Әлеумет Біле жүріңіз

Тіс дәрігеріне бару үшін емханадан жолдама алу керек пе?

немесе стоматологиялық көмекті қалай аламыз?

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшартқа тұрды. Осы ретте, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтан мән-жайды анықтаған болатынбыз.

–Жалпы, МӘМС есебінен  стоматологиялық  қызмет көрсету бойынша қандай  жаңалықтар бар?

– Стоматологиялық көмек көрсету процесінде ешқандай өзгеріс болмады. Пациент бұрынғыдай медициналық көмектерін ала береді. Тек келісімшарт жасау тәртібі өзгерді. Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызметті  көрсетті. Енді ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан  бастап Қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін  тікелей клиникалармен шартқа отырды.   Демек енді стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және Қормен келісімшарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отыру керек. Бұрын бұнымен артылған жүктемеге қарамастан пациенттің тіркелген емханасы айналысып келді. Салдарынан пациент алмаған медициналық қызметті алды деп жазатын жағдайлар орын алған. Қор  сарапшылары аталмыш олқылықтарды  мониторинг жасаған кезде медициналық құжаттардан анықтады.

–Стоматологиялық көмекті ақысыз алатын санаттар жөнінде білгіміз келеді… 

–МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана алады. Ал, шұғыл көмекті балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар(оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар), әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар алады. 

–Стоматологиялық қызметтерді алу үшін белгілі бір медициналық ұйымға тіркелу қажет пе? 

–Медициналық ұйымға тіркелу міндетті емес. Бүгінде  әлеуметтік желілерде «Қор стоматологиялық қызметтерді қаржыландыруды қысқартып, тек  емханаға тіркелген азаматтардың санатына ғана көрсетіледі. Не болмаса қызметтер ақылы негізде ұсынылады» деген ақпарат тарап жүр.  Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қорға  осы мәселе бойынша көптеген шағым түсті. Қор тарапынан жалған ақпарат бойынша  пациенттердің құқығын қорғауға тиісті шаралар қабылданады.  

–Стоматологиялық қызметтерді алу үшін емханадан жолдама алу керек пе?

–Емханадан жолдама керек емес. Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек алушылардың санаттарының біріне кіруі керек және медициналық көрсеткіштері болуы тиіс. 

–МӘМС және ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтердің айырмашылығы неде?

–Егер жоспарлы медициналық көмек алу үшін сақтандыру мәртебесі міндетті түрде болуы  керек. Ал, қатты ауырсыну болса, онда мәртебе қажет емес және медициналық қызмет ақысыз көрсетіледі. Ескерерлігі, пациент барлық медициналық қызмет түрлерін тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана ала алады.  

–МӘМС есебінен қандай стоматологиялық қызметтерді алуға болады?

–Негізі көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі ауқымды. Жалпы, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Оның ішінде, пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтері бар. Сонымен қатар, МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады.

Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады (Ескерту: ҚР ДСМ 2016 жылғы 12 желтоқсандағы No 1053 бұйрығы).

–Стоматологиялық клиниканы пациенттің  таңдауына  болады ма?

–Иә, болады. Тек клиниканың  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырғаның анықтау керек. Стоматологиялық клиникалар  тізімін fms.kz ресми сайтынан көруге немесе клиникадан сұрауға болады.

–Емханаларда стоматологиялық көмек көрсетіледі ма?

–Тиісті жабдықтары мен мамандары бар емханаларда стоматологиялық көмек алуға болады. Емханаға тіркелген азаматтар ғана емес, басқа жерде тіркелген азаматтар да көмек ала алады. Ол үшін тіркеу бөлімі арқылы қабылдауға жазылу керек.

–Егер пациентке МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетілмесе, онда қайда жүгінуге болады? 

–Қор бірнеше кері байланыс арналарын қосқан. Мәселен, клиниканың пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуы керек. Не болмаса  Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406  бірыңғай байланыс орталығы арқылы медициналық сақтандыру қорына хабарласуы  керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *