурстық комиссияның құзіретінде. Бізден үміткер туралы мінездеме сұрамайды. Дегенмен мінездемені мектеп басшысы берсе болады. Бірақ ол да міндетті емес», — деді бас маман.

Комиссия мүшелерінің қорытынды шешіміне наразылардың пікірінше, орынбасар қызметінде жүріп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарай алмаған адамның директорлық міндетті қаншалықты мінсіз атқара алады дегенге саяды. Әрине, мұндай сауалдың туындайтыны заңдылық. Өйткені, қаншама ұстаз жұмыс істейтін, бала оқитын мекеменің тізгініне ие болу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алайда, біреудің емес, өзінің қателігінен сабақ алып, ендігі жерде қателігін қайталамауға құмбыл болар бәлкім. Лайым солай болғай. Біздің айтарымыз, конкурстық комиссияның мектептерге директор таңдауда мұқият болып, бармақ басты, көз қысты әрекеттерден барынша аулақ болғандары жөн. Директор дұрыс таңдалмаған білім мен тәрбие ошақтарында дау-дамайды тоқтату қиын.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *