Осылай деген «Нұршуақ» шағынаудананың тұрғындары
жол, жарыққа қатысты мәселе көп екенін айтады.
Осы мақалада көтерілген мәселеге қатысты тұрғындар арасында әртүрлі пікірлер айтылуда. Соның бірі Дүйсебек Нұғыманов есімді қала тұрғыны былай дейді: «Шымкентте адамдар тұрып жатқан барлық көшенің жарығын жарқыратып, жолына асфальт төсеп қойып па? Әлі жазда шаңы шығып, көктем, күз, қыс айларында тұрғындары балшыққа батып жүретін көшелерді әкімдер білмейтін болса, келсін, көрсетейік. Мынау не масқара, үй жоқ жерге жарық жағып, жол салып, адамдар тығыз қоныстанған көшелерде олар жоқ, әділдік қайда?» – деген соң шақырған жерге бардық. Д.Нұғыманов Абай ауданына қарасты «Нұршуақ» шағын ауданының тас төселген және әлі топырақ күйінде жатқан бірнеше көшесін көрсетті. Кейбір көше тұрғындары өздері қоныстанған көшенің тіпті, атын да білмейді екен.
«Көшені жарықтандырып қойса жақсы болар еді. Тым болмағанда аяқжол да жоқ. Қазір қараңғы ерте түседі. Бізді балаларымыздың қауіпсіздігі алаңдатады. Кештетіп балаларды мектептен өзім алып қайтамын, ал талай адам жұмыста болғандықтан балаларына бара да алмайды. Жарық, аяқжол жоқ көшеде түнделетіп жүру қиын, көлік қағып кетіп жатқандар да бар», – деп мұңын шақты «Бәйге» көшесінің тұрғыны Бейбіт Қасқырбай есімді азамат.
«Бәйге» көшесін қиып өтетін бір көшенің атауын таба алмадық. Атауы жоқ сол көшенің бір бөлігіне шағал тас төселсе, бір бөлігінің топырағы шығып, кешегі жауында лай-батпаққа айналыпты. Ал «Имантау» көшесінің соңғы жағындағы 100 метрдей жерге асфальт жетпей қалған ба, лайы шығуда. Көше тұрғындары картада көше деп көрсетілгенімен ол жерге асфальт төселмегенін айтады. Бұл көшенің жарық мәселесінің қандай екені айтпаса да түсінікті.
Дүйсенбі күні тұрғындардың аманатын арқалап, Абай ауданы әкімдігіне бардық. Бірақ аудан әкімі Шәкір Сұлтанхан да, оның үш орынбасарының біреуі де бізбен кездесу үшін төмен түспеді. Телефондарын да көтермеді. Бас маман Досхан Тұрғанбек шығып, жағдайды түсіндіруге тырысты. Аталған көшелерге 2027 жылы асфальт төсеп, көшенің жарық мәселесі де шешілетінін айтты.
Сейсенбі күні таңертең әкімдіктің маманы Бағдаулет Ботбаевпен бірге аталған көшелерге тағы бардық. Ол көшелерді суретке түсіріп, орналасқан жерлерін басшылыққа жіберді. Сол жерге бірнеше адам жиналып, Абай ауданы әкіміне шағымдарын айтты. «Аяқжол саламыз деп төккен тастары шашылып қалды. Ал балалар мектепке баратын, автобус жүретін үлкен көшеде жарық жоқ. Жолға қауіпсіздік мақсатында жасанды кедергі мен камера қойып беріңіздер деп әкімге талай айттық, бірақ орындалмайды. Соның салдарынан балаларды көлік қағып кетіп жатыр. Міне, көршіміз Бахадүр Хамитовтың Буниятбек есімді баласын көлік қағып кетті», – деп ашына сөйледі Әлихан Тілеуқабылов есімді тұрғын.
«Нұршуақ» шағынауданының төбе биі Жаңбыршы Жолдасбек өз ойын былай жеткізді: «Ашығын айтсам, аудан әкімі Шәкір Сұлтанханға барып, мәселені жеткізіп жүрміз, нәтиже жоқ. Төбе би ретінде мәселе қозғап, аудан әкіміне барып жүргендіктен оны мен танимын, ал тұрғындардың көпшілігі танымайды да. Арнайылап шақырамыз, келмейді. Аяқжолды талай айтып, істете алмадық. Қала басшысы Ғабит Сыздықбековтің де бұл мәселеден хабардар екеніне сенімдімін».
Тұрғындармен тілдескенімізде олардың аудан әкімінің жұмысына көңілдері толмайтынын байқадық. Ал жағдайды көруге келген маман Бақдәулет Ботбаев: «Асфальт төселмеген, жарығы жоқ көшелерді көрдік. Барлығын суретке түсіріп, картадан орналасқан жерін білдік. Мен мұны басшылыққа жолдайтын боламын. Зерделеп көреді. 2027 жылы бұл жолдарды асфальттау мәселесі шешілетін шығар», – деген уәжін айтты.
Бірақ маманның уәжі — аудан басшысының уәдесі емес. Бұған байланысты аудан әкімі не айтады, қандай шара қабылданады – ол уақыт еншісіндегі дүние. Бірақ, тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, мәселені өз көзімен көріп, шешім қабылдауға деген ниетін байқатпаған әкімге тұрғындар сенім арта алады ма? Мәселе осында. Президент халыққа ашық болыңдар дейді, қала басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы тұрғындармен жиі кездесіп жүр. Ал, Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан неге халықтың мұң-мұқтажына құлақ түруге құлықсыз?
