Қыркүйектің соңын ала Алатауға қар түсті. Ал кешегі 5-6-қазан күндері еліміздің бірқатар өңірлері алғашқы қарды қарсы алды. Бұл жөнінде әлеуметтік желілерде Астананың, Қостанайдың, Ақтөбе облысындағы бірқатар аудандардың тұрғындары хабарлап, бейнежазбалар жүктеді. Ауасы салқын тартқан Оңтүстіктің жұртшылығы да «қыстың қыр астында екенін» сезінгендей болды.
Алдағы ауа райы қандай болмақ? Бұған қатысты «Қазгидромет» республикалық ауа райын болжау орталығының қазан айына алдын-ала жасаған консультативтік болжамына көз жүгіртіп көрдік. Жаңбыр Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау, Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Қостанай облысының солтүстік-батысында ғана қалыптағыдан көбірек болады деп болжаныпты. Жамбыл, Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Қызылорда, Ұлытау облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Қарағанды, Абай облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан, Алматы облыстарының солтүстік жартысында қалыптағыдан аз күтіледі.
Түркістан облысында қазан айында ауаның орташа айлық температурасы +12+15,8 градус аралығында болмақ. Бұл қалыптағыдан 2 градус жоғары. Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде +9+14 градустан 0+5 градусқа, күндіз +25+30 градустан +17+22 градусқа дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі. Түнгі уақытта жер бетінде 2 градус үсік орын алмақ. Екінші онкүндікте ауа түнде 0+5 градустан ақырындап жоғарылайды. Күндіз +15+20 градустан +23+28 градусқа дейін біртіндеп көтеріледі. Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 0+5 градусқа дейін төмендейді. 3 градус үсік сезіледі. Күндіз температура +14+19 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр. Содан кейін температура түнде +11+16 градусқа дейін, күндіз +27+32 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында ауа түнде қайта +4+9, күндіз +20+25 градусқа дейін төмендейді.
Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың солтүстік жартысында қалыптағыдан аз, оңтүстік жартысында мөлшер шамасында болады деп күтілуде. Жаңбыр бірінші онкүндіктің ортасында, екінші және үшінші онкүндіктердің басында жаумақ. Екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел бұл айда жиірек тұруы мүмкін. Шаңды дауыл бірінші онкүндіктің басында және үшінші онкүндіктің соңында күтіледі.
Бұл – айлық ауа райының консультативтік болжамы. Болжамнан ауытқу болуы да ғажап емес, себебі ауада шекара жоқ. Сондықтан ол онкүндік болжамдармен нақталанып отыратыны да белгілі.
Жалпы, енді күзгі ауа райына сай жылы киініп жүрген жөн. Өйткені бұл кезде түрлі вирустардың бой көтеретіні мәлім. Иммунитеті төмен, жеңіл киінген адамның жұқпа әсеріне ұрынып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған абзал.
