Әлеумет

«ШЕГЕ ШАПАН» ДӘСТҮРІН ЖАҢҒЫРТАЙЫҚ

Кейінгі кездері жиі аңғарып, өзіме ой салып жүрген бір жайды оқырмандармен бөліссем деймін. Газет бетінен орын берсеңіздер, жұрт оқып, ой түйер, пікір бөлісер, бәлкім.

Енді бірер күнде жаз маусымы басталғалы тұр. Бұл – ел ішінде той-томалақтың көбейетін кезі. Бүгінде ұлын үйлендірудің, қызын ұзатудың қамына кірісіп жатқандар бар. «Пәленше болашақ құдаларымен тәтті шай ішіпті», «қалыңмалын келісіпті», «тойдың күнін кеңесіпті» деген сөздерді естіп қаламыз.

Жалпы, қазақтың дәстүрінде «тәтті шай» деген болған ба? Болған екен. Бұл дәстүрдің болғанына нақты дәлел де бар. Ұмытылған дәстүрлердің бірі – «шеге шапанды» бұрынғының тәтті шайы десе болар.

Шеге шапан дәстүрі кәде, сый арқылы қазақ халқының тұрмыс салтына енген. Құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін бір-біріне сый-сияпат ұсынады. Жігіт жағы қарғы бау ұсынғаннан кейін жаушыға шеге шапан жабады. Бұл – уәде пісті деген сөз. Жаушы жіберген жақ өз жаушыларының үстіндегі шеге шапанын көріп, оларды шашу шашып қарсы алады.

Ал, бүгінгінің шеге шапанының аты «тәтті шай» болып өзгерген. Айырмашылығы – бұрынғылар жанама құдаларды жіберсе, бүгінгілер құда мен құдағидың өздері кездесіп сөйлеседі. Уағдаласқан екі жақ бір-біріне алтын тағып, сый ұсынады. Екі жастың қуанышын тойлауды келісіп, ақылдасады.

Байқасаңыздар, бүгінде ілуде біреу болмаса, тәтті шай түгілі, үлкен тойларда да шапан жабу дәстүрі қалып барады. Ұлттық құндылықтарымызды салт-дәстүр арқылы дәріптеуден неге қашқақтаймыз?

Біздің дініміз – бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Сыйлықтар тарту ету – сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүннеті. Шеге шапан – ата-бабалардың өзара қарым-қатынасты бекітіп, сыйлық тарту ету арқылы сүйіспеншілікті арттырып, Алла разылығына ұмтылғаны емес пе?

Ендеше, дініміздің де, дәстүріміздің де дамуына үлес қосатын шапан сыйлау кәдесін жаңғыртайық, ағайын!

Ақмарал Леубаева,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының аға ғылыми қызметкері,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *