Әлеумет Басты жаңалықтар

Алғашқы қоңырау күнгі мектептегі төбелес

оқушылар емес, ұстаздар мен ата-аналар арасында болды

Еліміздегі барлық білім ошақтарында 1-қыркүйек – мереке. Бұл күні білім, тәлім алуға келген оқушылардың жүздері бал-бұл жайна, жаңа оқу жылына жаңаша көңіл-күймен кіріседі. Өкінішке қарай, мұндай көрініс барлық жерде байқала бермейді екен. Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты Т.Тәжібаев атындағы мектепте бұл күні қуана қауышу емес, ызалана жағаға жармасу орын алды.

Tентек мінезді оқушылар арасында деп ойласаңыз қателесесіз, бұл жолы ұлағатты ұстаздар мен ардақты ата-аналар арасында…

Балалардың қуаныштарын су сепкендей басып, ұстаз атты ұлы, ата-ана атты ардақты есімге кір келтірген жанжалдың себепкерлері — бір топ ересек адамдар. Түс мезгілінде болған төбелес әлеуметтік желі арқылы тұтас елге тарады. Жанжалдың ушығуына байланысты оқиға орнына Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Мақұлбекқызы Қалдықараева мен полиция қызметкерлері де келген. Балаларға білім нәрін себеді, тәлім-тәрбие береді деген оншақты ұстаз енді сол күннен бастап біршама алтын уақыттарын мектептің емес, тергеушілердің кабинеттерінде өткізуге мәжбүр.

Дау неден басталды деген сауалға жауап іздеп, өткен аптада арнайылап Сарыағаш ауданына, дәлірегі, аудандық білім бөліміне бардық. Хатшы қыз бөлім басшысы Айсұлу Қалдықараеваның осы мәселеге қатысты прокуратураға кеткенін айтты. Дау ошағы – Т.Тәжібаев атындағы мектепке бас сұғып, директор Жайна Абылаевадан мән-жайды біліп, жанжал ішінде болған ұстаздар мен ата-аналарды, «таяқ жедім» деп полицияға шағымданған әлеуметтік желі белсендісі Әдия Назарбаеваны әңгіме тарттық. Әркім өз ақиқатын айтты. Уәждеріне сенсеңіз, ешкім өздерін кінәлі санамайды. Сонда жанжал неден, кімнен шықты? Біздің міндет – ақ-қарасын анықтап, дерек-дәйегін дәлелдеп, кінәліге айып тағу емес, оқиғаның қалай өрбігенін қаз-қалпында жеткізу. Ал, қорытынды жасауды – оқырман құзырына қалдырайық.

Бірінші кезекте тілдескеніміз мектеп басшысы Жайна Абылаева (суретте) болды. «Менің қызметке келгеніме 2 қыркүйек күні 1 жыл толды. Осы қысқа уақытта қаншама жетістікке жеттік. Бірде-бір құжаты сай болмаған білім ұясын магниттік, нысаналы мектептен жоғарыға көтердік. Бірақ менің талапшылдығым бәріне бірдей ұнай бермесе керек, қарсы топ пайда болды. 1 қыркүйектегі даулы жағдай аяқ асты, кездейсоқ бола салған жоқ. Тамыз айының бел ортасынан бастау алды десек те болады. Маған қарсы топ жоғарғы жаққа үндеу жасады. Менің сыртымнан қол қойып, жалған құжат дайындалған. Олай дейтінім, 2022 жылғы құжатқа менің қолым қойылған, ал мен ол кезде басқа мектепте жұмыс істегенмін.

Төбелес болған күні мектепте еңбек инспекциясының маманы Мұрат мырзаның сұратқан құжаттарын көрсетіп отырғанмын. Айқайды естіген бойда дәлізге шықсам әлеуметтік желі белсендісі Әдия Назарбаева мен ұстаздар арасында жанжал болып жатыр. Ә.Назарбаева екінші тарап ретінде директордың да уәжін тыңдауым керек деп тұр екен. Бұл әдейі ұйымдастырылған тірлік деп ойлаймын. Ал полиция төртінші мәрте шақырғанда ғана келді. Олар мектептегі камераны алып кетті. Мұғалімдерді шақырып, түсінік алып жатыр», — деді директор.

Тарих пәнінің мұғалімі Бақтыгүл Темірбекова өз көрген-білгенін былай деп жеткізді: «Сағат төрттер шамасында мектепке келгенімде, бейтаныс бір әйел кісінің «завучтар» бөлмесінің есігін сығалап тұрғанын көріп, мұғалімдер бөлмесіндегі әріптестеріме: «Бір бөтен кісі сыныпты таппай жүр ау деймін», –дедім. Сол кезде Дилдора апай шығып: «Апай, кімге келдіңіз? Ата-анасыз ба? Балаңызды таппай жүрсеңіз суретіңізді түсіріп, сынып жетекшілерге жіберейін», – депті. Сол жерде ол кісінің кімді іздеп жүргенін мен де сұрадым. Жөнін айту орнына: «Сендер мені суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жарияласаңдар сотқа берем», – деп, әртүрлі балағат сөздер айтып кетті. Суретке түсірген апай оны өшіргенін айтып, кешірім сұрады».

Б.Темірбекованың танымайтын адам деп тұрғаны — блогер Әдия Назарбаева. Мектептен енді шыққалы жатқанда директордың бір топ адамға сұхбат беріп тұрғанын байқадық. Арасында Ә.Назарбаева да бар екен. Мүмкіндікті пайдаланып, біз ол кісіні де әңгімеге тарттық. «Мен Президент пен Оқу-ағарту министріне үндеу жасап, бұл мектептің мұғалімдерін наркологиялық және психикалық тексеруден өткізу керектігін айттым, – деп бастады ол кісі әңгімесін. – Мені бірінші ата-аналар шақырды. Қолдарында директорға қарсы үндеу бар екен. Соны парақшаңда жариялап бер деген болатын. Тек олардың уәжін ғана жариялай салсам, біржақты болып кетер деген оймен екінші жақтың да пікірін тыңдап көргім келді. Мән-жайды зерттеп көрдім. Үндеуде айтылған уәждерде бір шикілік барын байқадым. Өйткені, айтқан сөздері бір-біріне сәйкес келмейді. Мәселен, олар «директордың «каспийіне» ақша аудардық» дейді. Түбіртегін тексеріп көрсем 1500, 2000 теңге аралығындағы ақша басқа адамның атына аударылған екен. Оны өздерінің ішкен тамағы мен «гәпке» аударған болуы да мүмкін. Анықталмаған нәрсені қалай жариялаймын? Екінші жақтың пікірін білу үшін директормен сөйлеспекші болып, мектепке келгенде жанжал басталып кетті. Айтпаған сөздері жоқ. Менің шетінеген баламды шайтанға теңеді. Өлген баласын қай ана шайтанға теңетіп қарап тұрады? Ашуланғаным рас. Бірақ, маған бірінші олар қол жұмсады. Қорғанбасам, таптап кететін түрлері бар. Мен ішімде балам бар екенін ескертіп, кейін шегіншектенсем де қоймады. Амал жоқ, денемнің көгерген жерлерін медициналық сараптамадан өткізіп, полицияға шағым түсірдім. Енді мені көмекке шақырған ата-аналар өзіме қоқан-лоққы жасауда. Рас, ата-аналардың алғашқы сөздерінен кейін «директор неткен нашар адам» деп ойлап едім, керісінше, ол кісі жаланың құрбанына айналып отырған секілді. Ұстаздар сабақ өткенше, өсек айтқанды ұнатады-ау, қараңыз, қазір де терезеден бізді камераға түсіріп тұр. Сонда олар сабақ өтпей ме?».

Айтқандай, қайтар жолда білім бөлімінің басшысы Айсұлу Мақұлбекқызына телефон арқылы қайта хабарластық. «Осы мәселе бойынша әкімдіктемін. Өте ұят тірлік болды. Енді ұстаздар тергеуге шақырылып, біз әкімдік пен прокуратураға, басқармаға түсінік жазып жүрміз», – деді ренішті үнмен.

Иә, Президент Түркістан облысындағы білім сапасын сынға алып, ауыз жиғанша Сарыағашта осындай келеңсіз көрініс орын алды. Ең сорақысы, бұл жанжал жуық арада біте қоймайтын секілді. Әңгіме ауанынан осыны байқадық. Сонда баланың білімімен тәрбиесімен кім, қашан, қалай айналысады? Әлде оқушыларға көрсетер үлгі-өнегеміз осы ма?!

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *