Күз келісімен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері үйді-үйді аралап, жылыту пештерінің қыс маусымына дайындығын тексеруді бастайды. Әр үйдегі пештің мұржасын тазартып қоюға кеңес береді. Осы дағдысынан айнымаған Әл-Фараби ауданы ТЖБ қызметкерлері қазір жылыту маусымы аясында еріктілерімен бірлесіп, аудан аумағындағы жатақханаларда жүр. Тосын жағдай жиі орын алатын жатақханадағы тұрмыс белгілі. Тұрғындар көбіне ортақ мәселеге жеке дара бас қатырмайтыны бар. Салдарынан әр бөлмеге орнатылған газ пештері, электорлы жылыту қондырғылары талапқа сай орнатылмайды. Төтеншеліктер тұрғындарға «Улы газдан уланудың алдын алу», «Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Ал Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері №5 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін тарта отырып дәл осы тақырыптарда Наурыз шағын ауданы тұрғындарына үгіт-насихат түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар әлеуеті төмен отбасыларға жергілікті әкімшілік қызметкерлерінің қолдауымен «газталдағыш» құрылғылары орнатылды. «Маусымаралық суық мезгілде өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі — жылу жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу болып табылады» дейді сала мамандары. Осы мақсатта Қаратау ауданы ТЖБ қызметкерлері де Нұртас және Нұрсат шағын аудандарында «Пештерді жылыту маусымына дайындау» тақырыптары бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.