Біле жүріңіз Шымкент

Жолайырықтың екінші кезеңін салу басталады


Шымкент қаласындағы Бәйдібек би –Арғынбеков көшелерінен салынып жатқан көп деңгейлі жолайырықтың маңызы мегаполис тұрғындары үшін өте жоғары. Қаладағы көлік қозғалысын реттеуге септігін тигізіп қана қоймай, бұл құрылыс нысаны бірқатар әлеуметтік мәселелерді де шешуге негіз болмақ. Әрі архитектуралық жағынан да еліміздегі үшінші мегаполистің кескін келбетіне үйлесім берері сөзсіз.

Ең бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруі үшін инфрақұрылымдарда түйіткілді мәселе болмауы керек. Жол құрылысындағы сапаға да Президент мән беру керектігін тапсырып отыр.  

 Қазір Шымкент қаласында Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырымды құрайды және 8 кезең бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, сондай-ақ бұл кезеңдерге қатысты Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Мамандардың айтуынша, биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарлануда екен.

Бұдан бөлек 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізіліп жатқанын да айта кеткен орынды. «Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізеді» дейді мамандар.

Сонымен бірге бұл жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Бұл өз кезегінде елдің табыс табуына, кәсіпкерлікті нығайтуына, тұрмыстық әлеуетін жақсартуға негіз болатыны белгілі.

Жалпы Бәйдібек би даңғылы-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі уақытша ашылды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру биыл жылдың соңына жоспарланған.

Ал ендігі жоспарда Бәйдібек би–Арғынбеков көше қиылысындағы жолайрық құрылысының 2-ші кезеңін жүргізу ісі тұр.

Жасыратыны жоқ, Шымкентте қазір жаппай жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқандай әсерде қаласыз. Себебі, аталған жол жобаларына қосымша қазір мегаполисте Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары жүруде. 

Жол салу демекші, Жібек жолы – Сайрам көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында жолайрық салу жоспарланып отырғанын да айта кеткен жөн.

Жоғарыда аталған жобалар толық іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жол желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғарылайтын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *