Қоғам

Мәдениеттің мерейін көтерген мамандар


21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Мәдениеттің мерейін көтеріп, мәртебесін түсірмей жүрген сала мамандарының кәсіби мерекесі. Қоғамдық маңызы бар осынау мерекеде Түркістанда сала мамандарын салтанатты жағдайда құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, өнер және мәдениет саласының үздіктері қатысты.

– Бүгін – жауапкершілік арқалап келе жатқан жандарға алғыс айтатын айшықты күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесін көтерді. Бұл ретте,  Түркістанның рухани, мәдени әлеуетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздерге артылар жүк ауыр. Қоғам сіздерден шалқар шабыт пен шығармашылық табыс күтеді. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының мәдениет саласына деген ыстық ықыласы мен қолдауының арқасында өңірде ауқымды мәдени жобалар іске асып келеді, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Бүгінде облыста 700-ге жуық  мәдениет және өнер мекемесі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі шараларды жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, ұйымдастыру ісінде белсенді қатысуда. Астана қаласындағы Түркістан облысының мәдениет күндеріне де дайындық қыза түскен шақта өздерінің кәсіби мерекесін атап өтіп отырған өңірдің мәдениет саласының майталмандарына айтылар алғыс та аз емес.

Солай болды да. Өңір мәдениетінің дамуына еңбегі сіңген сала мамандарын салтанатты жиында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, мәдениет және өнер қызметкерлерінің бірқатарына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Түркістан облыстық мәслихатының және «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының марапаты табыс етілді. Облыстық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының және Облыстық мәдениет және туризм басқармасының Алғыс хаты да лайықты жандарға табыс етілі. Өз мерекелерінде шабыттана ән салып, би билеген өнерпайздардың концерттік бағдарламасы да әсерлі шықты.

Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл толуына орай жыл басынан бері ауқымды жобалар іске асып келеді. Олардың қатарында мәдени-рухани шаралар да аз емес. Бұған дейін де газетімізде жазғанымыздай «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» ұйымдастырылып, Тараз және Алматы қалаларында қаламгерлер бас қосты. Мәні мен мазмұны ерек мәдени шараның көш керуені алдағы күндері Астанада жалғасады.

Бұдан бөлек, әр апта сайын Түркістанның төрінде, рухани қала аспанын ән мен күйге бөлеп «Өнерлі өлке» фестивалі өтуде. Оған облысымыздың барлық аудан-қалаларының мәдениет майталмандары ат салысуда. Түрксітандықтар мен қала қонақтары әр айданның мәдениет күндерін тамашалап, өнерлеріне тәнті болуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *