Әлеумет

Көрме тиімді келіссөздерге жол ашты

Е

лімізде өнеркәсіп, өңдеуші саланы жетілдірмей экономиканың аяқтан нық тұруы қиын. Бұған Мемлекет басшысы да күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде қарайды. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүргізілуде. Таяуда Алматыдағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында өз жұмысын бастаған Қазақстандағы Қытай тауарлары көрмесіне облыс делегациясының арнайы барып қатысқанын сөзіміздің дәлелі ретінде айтуға болады. Делегацияны облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бастап барды. Ол Түркістан облысының инвестициялық даму қарқыны, инвесторларға ұсынылатын қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы баяндады. Шетелдік инвесторларды өндіріс орындарын ашуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Аталған көрмеге Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев пен аудан әкімінің орынбасары, кәсіпкерлер де қатысты. Мұндай халықаралық көрмеге қатысудың өзі инвестициялық тартымдылықты арттыруға, шетелдік капитал тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға мол мүмкіндіктер береді. Азат Әбдіғалиұлы қытайлық бірқатар ірі өндірістік компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қонақтар тарапынан «ІANGNAN CABLЕ», «Jinhua Jinlong Home Products», «Zhejiang Xunfeng Industry and Trade», «Qinnastan Health Industries» компанияларының өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды, олардың Ордабасы ауданында өндіріс орындарын орналастыру перспективалары қарастырылды. Жүргізілген келіссөздер барысында өндірістік кооперацияны дамыту, заманауи технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері талқыланды. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаласты.

Бүгінде еліміздің Қытаймен арадағы экономикалық байланыстары артуда. Мұның ел экономикасын өркендетуге өзіндік ықпалы болары анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *