Жаз айлары табиғат аясында демалып, серуен құрып, шомылуға ең қолайлы кезең. Алайда дәл осы уақытта адам денсаулығына қауіп төндіретін жәндіктердің бірі – кене ерекше белсенді болады. Көпшілік кенені қарапайым жәндік деп қабылдағанымен, оның шағуы ауыр жұқпалы ауруларға әкеледі.
Кене көбінесе орман, дала, шалғынды, ылғалды аймақтарда, әсіресе шөп пен бұта арасында тіршілік етеді. Кененің қауіптілігі – оның түрлі вирустар мен бактерияларды тасымалдауында. Бір ғана шағу адам ағзасына бірнеше инфекцияны жұқтыруы мүмкін.
Кене – көптеген қауіпті инфекциялардың тасымалдаушысы. Олардың ішінде ең кең таралғандары – кене энцефалиті. Бұл – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр вирустық ауру. Асқынған жағдайда сал ауруы, сөйлеу және қозғалу қабілетінің бұзылуы, өлім қаупін тудырады. Лайм ауруы (боррелиоз) — бактериялық инфекция. Негізгі белгісі – шағу орнында пайда болатын қызыл дақ. Емделмеген жағдайда жүрекке, буындарға, жүйке жүйесіне әсер етеді.
Кене шаққаннан кейінгі аллергиялық реакцияларды да біліп жүрген дұрыс. Кей адамдарда ісіну, қышу, қызару, ауыр жағдайда анафилаксия сияқты белгілер болуы мүмкін. Кене энцефалитінің даму кезеңдеріне келер болсақ, ауру бірнеше кезеңмен өтеді: жасырын кезең – 7-14 күн, бастапқы кезең – тұмауға ұқсас белгілер, асқыну кезеңі – жүйке жүйесінің зақымдануы. Ерте анықталмаса, ауру ауыр салдарға алып келеді.
Кенеден қорғану үшін мүмкіндігінше ұзын жеңді, ашық түсті киім кию керек. Шалбар балағын шұлыққа салу, бас киім пайдалану, өзін және жақындарын ұдайы тексеру, серуеннен кейін денені толық тексеру, балаларды мұқият қарау керек, шөпті уақтылы шабу, бұталарды тазалау, қоқысты жинау кенеден келетін қауіпті азайтады.
Кене энцефалитіне қарсы вакцина – ең тиімді қорғаныс тәсілі. Әсіресе орманды аймақта тұратындар, мал шаруашылығымен айналысатындар, табиғатта жиі болатын адамдар үшін өте маңызды. Кене шаққанда дереу алып тастау керек. Оны бұрап, ақырын шығару қажет. Жараны антисептикпен өңдеу, кенені зертханаға тексерту, дәрігерге қаралу керек. Кенені қолмен сығып немесе жұлқып алуға болмайды. Егер дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, бөртпе пайда болса, әлсіздік байқалса бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Кене арқылы таралатын аурулар жеке адамға ғана емес, қоғамға да қауіп төндіреді. Сондықтан, халықты ақпараттандыру, профилактикалық жұмыстар жүргізу, вакцинацияны арттыру — қоғамдық денсаулықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
Кене – кішкентай болғанымен, аса қауіпті жәндік. Оның шағуы адам өміріне қауіп төндіретін түрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр адам табиғат аясында демалғанда сақтық шараларын ұстанып, өз денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Б. Құлназарова,
Сауран аудандық
емханасының
инфекционист дәрігері.
