Uncategorized

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Шымкентке жасаған сапары барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қаланың белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер талқыланды. Сенат Спикері өз сөзінде жас қазақстандықтарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларға және нақты бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобаларға да тоқталды.

– Президентіміздің бастамасымен Қазақстанда жастардың білім саласындағы әлеуетін іске асыруға және қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Жас буынды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Өздеріңізге белгілі, биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымын жариялады. Бұл қағидаттар, ең алдымен жастардың бойынан табылуы керек, – деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар сонымен қатар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болып, ондағы ардагерлермен кездесті. Ал Палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түсуіне байланысты, олар мұнда да болып, жұмысшылармен кездесті.

Шымкент қаласында болған сапарында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев алдымен қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кездесті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолындағы міндеттер, қаланың дамуында Сенаттың ықпалы және Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді.

Кездесу барысында мегаполистің дамуы, өзекті мәселелері, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды. «Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *