Кейінгі кездері жұртшылық арасында қатерлі ісік кеселдері көбейіп барады деген сөз жиі естіліп қалып жүр. Мұндай дерт балалар мен жастардың арасында көбейіп тұр деп те айтылады. Осы қаншалықты рас? Шымкентте, жалпы Оңтүстікте бұған қатысты ахуал қандай? Біз Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханасының директоры Жақсылық Мәуленовке (суретте) жолығып, оған осы және басқа да сұрақтарды қойдық.

Фаст-фудтар «үлесін» қосып жатыр
Жақсылық Оразбайұлы Шымкент қаласы бойынша диспансерлік есепте 8 мыңнан астам науқас тұратынын айтты. Бұл – тиісті емін алып, арнайы қадағалауда жүргендері. «Диспансерден жылына 2,5-3 мыңдай науқас ем алып жүреді. Оның ішінде жаңадан тіркелгендері – 1200-ге жуық адам», – дейді аурухана директоры.
Ал жұртшылық арасында, әсіресе жастар арасында обыр ауруы көбейіп барады деген сөзге қатысты Ж.Мәуленов былай деді:
«Бұл елдегі адам санының өсуіне байланысты байқалатын жай. Мысалы, 1990-жылдары Қазақстанда халықтың жалпы саны 15 миллион адам болса, қазір ол 20 миллионнан асты. Халықтың көбі мегаполистерге шоғырлана бастады, қалаға аудандардан келіп қоныстанушылар көп. Яғни дерттің де саны көбейе береді. Бұл – бір. Екіншіден, адамдар дұрыс тамақтануға көңіл бөлуі керек. Тиісті тексерулерден уақтылы өтіп, ағзаға зиянды нәрселерден бас тартқан абзал. Бізде тамақты кеш әрі шамадан тыс көп ішу, спирттік ішімдіктерді де кешкі уақытта көп қолдану, темекі шегу, фастфуд тағамдарын, газдалған сусындарды жиі пайдалану сияқты зиянды әдеттер бар. Әсіресе майда ұзақ уақыт қуырылған тағамдардың бәрінде де ағзаға зиянды әсер ететін канцерогендер болады.
Ал балалар арасында қатерлі ісік аурулары бұрын да болған. Бірақ ересектерге қарағанда оларда сирек кездеседі. Балаларда мұндай дерт көбіне туа біткен бейімділікке байланысты болады.
Жалпы, онкологиялық аурулар жас таңдап жатқан жоқ, сол себепті скринингтерге өзгеріс ендірілген. Мысалы, бұрын адам қатерлі ісікке қатысты скринингтен 40 жаста өтуі тиіс болса, бұл тәртіп 30 жасқа дейін төмендетілді».
100 мыңға шаққанда – 120 адам
Шымкентте қатерлі ісікке қатысты аурушаңдық деңгей ортадан төмен саналады. Дәрігердің айтуынша, 100 мың тұрғынға шаққанда 120 адамнан табылып отыр. Басқа өңірлермен салыстыратын болсақ, төмен көрсеткіш. Мысалы, Қазақстанның солтүстік және орталық аумақтарында ол 100 мың тұрғынға есептегенде 300-ге дейінгі адамнан табылып жатады екен. Жағдайдың бұлай қалыптасуына экологиялық жайлар, көкөніс, жеміс-жидектің аздығы, күннің салқындығы мен суықтығы да әсер етіп жатқан болуы мүмкін.
Жалпы, күннің жылы болуы ағзаға жайлы әсер етеді. Ал аптап ыстық кездерде күннің ультракүлгін сәулелерінен сақтанып жүру керек. Ол теріге теріс әсер етуі мүмкін.
Сүт безінің ісігі көбірек кездеседі
Дәрігер Шымкентте көбірек тіркелетіні сүт безінің қатерлі ісігі екенін атап өтті. Одан кейінгі орындарда сәйкесінше тоқ ішектің, асқазанның, өкпенің және жатыр мойнының қатерлі ісіктері тұр. Осының ішінде ауруды ерте кезеңінде анықтау мақсатында сүт безінің, жатыр мойнының және тоқ ішектің қатерлі ісіктері бойынша арнайы үш скрининг жүргізіледі. Олар республика көлемінде әрбір емханада іске асырылады. Осы тексеру кезінде қатерге күдік тудыратын жағдай байқалған адамға онкологиялық орталыққа жолдама беріледі. Онда жан-жақты тексеру жүргізіліп, қажеттілік болса, ем жасалады.
Сүт безінің қалыпсыздықтарын анықтау үшін қаламыздағы әр емханада маммографиялық құрылғылар қойылған. Ал жатыр мойны қатерлі ісігін гинекологтар арнайы «мазок» алып тексереді, ісік жасушалары табылып жатса, әйелді ары қарай тексеруге жібереді. Тоқ ішектің қатерлі ісігі үлкен дәрет арқылы тексеріледі, нәжісті арнайы тесттен өткізеді, құрамында қан белгілері болса, онкоорталыққа ары қарай тексеруге жолдайды. Адам онда колоноскопиядан өтеді. Тоқ ішекке толығымен видеовизуализация жасалады. Ісік белгілері табылып жатса, одан биопсия алып, жасуша деңгейінде тексереді. Қатерсіз жағдай ма, қабыну немесе қатерлі ісік бола ма – анықталған жайдың әрқайсысы үшін бөлек арнайы ем тағайындалады.
Папилломаға немқұрайды қарамаңыз
Қатерлі ісікке қатысты кей науқастарда туа біткен бейімділік, ісікалды жағдайлар болады. Мысалы, шырышты қабаттарда болатын адам папилломасы вирусы әйелдерде жатыр мойнының қатерлі ісігіне себеп туындатуы мүмкін. Вирустық қабынудан кейін ауыр дисплазия, яғни ісік жасушалары пайда болады, кейін ол қатерлі ісікке айналып кетеді. Скрининг кезінде сондай белгілер анықталып жатса, оған қабынуға қарсы ісікалды емдеу шаралары жүргізіледі.
«Адам папиллома вирусының себеп-салдарынан қатерлі ісіктер пайда болмасы үшін оның алдын алу керек. Сондықтан да мемлекеттік бағдарлама бойынша өткен жылдан бастап 11-13 жастағы қыздар арасында оған қарсы екпе енгізілген. Бұл екпені жасатқан қыздарда алдағы 10-15 жылда толыққанды иммунитет қалыптасып, вирусқа қарсы тұра алатындай жағдай туындайды. Соның арқасында жатыр мойны қатерлі ісігін түгелдей ұмытуға болады. Папилломаға қарсы екпені енгізген елдерде жатыр мойны қатерлі ісігі аса сирек және өте аз көлемде кездеседі. Сондықтан мемлекеттің бұған қатысты саясатын өте дұрыс деп ойлаймын. Оны біз БАҚ арқылы жиі айтудамыз. Тегін екпе бүгінгі күндері де жасалынуда. Оны жасатуға келісім бермей жатқан ата-аналарға біздің ескертеріміз, өтінішіміз – қыздарына осы екпені салдыртқаны дұрыс. «Вакцина бедеулікке ұшыратуы мүмкін» деген алыпқашпа әңгімелерге сенбеу керек. Екпеге дүние жүзі бойынша тиісті тексерулерден өткен препараттар қолданылып жатыр.
Жалпы, адам папилломасы вирусына қарсы екпе осыдан он жылдай бұрын пилоттық режимде басталған еді, бірақ антиваксерлер сынынан кейін тоқталып қалған болатын. Сол кездегі вакцина салдырған қыздардың тұрмысқа шыққандары арасында бүгінде бала көтеріп, сәби сүйіп жатқандары бар», – дейді Жақсылық Оразбайұлы.
Алғашқы сатыда анықталса, айығуға болады
Адам папиллома вирусының қатерлері және оған қарсы қолға алынған екпе жұмыстары туралы білікті дәрігер осылай дейді. Ал өкпенің қатерлі ісігі негізінен қоршаған ортаның әсерінен, темекі шегуден, алкогольді жөнсіз тұтынудан да болады екен. Бауыр, асқазан жолдарының қатерлі ісіктеріне де негізінен осындай зиянды әдеттер себеп. Дұрыс тамақтанбау да қатерлі ісік ауруларының туындауына жол ашады.
«Қатерлі ісік ауруынан науқастың түбегейлі айығуына мүмкіндік бар. Ол үшін алты ай сайынғы скринингке шақырылған адамдар оған немқұрайды қарамағаны дұрыс, барып, өтуі керек. Тегін жүргізілетін скринингке бір күн уақыт беріледі, жұмыс күні, жалақысы сақталады. Онкологиялық ауруға қарсы осындай профилактикалық тексерулерден өтіп тұрған абзал. Егер жоспарлы тексеруге барған адамда ісікалды жағдай, қабыну, қатерсіз ісік пайда болғаны анықталса, оны сол деңгейде алдыртып тастауға немесе емдетуге мүмкіндік туады. Алдын алған адам болашақта онкологиялық ауруға ұшырамауы мүмкін.
Онкологиялық аурулар төрт саты бойынша қаралады. Ауру 0 немесе 1-сатысында анықталса, уақтылы емделу арқылы адам одан толығымен айығып кетуі мүмкін деген жорамал бар. Ал қатерлі ісіктің 3 және 4-сатылары кеш анықталған болып табылады. Сол себептен әрбір адам дер кезінде профилактикалық шаралардан өтуі керек», – дейді дәрігер.
Тіліксіз кесуге мүмкіндік бар
Жақсылық Мәуленов онкологиялық орталықтың мүмкіндіктері туралы да айтып өтті. Аталған орталық 261 төсек-орынмен, одан бөлек, күндіз барып химиялық терапия және басқа да ем алушылар үшін 30 төсек-орынмен жабдықталған. Онда бүгінде науқастарды бастан-аяқ тексеруге, емдеуге мүмкіндік беретін ядролық медицина, ПЭТ құрылғысы, радиофармпрепараттар қолдана отырып және сәулелік әдіспен емдейтін аппараттар бар. Операциялық бөлімде тіліксіз ота жасайтын 3 қондырғы орнатылған. Соңғы екі-үш жылда солардың көмегімен 100-ден астам тіліксіз ота жасалыпты. Яғни ерте анықталған ісіктерге тіліксіз ота жасалады. Арнайы түтікше арқылы тесік жасап, соның ішіне камера, аспаптарын ендіреді де, арнайы экранға қарап отырып ісікті кесіп алып тастайды. Яғни онкологиялық орталықта соңғы үлгідегі технологиялар қолданылып, соңғы үлгідегі оталар жасалып жүр. Шетелдерден мықты мамандар арнайы шақыртылып, шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады.
Тағы бір айта кетерлігі, аталған орталықта ақ қанмен ауыратындар үшін 20 төсек-орындық онкологиялық-гематологиялық бөлім ашылған. Онкология ғылыми-зерттеу институтынан маман алдырып, ол бөлімше толыққанды жұмыс атқарып жатыр.
…Қатерлі дертке шалдықпас үшін уақтылы тексеруден өтіп, дәрігер кеңестерін есте ұстай жүрген жөн болмақ.
Д. ОРАЗ.