Шымкент

Дайындық пысықталды

 Шымкентте төтенше жағдайлардың алдын алу, соның ішінде өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарына сала мамандарының қаншалықты дайын екендігін тексерген «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы болып өтті. Жаттығу аясында «Жасыл белдеу» базасында өртті сөндіруге қатысты тактикалық әдістер көрсетілді.

Күнделікті тұрмыстық жағдайлардан көріп жүргеніміздей, жазғы және күзгі кезеңдерде өрт оқиғасының орын алуы өте жиі кездеседі. Себебі шөп орым, егін оруда жіберілетін қателіктерден және қураған аумақтан, тұрмыстық қоқыстардың бақылаусыз қалуынан өрт шығу қауіпі жоғары.

Ал мұндай өрт салдарынан үйлер, шаруашылық ғимараттар, жем-шөп, автотехникаға залал келіп, орны толмас қайғылы жағдайлар да болып жатады. Өрттің таралу жылдамдығы өте жоғары. Тіпті ересек адамға өз бетінше өртті өшіруге мүмкіндік бола бермейді. Әсіресе, қызық үшін ойын баласының шөп өртейтіні де жасырын емес. Сондықтан да балаларға өрттің қауіпті екенін, оның айналаға үлкен залал келтіретінін ұдайы айтып отырған жөн. Мамандар осылай дейді.

Ал Шымкентте өткен оқу жаттығу іс-шарасы орман-дала өрттерін сөндіру кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын пысықтауға арналды. Аталған іс-шара төтенше жағдайларды жою жетекшісі А.Кәрімов пен Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Қ.Базарбаевтың төрағалығымен өтті. Өрт сөндірудің тактикалық оқу-жаттығуына Шымкент қаласының азаматтық қорғау қызметтері түгел қатысты. Оқу-жаттығудың қорытындысында азаматтық қорғау қызметтерінің өрт қауіпті кезеңге дайындығы бойынша түсіндірме жұмыстары тыңдалды.

Төтенше жағдайларды жою жетекшісі А.Кәрімов азаматтық қорғау қызметтері бойынша тиісті тапсырмалар берді. Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша қала әкіміне ақпаратты ұсынымдар берілетін болды.

Оқу-жаттығуға жалпы азаматтық қорғау қызметтерінен 297 адам және 79 бірлік техника қатысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *