Әлеумет Басты жаңалықтар

Қауіпті болдырмауға қазірден қамданыңыз!

Күз келіп, күн салқындай бастаған сайын жылыту маусымына дайындық мәселесі де өзекті бола түседі. Жылы үй – әр отбасы үшін жайлылықтың белгісі. Алайда жылу беру кезеңінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау өртке, улы түтін мен көмірқышқыл газынан улануға және басқа да төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты Сауран ауданының тұрғындарын жылыту маусымына жауапкершілікпен қарап, қажетті сақтық шараларын алдын ала қолға алуға шақырамыз. Жеке тұрғын үйлерде қатты отын пайдаланатын азаматтар пештер мен мұржалардың жарамдылығын жылыту маусымы басталғанға дейін тексеріп, қажет болса жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Пештің қабырғаларында жарықтың болмауына, мұржаның бітеліп қалмауына және түтіннің үй ішіне таралмауына ерекше көңіл бөлген жөн. Пешті қараусыз қалдырмай, оны шамадан тыс қыздырмау да маңызды. Отын мен басқа да тез тұтанатын заттарды пешке тым жақын орналастыруға болмайды. Күлді арнайы қауіпсіз орынға шығарып, толық сөнгеніне көз жеткізген дұрыс. Әсіресе балалардың пешке, сіріңке мен от жағуға арналған құралдарға жақындамауын қадағалау – ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Көпқабатты тұрғын үйлерде де қауіпсіздік талаптарын естен шығармаған жөн. Пәтерлерде қолданылатын электр жылыту құралдарының жарамдылығын тексеріп, қолдан жасалған немесе техникалық талапқа сай келмейтін құрылғыларды пайдаланбау керек. Бір электр желісіне бірнеше қуатты құралды қатар қосу сымдардың қызып, өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан электр құралдарын пайдаланғанда нұсқаулық талаптарын сақтап, үйден шығарда олардың тоқтан ажыратылғанына көз жеткізу қажет.

Жылыту маусымында ескеретін тағы бір маңызды мәселе – көміртек тотығынан сақтану. Пештің дұрыс жанбауы немесе мұржаның тартпауынан үй ішіне адам өміріне қауіпті газ таралуы мүмкін. Сондықтан түтін мұржаларының тазалығын бақылап, бөлмені уақтылы желдетіп отырған жөн. Мүмкіндік болса, тұрғын үйлерге түтін мен газды анықтайтын арнайы датчиктер орнату да қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Қауіпсіздік ережелері бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ қарапайым сақтықтың өзі адам өмірін қорғауда үлкен рөл атқарады. Өрт болған жағдайда бір ғана отбасы емес, айналадағы тұрғындардың да қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын өз үйінің қауіпсіздігіне бейжай қарамауы керек.

Серікқали Смайлов,

Сауран ауданы ТЖ бөлімі №24 өрт сөндіру

бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *