Біле жүріңіз Қоғам

Шұбайқызылға туристер көп келе ме?

 

«Келеді» дейді түлкібастықтар. Әйгілі Шұбайқызыл шоқысы Түлкібас ауданында орналасқан. Көктемде өрттей болатын қызғалдақтар көпшіліктің көзін қызықтырмай қоймайтыны анық. Ары кетсе екі апта жайқалып тұратын қызғалдақтарды қызықтауға туристерді тартуға болады. Экономикасын туризмді дамытудан түзеп алған елдер аз ба? Десе де экологияны сақтау, табиғатты аялау мәселесін де ұмытпаған жөн.

Қазақтың классик жазушысы Мархабат Байғұт ағамыз кезінде «Қызғалдақты қыздай, қыздарды қызғалдақтай қадірлейік!» дегенді де осы Шұбайқызыл шоқысында айтқан. «Қызыл кітапқа» енгізілген «грейг» қызғалдағы ең көп өсетін аумақ та тап осы жер.

Сұлулықты аялай жүріп, әлемге паш етіп көрсету де бір өнер. Оның өзіндік қиындығы да жоқ емес. Бұл жобаға байыппен бас қатыра бастаса керек, жақында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев табиғаттың баға жетпес байлығы өсетін «Шұбайқызыл» шоқысына арнайы барып, жергілікті мамандармен мәселенің мәнісін бірге талқылады. Мәнісі мынада: табиғи мұраны табиғи қалпында сақтай отырып, ешкімге таптатпай, бүліндірмей туристер тарту. Бұл ауданның әлеуетін арттыруға да септігін тигізбек.  

Жыл сайын сәуір айында бұл алқапты тамашалауға келетіндердің қарасы артады. Аумақты ерекше қорғауға алып, экотуризмді дамыту қажет. Сосын, туристерге қолайлы жағдай жасалғаны жөн. Инфрақұрылым тарту, табиғатқа зияны тиместей етіп демалыс аймағын құрсақ. Аудан әкімінің жоспары осындай. «Түлкібастың туристік имиджін көтеруге зор мүмкіндік береді» дейді ол. Экологиялық туризм аймағында жаңа жұмыс орыны ашылатыны да белгілі. Ендігі мақсат осы жобаны бастапқы қалпынан айнымай жүзеге асыру.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *