Біле жүріңіз

ГҮЛ ОРНЫНА ҚҰЙМА АЛТЫН СЫЙЛАСАҚ…

Көктем – мерекелер маусымы. 8 наурыз, 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» сүйіктісінің көңілін шат еткісі келген жастар құшақ-құшақ гүл алып, қымбаттысын қуантуға асығады. Базбіреулердің жүз бір, тіпті мың бір талға дейін гүл шоқтарын сыйлайтынын әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Әрине, гүл сыйлау арқылы сүйіктісіне сезімін білдіріп, қымбаттысының көңілін аулаған жақсы. Дегенмен, даңғаза тірлік, артық ысырапқа жол беру де жөнсіз әрекет болса керек.

Бір шоқ гүл ұсынуға болады, ал жүздеп, мыңдап гүл сыйлау – артық шығын. Жайқалған гүлдің ғұмыры – ұзақ болғанда бір апта, он күнге жетер, одан кейінгі орны – қоқыс жәшігі. Оның орнына екі жаққа да пайдалы бір ұсынысты айтқым келіп отыр. Ол туралы жақында әлеуметтік желіден де көріп қалдым. Сонымен…

Негізі саяхаттау, шетелдерге шығу демалыспен қатар жаңа идеялардың туындауына себеп болады. Түркияға барғанда мынадай бір жақсы дәстүрді байқадым. Ол жақта 1 грамдық, 2,3 грамдық тиынға ұқсатып арнайы құйылған алтындар сатылады екен. Міне, жігіттер мереке күндері қымбатты адамына бір шоқ гүлмен қосып осы алтынды сыйлайды екен. Алтын – тез солып қалатын гүл емес, оның үстіне жыл өткен сайын құнын жоғарылатпаса, жоғалтпайды. Әр мерекеде, туған күнінде осындай алтын құймалар сыйлап тұрсаңыз, байқалмай жиналып қалады. Яғни болашаққа керемет инвестиция. Кез келген уақытта ақшаға айналдыра алады. Ол айрықша күтімді қажет етпейді, солып қалмайды, құнын жоғалтпайды, тек жоғалтпай сақтасаңыз болғаны.

Осындай жақсы ұсынысты алтын сататын кәсіпкерлер қолдап, әлгіндей түрлі жеңіл салмақтағы алтын құймаларды құйдырып сататын болса, өздерінің де кәсібі дөңгелеп, өзгелерге де пайдалы сыйлық болар еді.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *