Әлеумет

АСПАНДА 15 МЫҢДАЙ «СПУТНИК» ЖҮР

Сіз түнгі аспанда жылжып бара жатқан «жұлдызды» көресіз бе? Ол – «спутник», яғни жасанды жер серігі. Жай көзге көрінетіні бар, көрінбейтіні бар – олар бүгінде ғарыштық экономиканың негізін құрап отыр. Соның арқасында кең жолақты интернет, жалпы, орбиталық инфрақұрылым жұртқа сапалы қызметтер көрсетуде.

Кімдікі көп?

Бүгінгі ғарыштық байланысты игеру шаруасында «NASA», «OneWeb», «SpaceX», «Starlink» қауымдастықтары жетекші рольде. Соның ішінде «спутнигі» ең көбі — «SpaceX», оның орбитада 10 мың 262 құрылғысы жұмыс атқаруда. Одан кейінгі орындағы «OneWeb» қауымдастығының аппараттар саны – 632 дана. Яғни мемлекеттік ұйымдардан жекеменшік қауымдастықтар әлдеқайда алда тұр. Мысалы, «NASA» ғарыш агенттігінің ұлттық әскери ведомстволардікімен қоса алғандағы «спутниктер» саны 894-ті құрайды.

Қысқасы, бүгінде орбитадағы байланыс құрылғыларының басым бөлігі мемлекетке емес, жекеменшік компанияларға тиесілі. Байланыс үшін аса қажетті инфрақұрылымға негізінен солар иелік етіп отыр.

Жердің алғашқы жасанды серігін 1957 жылы Кеңес Одағының ұшырғаны мәлім. Бүгінде олардың саны 15 мыңды шамалап отыр. Мемлекеттік, әскери және коммерциялық мақсатта жұмыс істейтін шағын, орташа және ірі көлемдегі түрлері бар. Олар Жер орбитасында айналып жүр. Жалпы саны 105 елде тіркелген.

«Спутниктер» негізінен Жердің геостационарлық, орташа және жақын орбиталарына шығарылады. Мұндай аппараттарының саны жөнінен АҚШ бірінші орын алады, оларда бірнеше мыңы бар. Екінші орындағы Ресейдікі 1,5 мыңнан асады, алдағы он жылда 2,5 мыңға жеткізбек. Олардан, әрине, Қытай да қалыспауға тырысады. Бүгінде бұл елдің Жер орбитасындағы байланыс құрылғыларының саны 1000-ға таяп қалды. Ұлыбританияның – 763, Жапонияның – 203, Үндістанның – 136, Францияның 100 «спутнигі» жұмыс істеп тұр. Алғашқы «ондық» бойынша бұдан кейінгі орындарды 82, 66 және 64 аппаратымен Германия, Италия, Канада алады.

Қоқыс көлемі 6600 тоннаға жетті

Бүгінде ғалымдар 1000 шақырымға дейінгі биіктегі жақын Жер орбитасының қоқысқа толуға таяғанын айтып, дабыл қағуда. Көлемі 1 миллиметрден 1 сантиметрге дейін жететін түрлі фрагменттерінің саны 130 миллион данадан асып кеткен, 10 сантиметрге дейінгі көлемдегілері бірнеше ондаған мыңдап саналады. Жалпы салмағы 6600 тоннаны құрайды. Биылғы жыл басында орбитада 45 мыңға жуық нысан болса, соның 14 мың 200-і ғана жұмыс істеп тұрған. Яғни осынша құрылғы, олардың жекелеген бөлшектері мен сынықтары Жер орбитасында ешқандай басқарусыз, «өз қалауынша» жүзіп жүр. Олар ұшу аппараттарына, байланыс құрылғыларына елеулі қауіп төндіреді. Өйткені олар орбитада секундына 8 шақырымды алатын жылдамдықпен жүйткіп жүреді. Шөкімдей ғана қоқыстың соққысы аппараттың антеннасын сындырып, радиаторын тесіп кете алады. Бұдан кейін ол аппарат та іске жарамсыз болып, қоқысқа айналады. Сондықтан орбитада осындай қоқыстарды «жинайтын» аумақ қалыптастыру да маңызды. Бүгінде ғалымдар осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Ал «спутниктер» саны тоқтаусыз артып келеді.

Айбол Асқарұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *