Кешегі 15 сәуірде елімізде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» аталып өтті. Әрине, бұл – жастарға тән мереке, дегенмен ересектер де бір кездері сүйгені, сүйікті болғаны анық, сондықтан мереке бәрімізге ортақ десек, артық айтқандық емес. Әрине, махаббат мәңгілік тақырып дегенімізбен, заманына қарай оның да мәні мен сәні өзгеріп отырады. Бұрынғы ғашықтар (аға буын) үшін жүректегі сезімін ғашығына жеткізу оңашадағы ең қиын шаруа болса, бүгінгі ғашықтар көпшіліктің көзінше сезімін тізерлеп тұрып жеткізіп, саусағына сақина салу сәнге айналды. Мұны аға буын өкілдері сынағанымен, жастарға ұнайтын қылық сықылды. Қалай болғанда да әр заман жастарының өз қалауы болады. Ең бастысы сезім шынайы, махаббат мөлдір, жұп жарасымды болғай!
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні қарсаңында түрлі жастағы азаматтар арасында «Сіз «Ғашықтар күнін» білесіз бе, атап өтесіз бе?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген едік.
«Бір көргеннен ғашық болғанмын»

Бөріхан ТӘМЕН, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер, Шымкенттегі «Асар» шағынауданының тұрғыны:
— Қызық сұрақ екен, жастық шақты бір еске түсірді. Ғашықтық деген керемет сезім ғой. Біздің кезімізде арнайы осындай мереке болған жоқ. Ғашық болу, махаббат дегенді жақын досымызға айтуға да ұялатынбыз. Қызға сезім білдіру деген өте бір қиын шаруа еді, өйткені тәрбие басқа болды. Біздің замандастар тым әдепті, ибалы боп өстік, қыздың қолынан ұстау, жігітке тік қараудың өзі ұят сияқты болып тұратын. Мен де үйдегі апаларыңа сезімімді әзер жеткізгенмін. Жасым 27-ге келгенде үйлендім. Бірге қызмет істейтін жақын досым таныстырған апаларыңмен. Танысудың өзіне ішім қалап тұрса да жетіп баруға бата алмай, керітартпақтап жүріп әзер барғанмын. Ал апаларыңды алғаш көргенде бірден ғашық болдым ғой, ойымнан күндіз-түні бір шықпай қойды. Арада үш ай өткенде сезімімді өйтіп-бүйтіп жүріп жеткіздім. Кейін өзі айтады, оған да «ішпейтін-шекпейтін, мінезі жайлы жігіттен айырылып қалмауын» ескерткендер болыпты, сондықтан қарсы болған жоқ еді. Қазір сол кезде сынап көрейін деген оймен «жоқ» десе не істер едім деп ойлап қоямын. Құдайға шүкір, сөйтіп танысып-табысып кеткенбіз. Бүгінде ұлды – ұяға, қызды қияға қондырғанбыз, немере-шөберелер бар. Осының бәрі ғашық болудың, махаббаттың арқасы ғой. Соған Құдайға мың мәртебе шүкір деймін.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» — жақсы мереке, оны қастерлеп, насихаттай беру керек. Жастар жағы, тіпті жасамыстар да сезімнің, ғашықтықтың, махаббаттың құнын біліп жүрсін. Сонда отбасылар берік болады, ерлі-зайыптылар ажыраспайтын болады.
Ұлттық әдет-ғұрпымызға сай болғаны дұрыс

Батухан БАЙМЕН, шымкенттік суретші-график, монументальді линографика шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:
— Ғашықтық, махаббат бізге дейін де болған, бізден кейін де бола береді. Адамның біреуге ғашық болып, сүйіп қалуы – табиғи, заңды құбылыс. Екі адам арасында туындаған ғашықтық сезім достыққа, шынайы махаббатқа, жұбайлық өмірге ұласып жатса жақсы. «Махаббатсыз өмір тұл» деп ақындарымыз айтқандай, ғашық болу, махаббат – бұл отау құру, ұрпақ көбейту алдындағы жауапкершілік десек те болады.
Біз де кезінде жас болдық, ел қатарлы уақытында өз таңдауымызды жасадық. Аллаға шүкір, ұлды — ұяға, қызды қияға қондырып, бүгінде немерелердің ортасындамыз. Шынайы сезім келе-келе шынайы сенімге ұласып, өмір баспалдағының кірпішін бірге қалаудамыз.
Әрине, осы әлемде өмір сүріп жатқан соң бөлектене алмаймыз. Батыстан келген Ғашықтар күнін өз ұлттық түсінігімізге, әдет-ғұрпымызға сай ыңғайлы етіп атап өткен дұрыс деп ойлаймын. Жастарға жол көрсетуіміз керек, адасып, әртүрлі теріс жолға түсіп кетпеуіне ықпал етуіміз керек. Бұл – үлкендердің борышы. Махаббатта адалдықтан айнымау маңызды.
Туған күнім – «Ғашықтар күні» қарсаңында…
Бағила БЕКЕШОВА, медбике, «Солтүстік-батыс» шағынауданының тұрғыны:
— Менің туған күнім 14 ақпанда. Бір кездері «әулие Валентин күні» деген жастар арасында сән болды ғой, соны біз де атап өтуші едік. Ол кезде жасырақпыз, қатарластарымызбен гәп ойнаймыз. Жұрт мені бір күнде екі мерекемен бірдей құттықтайтын. Кейін ол күнді мерекелеудің дұрыс болмайтынын түсініп, бұл әдетті доғардық. Бүгінде ол күндер – тек естелік қана.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінің» атап өтілгені жақсы. Жастар сүйіктілерінің қадірін білсін, сүйсін, сүйікті болсын. Мен қолдаймын.
Бақытты отбасы құруға қызмет етсе, қуанамын

Гүлмира СҰЛТАН, мұғалім, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылы:
— Ғашықтық деген – құштарлық сезім ғана, адамға біреудің сөзі, көзі немесе күлгені ұнап, ғашық боп қалуы мүмкін. Бірақ ол көп жағдайда тез тұтанып, тез сөнетін уақытша сезім. Ал, шынайы махаббатқа ұласса, ол әлдеқайда терең, тұрақты, саналы құндылыққа айналады. Махаббатта шынайылық, пайым-парасат, қамқорлық пен адалдық, адамды қате-кемшілігімен қоса қабылдау, кешіре білу, түсіну бар. «Үй болған соң кесе-шәйнегі сықырламай тұрмайды» деген бар ғой, кейде болмашыға реніш, өкпе, ашу бола қалса, соны дер кезінде ұмытып кете алғандардың жұбы жарасымды. Себебі мұндай келеңсіздіктер уақытша ғана ғой. Ал махаббаттың ғұмыры ұзақ. Тек екеуара қарым-қатынасқа немқұрайдылықты ендіріп, селқостықты сіңдіріп, сезімді суытып алмау керек. Ғашық болып, ұшқын атқан сезімі шын махаббатқа ұласып қосылған адамдар жұбайлық өмірде бақытты болады.
Жастарға осыны айтқым келеді. Ғашықтар күнін атап өтсін, бірақ оны мәнді-мағыналы етіп мерекелесін, сезімдері шынайы махаббатқа ұлассын. Елімізде бақытты отбасылар көп болсын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» соған қызмет етіп жатса, қуанамын.
Балаларымыз бізді «Қозы мен Баян» дейді
Дарын ЕСБЕРГЕН, жеке кәсіпкер, «Тұран» шағынауданының тұрғыны:
— Жасырмай-ақ қояйын, менде аса бір күйіп-жанған махаббат деген болған емес. Қатарластарымнан кеш, жасым 30-ға келгенде үйлендім. Біздің кезімізде жасы 25-тен асқан бойдақтар «кәрі» саналатын. Шынымды айтсам, үйлену керек болған соң үйлендім. Көрші ауылдың өзімнен 5 жас кіші қызын алып қаштық. «Апа-а-а…» — деп ырымын жасап жылаған болғанымен іштей қуанған екен. Ештеңесі жоқ, тату-тәтті үй болып кеттік. Бір-бірімізге соны айтып күлеміз қазір. Құдайдың берген алты перзенті, олардан немерелер бар. Бұйыртса, шөберелі болмақпыз. Құда-жекжатқа сыйлымыз. Екеулеп жұмыс істедік, үй салдық, көлік алдық, балалардың жоғары білім алып, жақсы маман болуына шама-шарқымызша еңбек сіңірдік.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» дегенді осыдан бірер жыл бұрын қыздарымнан естігенбіз. Жұбайыммен 1986 жылғы 15 сәуірде жұп құрғанбыз. Перзенттеріміз соны айтып, бізді «Қозы мен Баян ғой» деп күліп отырады. Бізде бір-бірімізге қабақ шытып, болмасқа ренжісу деген жоқ, әр сөзді әзілге бұрып, көңілді жүреміз, соған риза екен балалар. Содан бері жыл сайын 15 сәуірде зайыбыма қалаған нәрсесін әперіп, бір көңілдендіріп қоятын болғанмын. Кезінде жастықпен біраз еркеліктерім өткен ғой, соның бәрін үнсіз көтерді, сол үшін ризамын оған, қуантқым келіп тұрады. Ғашықтық деген осы шығар.
Ғашықтар күні деген жақсы мереке, меніңше. Оны жастар ғана емес, үлкендер жағы да атап өтіп тұрса, әбес болмайтын шығар.
Сезімі шынайыларға сүйсінемін
Айдана ЖҰМАНҒАЗЫ, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 2-ші курс студенті:
— Бұл мереке қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырына негізделген. Ондағы Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу – шынайы махаббаттың символы. Сондықтан 15 сәуірде Ғашықтар күнін атап өтуді ұлттық дәстүрімізге сай, жақсы мереке деп санаймын. Дегенмен бұл күн оқу орындарында ресми түрде атап өтілмейді. Кейде студенттер өздері ұйымдастырып, шағын шаралар өткізуі мүмкін. Менің де бірқатар достарым бұл күнді атап өтеді, сүйіктісіне сыйлық жасайды, кездесуге шығады, киноға, саябаққа бірге барады.
Біз әлі жаспыз ғой, дегенмен өз басым ғашық болуды, махаббатты жақсы сезім деп бағалаймын. Бір-біріне сезімі шынайыларды көрсем, сүйсінемін. Өкінішке қарай, желөкпе, тұрақсыз, тірлігін есеппен жасайтындар да жоқ емес сияқты. Қазір жастар арасында әлеуметтік желі арқылы танысу көп. Кім қалай танысып-табысса да сезімдері шынайы болсын, бақытты болсын деп тілеймін.
…Біз сөзге тартқан азаматтар осылай дейді. Бұл тақырыптың ешкімді де бейжай қалдырмайтынын аңғарғандай болдық. Ғашықтық сезімді жасына қарамастан кім болса да құрметтемей тұра алмайды ғой. Ол туралы оқиғаларды тамсана тыңдайтынымыз, жазушылардың әсірелеп-әрлеп жазатыны, ақындардың ғажайып өлең арнайтыны, махаббат туралы әндерді дауысымыз келсін-келмесін шырқай жөнелгенді жанымыз қалайтыны да содан емес пе? Біздіңше, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» ұлттық құндылықтарымыздың әдемі бір көрінісі болуға лайық. Оны атап өтудің жастардың сезімге, ғашықтыққа, махаббатқа, отбасылық өмір құндылықтарына деген құрметін, түсінігін арттыруға пайдасы тиіп жатса, керемет қой!
Бұл күнді тек жастардың бір-біріне деген сезімін жеткізумен шектемей, сезімді жығылмас ту, сыйластықты берік тұғыр еткен ата-апаларымыздың өмірлік тәжірибесінен алынған отбасыдағы береке, шаңырақтағы шаттықтың құпиясын жастармен бөліскен басқосулармен мағыналы ете түсу керек деп ойлаймыз. Шынайы сезімге деген сенім нығаяды, адам ізгілікке жақындай түседі. Тек сезім саналы, ғашықтық ғибратты, махаббат мәңгілік, бақыт баянды болсын дейміз. Әрбір адам баласы үшін берік отбасы қалыптастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу — ең құнды дүние болса керек. Ал отбасының беріктігі – мемлекетіміздің мығым болуының кепілі.
Д. ОРАЗ.
