Әлеумет

180 мың теңгелік көйлектер тоқиды

Біздің кейіпкер


Әйгерім Әлімқұлдың тоқыма шеберханасының табалдырығын аттағаннан-ақ бойымызды бір жылылық билегендей болды. Бөлме ішінің безендірілуі, ондағы жиһаздар, тіпті радиода шырқалған ретро ән… бәрі-бәрі бізді тоқсаныншы жылдарға жетелеп кеткендей. Алдарына қойылған үлгіге қарап, үнсіз тоқып отырған апалар секілді өзімізді сырттағы қым-қуат тіршіліктен бір сәт алшақ алып, жайлы ортада жүрегіміз тыныштық тапқандай күйге ендік.

«Қазіргі жастар алғыр келеді. Қаршадай Әйгерім бізге осындай сұлулық сыйлап жатыр» деген апалардың сөзінен олардың немерелеріндей қыздан өнер үйреніп жүргендеріне еш арланбайтынын, қайта қуанатынын ұқтық. Әйгерімнің мамандығы – заңгер. Колледж бен университетті осы мамандық бойынша бітіріп, жұмыс істеген. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін интернеттен алдымен сөмке, ойыншық, кейіннен балаларға арналған киімдерді тоқуды үйреніпті.

– Шынымды айтсам, менде бұрын-соңды тоқымамен айналысып, оны кәсіп етемін деген ой болған емес. Тіпті, бала күнімде де бойымнан мұндай қасиет байқалған жоқ. 2017 жылы декреттік демалысқа шыққаннан кейін тоқыма тоқуға құмарта бастадым. Ютуб каналынан қыз-келіншектерге арналған сәнді сөмке, одан кейін түрлі ойыншықтар тоқып үйрендім. Әр бұйым біткен сайын тоқуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір тоқыма тоқу Әйгерімнің сүйікті ісіне әрі жұмысына айналған. Ол көбіне бір-біріне ұқсамайтын киімдерді тоқығанды жақсы көреді. Айтуынша, бұл оның қиялына қанат бітіреді. Интернеттен тоқылған киім үлгілерінің ішінен өзіне ұнағанын таңдап, сол бойынша адамдардан тапсырыс жинап, бір айдағы жұмыс жоспарын алдын ала жасайды.

– Ойыма алған істі созып жүрмей, бірден бастап кеткенді ұнатамын. Бір айда шамамен 3-4 киім тоқимын. Соларды бітіріп, тұтынушыларға жеткізіп бергенімше келесі тапсырыстарды қабылдамаймын. Өйткені, қолмен тоқу көп уақытты талап етеді. Әрі тоқып отырғанда жаңаша өзгеріс енгізуді ойлайсың, – дейді Әйгерім.

Шеберханадағы манекеннен Әйгерімнің кестелеп тоқыған көйлектерін көріп, оның өз стилі қалыптасып келе жатқанын байқадық. Бір көйлектің бағасы – 180 мың теңге. Оларды шебер арнайы тапсырыспен тоқиды екен. Қарап отырсаңыз, кейіпкеріміздің тоқыма саласында үлгі алатын адамы жоқ. Дегенмен, оны осы істе шабыттандыратын дүниелер бар. Солардың бірі ретінде оның шәкірттерінің ынтасын айтуға болады. Бастапқыда тоқыманы өзі үшін үйренген Әйгерім қазір білімін оқушылары үшін жетілдіріп жүр.

Әйгерімнің жолдасы мен үш баласы бар. Жас отбасы Шымкент қаласында екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Әйгерім алғашқыда пәтердің бір бөлмесін шеберхана етіп, онда адамдарға тоқыма тоқуды үйреткен болатын. Кейіннен оқушыларының қатары артып, олар тіпті аптаның демалыс күндері де келуге ниет білдіре бастайды. Міне, осы кезде Әйгерімге өз алдына бөлек шеберхана ашу туралы ой келеді.

– Бір оқушы тоқыманы өз бетінше үлгіге қарап тоқи алуы үшін оған кем дегенде үш ай уақыт керек. Мен шеберханада оқушыларыма тоқыма тоқуды үйретіп қана қоймаймын, оларға бағыт-бағдар беремін. Шәкірттерім негізгі жұмысты үйлерінде істейді. Ал, мұнда олар қолдарын жаттықтырып, үлгіні оқуды және сол бойынша жұмыс істеуді, киімнің өлшеміне қарай неше ілмек қажет екенін есептеуді меңгереді, – дейді кейіпкеріміз.

Әйгерім әр оқушыдан тоқыманы үйреткені үшін айына 35 мың теңге алады.

– Оқу курсымның бағасы жайлы айтқанымда барлығы таңқалады. «Тоқыма тоқуды үйрену де осындай қымбат болады ма?» дейді. Ал, мен үшін тоқыма өнері – жәй өнер емес. Ол – таза еңбекті талап ететін өнер. Сондықтан, оны арзанға бағалай алмаймын. Біле білгенге, бұл көз майыңды тауысып отырып жасайтын бейнеті көп жұмыс. Көпшілік тоқыманы жасы егде тартқан аналар айналысатын шаруа деп қарайды. Бұрындары солай болған шығар. Ал, қазір уақыт өзгерді. Талғам өзгерді. Тоқыма өнеріне де жаңашылдық келді. Қолмен тоқылған бұйымдар трендке айналды. Міне, сондықтан да қазір тоқыманы үйренуге құштар жандар көп. Қасыма көмекші алғым-ақ келеді. Алайда, жолдасым екеуміз баспана сатып алуды жоспарлап жүргендіктен, әзірге бұған мүмкіндік болмай тұр. Болашақта алдыма қойған мақсаттарым көп. Сол армандарыма қол жеткізу үшін бір күн де тоқтамауым керек, – дейді алдағы күндеріне үмітпен қарайтын еңбекқор Әйгерім.

Ол бір кездері қызығушылықпен бастаған өнердің өмірін осылай өзгерткеніне кейіпкеріміздің өзі де сене алмайды. Ал, сіз өз өміріңізді өзгертуге дайынсыз ба? Бастап көріңіз, бұл іс сіздің де қолыңыздан келеді…

Д. Тойлыбайқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *