Оны өтеудің өз талаптары бар
Оның тәш-пүші де аз емес. Десе де дәл қазіргідей жағдайда баласын ақылы негізде оқыту қарапайым қазақстандық үшін өте ауыр. Сапалы білім беретін университеттерде оқу ақысы тым жоғары. Оған жатақхана ақысын, күнделікті ішіп-жемін қоссаңыз бір баланы оқытуға жылына неше миллион кететінін бағамдай беріңіз. Сондықтан да баласының мемлекеттік грантқа іліккеніне ата-ананың қатты қуанатыны рас. Ата-аналардың көбіне, баласы қаламаса да лажы болғанынша грантқа ілігетін мамандықты таңдауына түрткі болатыны да осыдан. «Грант алдым» деп түлектің де мәз-мәйрам болатын жөні бар. Бірақ бұл университетті бітіргенше осы грантпен білім аласың деген сөз емес. 1-2 курстан соң білімін дәлелдей алмай, унивреситет тәліміне ілесе алмай, қолында тұрған мүмкіндігінен айрылып қалатын студенттер де жоқ емес. Жә, бұл жүдә жиі кездесетін жағдай емес. Айтайын дегеніміз басқа мәселе…
«Кеткен қыздың оқу ақысын кім төлейді?»
Грантпен оқуын тәмамдап, дипломы қолға тиген жас маман міндетті түрде мемлекеттік гарнтын өтеуі керек. Қалай дейсіз бе? Сол мамандыққа қатысы бар салада жұмыс істеп. Бұл талап магистратура мен докторантураны гарнтпен бітіргендерге бірдей қатысты. Яғни, «дипломым қолымда, енді әрі қарай осы мамандықпен жұмыс істесем де, істемесем де өзім білемін» дей алмайсыз. Білім саласының білгірлерінің «о баста мамандықты дұрыс таңдау керек» дейтіні де осыдан. «Грант үшін түсе салып едім…» деп, диплом алғанда ол мамандыққа қатысы бар салада жұмыс істемей қою деген жүрмейді. Сонымен бірге, қайда жіберсе сонда барып жұмыс істеуі – шарт. «Ол жақ ұнамайды, мына өңірге барып жұмыс істеймін» деуге болмайды. Мысалы, жалпыға бірдей мемлекеттік гарнтқа іліге алмай, Шымкент қаласы әкімдігі ұсынған грантқа іліктіңіз делік. ЖОО-ны бітірген соң сіз гарнтты ақтау үшін тек Шымкент қаласында өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істеуге тиістісіз.
Редакциямызға хабарласқан бір оқырманның мәселесін мысал ретінде баяндап берейік. Қызы Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірін грантпен оқып, бітірген. Бітіре сала Қызылорда облысына тұрмысқа шығады. Арада біршама уақыт өткенде «гранттың ақысын қайтарыңыздар» деген хабарлама келеді. «Оны ұзатудың өзі бізге оңай болған жоқ. Жасауын түгендеу үшін банктен кредит алдық» дейді қамыққан ата-анасы. «Ал оқудың ақысын төлеу туралы қызы «Маған тіптен де айтпаңдар. Мына жақта онсыз да ата-енем мен күйеуім оны төлей алмайтын жағдайда» депті. Пүшайман болған ата-ана мәселені қызы оқыған универге де барып айтып көрген. Бәрі де «заң солай, өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе мемлекетке 4 жыл оқыған оқу ақысын төлейсіздер» деп шығарып салады.
Дәл осындай тағы бір жағдай: Студент кезінде тұрмысқа шыққан қыз дипломын алғанымен бірінен соң бірін босанып үйінде отырған. «Декреттен» шыққан соң да күйеуі «ол мамандық бойынша жұмыс істемейсің» деген. Мемлекет грантпен оқыған жылдары үшінгі ақыны талап етуде.
Жалпы, елеміз бойынша 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік білім беру грантымен білім алғандардың арасында 45 532 адам мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамаған. Оларға сот арқылы өтемақы төлету шарасы қолданылған. Олай болса, талапкерлер мен ата-ана үшін, грантпен оқуға жаңа түскен студент үшін мемлекеттік гранттың талаптарын мұқият білген, түсінген жөн болады.
Гранттың талабы қандай?
Мемлекет белгілі бір салаға маман қажеттігін сараптай келе оқу ақысын мойнына ала отырып, талапкерлерге грант ұсынады. Сол саланың маманы болып шыққан жас маман білімін, өз біліктілігін сол мамандық бойынша жұмыс істеп дәлелдеуі қажет. Мемлекет бөлген ақшаны белгілі бір мерзім ішінде ақтауға тиісті.
«Қаржы орталығы» АҚ-ның мәліметінше, оқу грантын жұмыспен өтеуге міндетті азаматтар 6 санатқа бөлінеді. Әрқайсысын тарқатып баяндайық.
1.Ауылдық квота. Ауылдық квота аясында педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары меншік нысанына қарамастан, ауылдық жердегі тиісті ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек.
2. «Серпін» жобасы. Квота иеленгендер, педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған жастар, Үкімет қаулысында көрсетілген (қоныс аударуға болатын) өңірлерде кемі 2 жыл жұмыс істейді.
3. Педагогикалық және медициналық мамандықтар (бакалавриат, магистратура, резидентура). Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша грантпен оқығандар кемінде 3 жыл тиісті салада (білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында) жұмыс істеуі тиіс.
4. Басқа мамандықтар (бакалавриат, магистратура). Басқа мамандықтарда грант негізінде білім алғандар кемінде 3 жыл меншік нысанына қарамастан жұмыс істеп грантын өтейді.
5. Бейіндік докторантура. Бейіні бойынша доктор бағдарламасында білім алғандар кемінде 3 жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда (жоғары колледждерде немесе училищелерде) жұмыс істеуге міндетті.
6. Ғылыми-педагогикалық докторантура. Философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған азаматтар грантты кемінде 3 жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын (жоғары колледждерде немесе училищелерде) және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді.
Яғни, ауылдық квотамен, «Серпін» бағдарламасымен педагогикалық және медициналық мамандықтарда, бейіндік докторантура мен ғылыми-педагогикалық докторантурада білім алған жас мамандар тікелей сол салаға қатысы бар мекеме, ұйымдарда жұмыс істеуі керек. Байқасаңыз, «дипломда жазылған мамандықпен жұмыс істеу керек» деген талап жоқ. Сол мамандыққа қатысы бар ұйым, мекемеде еңбек етсеңіз де болады. Мысалы белгілі бір пән мұғалімі мамандығын меңгердіңіз. Бірақ, мектепте сіздің мамандығыңыз бойынша бос орын жоқ. Әйтеуір сол білім саласына қатысты мекемеде зертханашы, іс жүргізуші, мұғалімнің көмекшісі болсаңыз да жұмыс істеуіңіз керек.
Айтпақшы, педагогикалық, медициналық, ветеринария, ауыл шаруашылығы мамандықтарынан өзгелері үшін жеңілдік бар. Олар мемлекеттік оқу грантын меншік нысанына қарамастан, өзге мамандықтарды меңгеру арқылы да жұмыс істеп, өтей алады.
Грант ақысын төлемей қоюға бола ма?
Болмайды. Жоғарыда келтірілген екі мысалда да тұрмысқа шыққан қыздардың ата-анасы оқу ақысын төлеп бастаған. Себебі заң солай талап етеді. Өзін оқытуға кеткен мемлекет қаржысын жас маман қайтаруға тиісті. Оқу ақсысы сол білім алған жылдардағы бағаммен есептеледі. Ал стипендияны қайтармайды.
Оқуды гарнтпен бітіріп, сол салада жұмыс істемей жүргендерге «Қазпошта», Egov Электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы, «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарламалар жіберіледі. Сондықтан бұл жерде «білмей қалдым. Маған ешкім төле деп айтқан жоқ» деген әңгіме негізсіз. Грантпен бітірген жас мамандарға диплом аларда мұның барлығы да түсіндіріледі. Әлгі хабарламаларға құлақ аспаған жағдайда «Қаржы орталығы» АҚ-ы мәселені сотқа жүгіну арқылы реттейді.
ТҮЙІН:
Мамандық таңдаудың машақаты көп-ақ. Заман ағысына қарай қоғамға қажетті мамандықтар түрі тез өзгеріп, тез жаңарып жатқаны да жасырын емес. Мысалы, әйгілі Microsoft компаниясының негізін қалаушы, америкалық кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Билл Гейтс өміршең мамандықтарға қатысты өз болжамын жасаған-ды. Оның пайымдауынша, ешқашан сұраныстан түспейтін үш мамандық бар. Ол –бағдарламашы (IT), биолог, энергетик. Міне, осы үш мамандық иесі болашақта да жұмыссыз қалмайды. Бұл болжам қандай негізге сүйеніп жасалды? Билл Гейтс-тің айтуынша, өмірімізге дендеп еніп келе жатқан жасанды интелект бізді көптеген физикалық жұмыстардан қол үздіреді. Күнделікті тұрмыста байқасаңыз, айналамыздың бәрі де техникамен қамтамасыз етілді. Жасанды интелект біз қаласақ та қаламасақ та өмірімізге еніп алды. Мектеп мұғалімдерінің өзі де бүгінде жасанды интелектің мүмкіндіктерін пайдаланыпн, сабақ өтуге мәжбүр. Талап солай.
Соңғы жылдары мемлекеттік оқу гранттарының көп бөлігі IT, инженер-механикалық, энергетика саласы мамандықтарына бөлінуі де осыдан. Қарыштап дамып бара жатқан бүгінгі қоғамға ғана емес, болашаққа да осы сала мамандары қажет болады. Тек сапалы білім беріліп, нағыз білікті маман даярлай алсақ болғаны.
.
